"Әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде Өскемен және Семей қалаларының тұрғындары зертханаларда уақытылы ПТР-тест тапсыра алмағаны туралы хабар тарады. 2020 жылдың 2 қарашасында сағат 12:00-ге дейін осындай жағдайдың болғаны рас. Шығыс Қазақстан облысының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бұл проблеманы реттеп, кезекке қатысты мәселені шешті", - дейді департамент өкілдері.
3 қарашадан бастап қосымша екі зертхана ашылады.
Жалпы Шығыс Қазақстан облысында 10 клиника зерттеу жүргізеді.
"Облыс бойынша 298 547 зерттеу жүргізілді. Орта есеппен күніне 2000-2200 зерттеу жасалады", - дейді ұйым өкілдері.
Еске салайық, кеше Семейдегі ПТР-тест зертханасының алдында ұзын-сонар кезек пайда болғаны хабарланған еді. Зертханалардағы жағдай көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысы шыққаннан кейін басталған көрінеді. 2 қарашадан бастап шығыс қазақстандықтарға жолаушылар пойызы мен ұшаққа ПТР-тестінің нәтижесі болмаса өңірден шығуға тыйым салынған.
«Тенгри-ньюс»