USD444.22EUR476.38RUB4.82

Семейде автобустар тоқтап қалды

19 желтоқсан 2020, 12:55
Жыл басталғалы Семей қаласында қоғамдық көліктердің қатынауына қатысты халық арасындағы наразылық бір толастаған емес. Қаладағы жаңартылған бағыттар бойынша қатынайтын жасыл автобустардың қызметін қуана құптаған көпшіліктен гөрі қынжылысы басым жұрт қарасы мол. Бұған дейін автобустардың ел орынға отырмай жатып, қарасын сиретіп тоқтап қалатындығына ызалы жұрт енді аз да болса, автобус көрсе мәз болатын күйге жетті. Ал, әлемді жаулаған коронавирус індетінен сақтану талаптарына сәйкес, демалыс күндері қала көшелерінде автобустардың қатынауы мүлдем көзден бұлбұл ұшқанда қала билігінің халық алдында қауқарсыз екендігі анық байқалды.
Семейде автобустар тоқтап қалды

Бұл жолы мерекелік күндерге байланысты 16-17 желтоқсан күндері әдеттегідей автобус қатынамай қалуы мүмкін екендігі туралы естілген қауесет кеше күтпеген жерден расқа айналды. Не демалыс емес, не мереке күні емес, 15 желтоқсан күні түске дейін семейліктер жетер жеріне жағдайы бары таксимен, жоғы жаяу-жалпылап шұбыруына тура келді.

- Естіп жатырмын автобус жүргізушілерінің жалақысы кешігіп жатыр. Ал, оған біздің кінәміз, қатысымыз қанша? Сағаттап тұрмыз аялдамада. № 9 бағытты күтіп. Осы бағытты елестетіп көріңіз сооонау сол жағалаудағы «Мұрат» кентінен бастап, оң жағалаудың шетіндегі тубдиспансерге дейін санаулы автобус жүреді. № 39 бағыт жақсы жүретін. «Жасыл автобусқа» кіріп кеткелі ол жоқ бүгін,-деп күйінеді Әсет Кәрібжанов. .

«Бақсақ бақа екен» демекші, бұл жолы да әдеттегідей «Semey BUS» автопаркінің жүргізушілері ереуілге шығып, қала билігінің алдына келуін талап еткен екен. Басты сұрайтындары – жалақының кешігуі, зейнетақы қорына ақша аударылмайтыны, соның себептеріне атқарушы билік  тарапынан түсінік беру. Ол аз десеңіз еңбек заңдылықтарының өрескел бұзылуы.

Қалада қалыптасқан төтенше жағдайға байланысты шұғыл жеткен Ермак Сәлімов қашан да «мың салсаң да бір баспас» қалпымен былайша жауап берді.      

- Бүгінгі жағдай, ең алдымен, жалақыға байланысты туындап отыр. Бұл мәселе кеше ғана туындаған жоқ, бұл мәселе біртіндеп жинақталып келген. Анық түсіндіріп кетейін, тасымалдаушының атқарып отырған жұмысы өзін – өзі ақтамайды, оған бірнеше себеп бар. Соның бірі, қазір жүріп жатқан пандемия, қоғамдық көлікті қолданатын адам саны азайып қалған. Семей қаласы барлық таксопарктер орындауы тиіс жұмысты алғашқылардың бірі болып жасады. Біріншіден, біз автобус паркін 90% - ға толық жаңарттық. Сонымен қатар, электронды билеттеу енгізілді. Бұл жерде ақшаның кірісін тасымалдаушылардың өздері емес, мемлекеттік орган жанынан құрылған арнайы комиссия тексереді. Әр күннің соңында сома тексеріліп отырады. Соманың қаншасы ақшалай, қаншасы электронды түрде түскені көрсетіліп тұрады. Келесі күні бұл сома игеріледі, ол сома тек жалақы төлеуге және жанар-жағармайға ғана жеткілікті. Өкінішке орай, солай болып тұр. Бұл мәселенің шешімі неде? Шешімді біз бүгін шығынды болып отырған тасымалдарды субсидиялаудан көріп отырмыз. Біз жүргізген жұмыстың нәтижесінде облыстық мәслихат сессиясы шешім қабылдап, барлық тасымалдарымызды тізімге енгізді, бұл бірінші қадам. Екінші қадам-субсидиялау, бұл қазір шешіліп жатыр. Бүгінгі таңда қазан айындағы қарыздар, қараша айындағы жалақының бір бөлігі реттелді. Бүгін бұл мәселе шешілді. Қазірдің өзінде бұл ақшаны төлеу жүріп жатыр. Менің ойымша, мұндай жағдайлар бұдан былай болуы мүмкін емес.

Айта кетейік, түс ауа жалақы төлеу басталды. Автобустардың бір бөлігі біртіндеп маршруттарға шыға бастады. Әрі алдағы демалыс күндері де қоғамдық көлік қатынасы тоқтамайтын болды.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar