- Биылғы жөндеу жұмыстарына 157,5 млн теңге жұмсалды, жергілікті маңыздағы жолдардың ағымды жөндеуіне 87,5 млн. қала көшелеріне орташа жөндеу жүргізуге 1,2 млрд теңге бөлінді. Үш көшеге жөндеу жүргізілді, бұл шамамен 15 мың шақырым жол. Қаланың 16 көшесіне орташа жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар, Абайдың 175 жылдығына орай әуежай бағытындағы жолға, Семей-Қарауыл тас жолында, сонымен қатар әуежайға жанасатын жолдарда жұмыстар іске асырылды. Бозтаев, Глинки, Қаржаубайұлы, Селевин және тағы да басқа көшелерде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көшелерді жарықтандыру жұмыстары, жекелей алғанда Селевин және Глинки көшелерінде жүргізіліп жатыр. Семей-Қарауыл тас жолында, сонымен қатар әуежайға баратын жолда жарық орнатылды.– дейді Нұрлан Серғазинов.
Сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде Би Боранбай, Құрылысшылар, Кәрменов, Глинки, Цементшілер, Рысқұлов, Тұқай, Абай, Дулатов және басқа да асфальт салынбаған көшелерге орта жөндеу жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінді.
Биылғы жылы 12 аялдама павильондарын дайындауға және құруға бюджеттен 30 335 000 теңге бөлініп отыр. Қазіргі уақытта қалада 505 аялдама бар, олардың 307-і әртүрлі аялдама павилиондарымен жабдықталған. 45 аялдамада сауда павильоны орналасқан, павилион иелерімен аялдамаларға қызмет көрсету туралы келісім жасалған.
Н. Серғазиновтың айтуынша, былтыр қалалық бюджеттен аялдама павилиондарын жөндеуге 7 000 000 теңге бөлінген екен. Биыл 12 аялдама павилиондарын дайындауға 30 335 000 теңге бөлінді. Жұмысты орындау жергілікті «КАZТЕХЦЕНТР» ЖШС-іне жүктелген.
Аялдама маңындағы аумақты тазалаумен «Семей» көгалдандыру және көркейту жөніндегі МҚК тұрақты түрде айналысады. Сонымен қатар, аялдама пунктеріндегі автобустардың қозғалыстары туралы тақтайшалар әзірлеу жұмысы жүргізілді. Жалпы, бұл мақсатқа 10 288 000 теңге бөлінді.
Дегенмен, жаңа аялдамаларға жанашырлықпен емес, қаскөйлікпен қарайтындар да бар. Аялдама павилиондарының артқы қабырғаларын бұзу фактілері орын алды. Орындық ағаштарын бұрап алады, сындырады. Мұндай келеңсіз жағдайларға себепкер адамдарды анықтап, жауапкершілікке тарту мақсатында қалалық полиция басқармасына хаттар жолданды – дейді Нұрлан Серғазинов.