USD448.15EUR483.46RUB4.86

ОҚЫРМАНМЕН ҚОЛ ҰСТАСҚАН 20 ЖЫЛ

20 қаңтар 2021, 13:51
Қарт Семейде қолтаңбасын қалдырған ұлтымыздың ұлы тұлғалары – Абай, Шәкәрім және Мұхтар жайында, олардың шығармашылығы, тағылымды ғұмыры туралы тұрақты жариялап келе жатқан «Ертіс өңірі» газетінің жарық көре бастағанына биыл 20 жыл толып отыр.
ОҚЫРМАНМЕН ҚОЛ ҰСТАСҚАН 20 ЖЫЛ

   «Твк-6» телеарнасының  басшысы, Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы Омарбек Байуақовтың ұлтжандылық ізденісімен 2001 жылдың 9 қарашасында алғаш рет оқырман қауымға жол тартқан басылымның қазір ақпараттық кеңістікте өзіндік орны бар. Кеңесқазы Бәшеев, Нәкен Серікбаев, Мақсат Әубәкіров, Тілеген Ахметұлы сияқты ардагер журналистер негізін қалаған «Ертіс өңірі» газетіне әр жылдары Сайлау Төлеуов, Қайрат Сабырбай, Күлия Раисова, Үміт Шәріпова сияқты сөз қадірін терең түсінетін белгілі ақын, қаламгерлер басшылық етті. Сонымен қатар Берікхан Тайжігіт, Мұрат Тастағанов, Арай Ожарова, Маржан Абсалықова, Айдана Мағжан, Айжан Тоқтасынқызы, Ақмарал Омашева сынды әр буын өкілдері  өз қолтаңбасын қалдырды.

 Ал, бүгін 20 жылдық тарихы бар басылымның №3 (1000) саны оқырман қолына тиді. Осы орайда жазылған ақжарма өлең назарларыңызда!

 

МЫҢЫНШЫ НӨМІР ТӨРІҢДЕ!

Бағындырып жиырма жастың белесін,

Оқырманмен қол ұстасып келесің.

Семей десе, елеңдеген ел-жұртқа,

«ЕРТІС ӨҢІРІ» деп айтатын өр есім!

 

Сан тағдырды, халық жайын талқылап,

Қазақ десе буырқансын сан бұлақ.

Қайда десең руханият қайнары,

Жай ғана бір аққан емес жарқырап.

 

Сөз қадірін танығанға – тағылым,

«Қазақ» деген санасында бар ұғым.

Бірлігін тек туған елдің дәріптеп,

Болашақтың күшейтетін жарығын.

 

Өткені бар, кешесі мен бүгіні,

Айтатыны – ел ойының тұнығы.

Танығанға қашаннан да тілері:

Биік болсын ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫ!

 

Мұң жайлаған жұртың жатыр осында,

(Мыңды айдаған байларыңа қосылма!)

Ең бастысы ел еңсесі тік болсын,

«Ертіс өңірі» - жанашырың, досың да!

 

Ақтарғандар іздеп «Ертіс өңірін»,

Көрері анық шынайы Семей өмірін.

Тапсам дейтін әр қазақтың көңілін!

Келді, міне, кезекті 1000 нөмірің!

Құрметпен: Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar