USD444.22EUR476.38RUB4.82

Онлайн танымдық кеш «Адамзаттың Абайына» арналды

19 қараша 2020, 10:35
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жатақханасы тәрбиешілерінің ұйымдастыруымен «Адамзаттың Абайы» атты онлайн танымдық кеш өтті. Кешке белгілі абайтанушы Асан Омаров арнайы қонақ ретінде қатысқан еді. Білікті ғалым, белгілі абайтанушы ұлы ақынның шығармашылығы жайлы кеңінен мағлұмат берді. 6 бөлімнен тұрған кештің негізгі мақсаты – Абай Құнанбайұлының өнегелі өмірімен таныстыру, оның даналығы мен рухани асыл- мұраларын насихаттау болатын.
Онлайн танымдық кеш «Адамзаттың Абайына» арналды

- Абайдың 175 жылдығы аясындағы шаралар әлі де жалғасуда. Оның себебі – ақын шығармашылығының өміршеңдігі. Ғұламаның ойлы өсиеттері мен даналық сөздері қай заманның болмасын, қажетіне жараған. Бүгінгі онлайн танымдық кешімізде біз осыны басшылыққа алып, шараға қатысуға ниет білдірген әр адамды тағы бір мәрте Абай атамызбен қауыштырғандай күй кештік. Кешке шәкірттерімізден бөлек, мектеп ұстаздары мен ата-аналардың қатысуы тіптен керемет болды, -дейді кешті ұйымдастырушы Мұхамед Жеңісұлы.

 Кеш барысына қатысушылар Абай мұражайына онлайн-саяхат жасап, Абай атындағы кітапханадан әзірленген “Абай әлемі” кітап көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, ғалым А. Омаровпен онлайн дидарласып, дала данасының ғибратты өмірі, шығармашылығы жайлы салиқалы әңгімеге құлақ түрді. Оқушылар өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды.

- Бүгінгі шараға шақырып, зияткер оқушылармен қашықтан болса да жүздескеніме қуаныштымын. Әсіресе, жас буынның Абай атамызды жаңа қырынан танығысы келгендері мені қатты қуантты. Қызыққан, білгісі келген жайлары да ойланып жауап беруге тұрарлық сұрақтар. Соған байланысты өз тарапымнан Абайдың тәрбие, имандылық философиялары жайлы айтқандарын ортаға салдым. Олардың барлығы жастарымыздың келешек өміріне пайдасын тигізеріне күмән жоқ, - дейді кеш қонағы Асан Омаров.

Кеш барысында мектебіміздің талантты оқушыларының бірі Шыңғыс Тоқанов ойшылдың қара сөздерін оқып, өзге қатысушылармен кері байланыс орнатылды. Бұл сәтте қатысушылар Абайға қатысты түрлі сауалдарға жауап беріп, өз білімдерін сынап көрді.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar