Семейде мониторингтік топтар жұмыстарын жалғастыруда. Бұл жолғы рейдке «Шығыс - Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Маржан Бақыт, қала әкімінің орынбасары Қанат Әділбаев, қалалық мәслихат депутаты, кәсіпкерлік бөлімнің өкілдері мен полиция қызметкерлері қатысты.
Кешкі уақытта мейрамхана, караоке, түнгі клубтар тексерілді. Арнайы топ қаладағы моншалардың біріне ат басын бұрды. Алайда, иелері рейдке қатысушыларды нысанға кіргізбек түгілі өздері ұялы телефонға түсіріп сес көрсетті.
Жасырғаны болмаса, барлығын көрсетер еді дейді арнайы топ мүшелері. Ал нысан иесі болса мұны қонақүй кешені ретінде жұмыс істеп тұрғанын айтты.
Бастапқыда заң бұзған кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстары жүргізілген болатын. Енді нақты шара қолданылмақ. Заң барлығына ортақ. Рейдтік шаралар алдағы күндері де жалғасатын болады дейді мониторингтік топ мүшелері.