USD448.15EUR483.46RUB4.86

Семейді дамыту: 260,2 млрд. теңгенің қаншасы игерілді?

18 қараша 2020, 16:47
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша былтыр Семейді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, қалада барлық өмір саласын қамтитын 7 бағыт бойынша 56 іс-шара өткізу жоспарланған. Жобаның іске асырылуы туралы қала әкімінің орынбасары Қанат Әділбаев толығырақ мәлімет берді.
Семейді дамыту: 260,2 млрд. теңгенің қаншасы игерілді?

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, жалпы қаржыландыру 260,2 млрд. теңгені құрағанымен, келешекте бұл сома өсуі де мүмкін. Себебі, бағдарламада Қарағайлы ықшам ауданындағы жаңа инновациялық мектеп құрылысының және Знаменка, Қарауыл, Курчатов және басқа да маңызды жолдарды қиылыстыратын Алматы тас жолы бойындағы айналмалы жол құрылысының құны қарастырылмаған. 2022 жылға жоспарланған жұмыстың жобалық сметалық құжаттамаларын дайындау келесі жылдың үлесінде.

Биылғы жылы жобаны іске асыруға 58 млрд. теңге бөлінген болатын. Жеті мәдени нысанға, екі әлеуметтік қорғау нысанына және тоғыз білім беру нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соңғы жылдары білім беру нысандарын жөндеуге 1,5 млн. теңге бөлінген. Биылғы жылы 1 млрд. теңгеден артық қаражат бөлінді. Барлық мектептерде дерлік ағымды және күрделі жөндеу жүргізілді – дейді қала әкімінің орынбасары Қанат Әділбаев.

Кешенді жоспарға сәйкес, Шығыс кентінде 1200 орынға арналған жалпы білім беретін мектеп құрылысы да қолға алынбақ. Сонымен қатар, биыл жаңа радиологиялық орталықты пайдалануға қосу жоспарланған. Жоба құны 6,5 млрд. теңгені құрайды.  

Қала әкімінің орынбасары берген ақпарат бойынша, биылғы жылы Семейдің 33 көшесінде жолдарды жөндеу аяқталған жайы бар. Жангелдин көшесінен бастап Омск-Майқапшағай тас жолына дейінгі жол төсеміне ауыстыру жүргізілген. Республикалық бюджет есебінен Семей – Қайнар тас жолына орта жөндеу жүргізілді.

Жарықтандыру саласы бойынша, Бозтаев көшесіне 484 энергия үнемдейтін шамдар орнатылды. Тағы 253 шам Қабанбай батыр көшесінен жарқырап тұр.

«Жалпы, Еуропа даму банкімен ынтымақтаса отырып келесі жылы қала көшелерін жарықтандыру жұмысын аяқтау жоспарлануда. Аспалы көпір де жарықпен қамтамасыз етілетін болады – деп мәлімдеді Қанат Әділбаев.

                                                                                                                                                      С. КӘРІПБАЕВ

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar