Көлік салығын төлеуді 31 желтоқсаннан 1 сәуірге ауыстыру жөніндегі заңнамадағы өзгеріс тек 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Сондықтан, көлік құралдарының иелері тиісті салықты ағымдағы жылдың соңына дейін төлеуге міндетті.
Бүгінгі таңда Семей қаласында 11 мыңнан астам азаматтың көлік салығы бойынша берешегі бар. Жалпы сомасы 279 млн. теңгені құрап отыр.
Қазіргі уақытта көлік салығы бойынша қарыздарды өндіріп алу үшін тұрғындар арасында белсенді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ал, салықтан жалтарып жүргендер, жаяу жүргіншілер қатарын толықтыруы мүмкін.
Көлік салығынан бөлек 8 мыңға жуық семейліктің жер және мүлік салығы бойынша берешегі бар. Қарыздың жалпы сомасы шамамен 2 млн. 800 мыңды құрайды. Коронавирус пандемиясы жағдайды ескере отырып, Семей қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары қарызды өндіріп алу бойынша жұмыс жүргізуде. Бірінші кезекте, азаматтарға қарызын төлеу қажеттілігі туралы тиісті хабарлама жіберіледі. Міндетті төлемдерден жалтарған жағдайда салық бұйрықтары жеке сот орындарына жіберіледі.
Сондықтан, Семей қаласында борышкерлерді анықтау және жеке тұлғалардан міндетті төлемдер бойынша берешегін өндіріп алу мақсатында қалалық полиция қызметкерлерінің, жергілікті полиция прокуратура өкілдері, сот орындаушылары және мемлекеттік кірістер басқармасы мамандарының қатысуымен жоспарлы іс-шаралар өткізілетін болады.