Өскемендегі №42 мектепте орналасқан 9-шы сайлау учаскесінде дауыс берген облыс әкімі Даниал Ахметов «Сайлауға келушілер қарасы көп екен. Бұл өте қуантарлық жайт»,-деп атап өткенімен, сайлау күнгі жұртшылықтың бір кісідей жұмылып барғаны шамалы болатын. Облыс орталығының халқы аялдама алдында қалшылдап автобус күтіп тұрғанда, семейліктер жылуы жоқ ғимараттардағы сайлау учаскелеріне дірдектей кіріп, дауыс беруге мәжбүр болды.
- Жалпы, мұны алдында ұрандатып айтқандай, бұрынғыдан өзгерек сайлау деуге мүлде келмейді. Бәрі жаттанды қалып, қатып қалған қағида сол. Демократиялық бақылаудан гөрі тоталитарлық тәртіп көзге ұрып тұр. Сайлауға бәрі өз еркімен келіп жатыр дей алмаймын. Бәрі бюджеттік салада істейтіндіктен, орнынан айырылып қалмау үшін, енді бірі бастығының қабағын бағып амалсыз барады. Бюллетень нөмірін, қай партияға дауыс беретініне дейін құлағына құйып, талап қойып тапсырғасын орындамасқа амалы бар ма? «Жоқ, менің өз қалауымдағы «Ауыл» атты партиям бар» деп айта алады деп ойлайсыз ба?.. Ал, мен жұбайымды ертіп өз қалауыммен келдім, қазір зейнеткермін,-дейді №4 мектепте орналасқан №257 сайлау округінде дауыс берген Еңбек Жарасқұлов.
Айтпақшы, дәл осы сайлау учаскесіне кіріп іштегі жағдайды түсіру мүмкін болмады. Босағада антисептик сеуіп тұрған екі қызға тілшілік куәлігімді көрсетіп, залға өтіп фотоға түсіріп, бюллетень салған адамды әңгімеге тартқаным сол, әлдебір азаматша ғимарат ішін түсіруге болмайтынын айтып, ит кіріп кеткендей кеудемнен итермелеп кері шығарып жіберді. Аты-жөнін, іс-әрекеті қандай заңдық негізге сүйенетінін тәптіштей сұрасам да жауап қатқан жоқ. Бар айтқаны редакциялық тапсырма екендігін айқындайтын анықтамалық қағазым болуы керек екен. Журналистік құжат болған жерде оның редакциялық тапсырма екені онсыз да түсінікті екенін қанша қадалып айтқаныммен, жауап қатпастан есігін тарс жапты.
Ал, қалалық Мәдениет сарайындағы №256 сайлау учаскесінде дәл мұндай талап болған жоқ. Комиссия төрайымы Гүлжан Жақсыбайқызы БАҚ өкілдеріне қашан да ашық екендігін байқатып, жұмысымды еркін атқаруға кедергі келтірген жоқ. Қойылған сұрақтарға да нақты бар жағдайды баяндап, тиянақты жауап берді.
- Жалпы, бізде 1167 сайлаушы тіркелген. 41 тұрғынға үй жағдайында дауыс беруге мүмкіндік жасадық. Сағат 12-ден бастап, орынбасарым сол үйлерді аралап жүр. Тұңғыш рет дауыс беретін 14 жас тіркелген болатын, оның 8-і келіп, дауысын беріп қайтты. Сайлаушылардың белсенділігі бұрынғы деңгеймен салыстырғанда орташадан төмен деуге болады. Оның бір мысалын күн түстен ауып, сағат 5-ке таяп қалса да әлі 50 пайызға жете алмай отырмыз. Маңайымызда көпқабатты үйлерде тұратындар көп. Мереке, демалыс күндеріне қарамастан, сайлауға шақыру қағазын таратқанымызда көптеген тұрғындар пәтерінің есігін ашпай қойған кездер де аз болған жоқ. Үйінде болса да аты-жөндерін айтпағандары бар. Бір қызығы, сөздің шыны керек, жастардан гөрі зейнеткерлердің белсенділігі жоғары болып отыр. Мен қартаң адамдар келмей қала ма десем, керісінше, ауырғанына қарамай, үйлеріне сайлау жәшігін алдыртып дауыстарын беріп жатыр. Сондықтан, ең алдымен сол кісілерге алғысымды айтқым келеді,-дейді Г. Қуанышева.
Комиссия төрайымының айтуынша, келушілердің орта жас буыны арасынан участокта пандемия талабына сәйкес, дизенфекциялау шаралары жүріп жатқанда, күте тұруға да енжар қарап, кетіп қалғандары да көзге шалынған.
Жалпы, бір байқалғаны, ғимарат іші де, дауыс беру бөлмесінің де жылуы солғын. Ауызекі тілде «Пушка» аталатын жылу құрылғысын қойып отырғанына қарап, бақылаушылардың, партия өкілдерінің, комиссия мүшелерінің таң бозынан кеш батқанша жетісіп отырмағаны көрініп тұр. Мұндай ахуал қаланың көптеген учаскелерінде орын алғандығы және оның дені әлеуметтік желіде де аз айтылған жоқ. Ел өміріндегі елеулі шараның ұйымдастыруға жауапты қалалық әкімдік өкілдерінің салғырт қарағанының бір көрінісі еді бұл. Кеш болмай жатып қоғамдық көлік қозғалысының тоқтап қалғаны, дауыс беруге барғандардың таксимен қайтқаны тағы бар.
Сайлау қарсаңында республикалық жастар қоғамдық бірлестігі негізінде «Таза сайлау» жобасы да қолға алынған болатын. Осы орайда, жоба жетекшісі, жаңашыл бастаманың жаршысы Ерлан Жақыптың да пікірін білген болатынбыз.
-Семей қаласында 149 сайлау учаскесі тіркелген. Оның 19-ы жабық сайлау учаскесі. 130 жергілікті азаматты тәрбиелеп екі айдың көлемінде оқытып, бүкіл қаланың учаскесіне отырғыздық. Біздегі бақылаушылардың барлығы ПТР сынағынан өтіп шыққан. Біздің жоба бойынша орын жетіспеушілігі басты проблемамыз осы болды. Осы Семейдегі «Таза сайлау» бойынша 130 адамға жауап беретін болғандықтан, тым құрығанда кез келген учаскеде бес орын болуы тиіс еді. Заң бойынша ешқандай шектеулер жоқ. Карантиндік талап бойынша арақашықтықты сақтадық. Семейде 22 ауылдық округ бар. Кей жерлерде ғимараттар. Приречный, Озерка ауылдарында қаншама қиын жағдайлар болды. Ұйымдастырушылар үш орынға ғана белгілеген. «Таза сайлау» жобасының 90 пайызы кедергісіз кірді. Жалпы, Семей бойынша, біздің жоба қатысушыларының 60 пайызы өте суық дейді. Ауа райының қолайсыздығы бар шығар, есіктер де ашылып та, жабылып жатады. Басты проблема қайсы деген кезде де басшылыққа соны айттық,-дейді «Таза сайлау» жобасының жетекшісі Ерлан Жақып.
Сонымен, «соңғы қоңырауын» соғып, сайлау науқаны да аяқталды. Бірақ, бұл жолғы саяси доданың қызуы мен қызығы әлі басылмай тұр.
Сәтжан Қасымжанұлы