
«Абайтану мәселелері» сериялық ғылыми жинағының бірінші кітабы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты концептуалды мақаласымен ашылды. Таныстырылымы өтіп жатқан осы бес кітаптың маңыздылығына тоқтала келіп, Абай музейінің директоры Тұрдықұл Шаңбай былай деді: «Өздеріңіз білесіздер жоғарыда аталған мақаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру керек», - деп атап айтқан болатын. Бұл біздің музей ұжымы үшін ерекше қолдау, әрі үлкен жауапкершілік. Міне, біз хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойын осындай жетістікпен қорытындылап отырмыз. Болашақта ғылыми концепция аясында зерттеу жұмысы жалғасын таба бермек».
Көптомдық «Абайтану мәселелері» алғашқы бес кітабының тұсаукесер рәсіміне филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетов, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Мұхтарбек Қарпықұлы Кәрімов, филология ғылымдарының кандидаты Айбар Қабыкенұлы Қадыров арнайы қонақ ретінде шақырылып, қатысты.
«Абайтану мәселелері» сериялық ғылыми жинағының бес томдығын құрастырып баспаға дайындағандар Тұрдықұл Шаңбай мен Мейрамгүл Қайрамбаева. Бұл бес кітап «Жәрдем» баспа компаниясынан жарық көрді.
Баспаның бас директоры А.Ғали-Арыстанұлы. «Абайтану мәселелері» сериялық ғылыми жинағының жарық көрген әр кітабы 448 беттен тұрады.