Таяуда үкімет басшысы Асқар Мәминнің Шығыс өңірге сапарының негізігі бөлігі де Абай тойына дайындық барысымен танысу екендігін көзіміз көрді. Сырт Қасқабұлақтың басында жүріп жатқан құрылыс жұмысынан бөлек 1 млрд. 937 млн. теңге жұмсалып, Қарауылтөбеден саябақ салынып жатқаны да жергілікті биліктің жасырып болмас шындығына айналды. Дегенмен, негізгі айтар сөзді ақынның кіндік қаны тамған жердегі Сырт Қасқабұлақтағы Абай домбырасының формасына ұқсатып төселген жолға байланысты тағы да жалғастыруға тура келіп отыр. Әлеуметтік желіде өрбіген ойларға шолып өткенімізде бұл бастаманы қостамайтындар қарасы әлі де азаймай отырғанын байқадық.
Мәселен, белгілі семейлік журналист Сәруар Қабдолла «Фейсбуктегі» парақшасында осы тақырыптағы ойын былайша сабақтапты:
«Дауға айналған домбыраға қатысты тағы бір сөз. Негізі, домбыра емес, домбыралар. Өйткені, домбыра - екеу. Бірі - күй домбырасы, екіншісі - ән домбыра. Сырт Қасқабұлақтағы-ән домбырасы. Абайдың домбырасы. Қарауылтөбедегі - күй домбырасы. Тәттімбеттің домбырасы дейді. Дау осы жердегі домбыраның эскизінен туған. Яғни мол қаражат жұмсалатын саябақ осы жерден түспек.
«Күй домбырасы өте қолайсыз жерге орналаспақ. Неге десеңіз, той өткен соң айдалада тұрған саябаққа екі күннің бірінде халық барып, бала-шағасымен серуендеп, қыдырыстамайды. Саябақ - халық жүретін, демалатын жер. Сондықтан ел тұратын жерге мейлінше жақын болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл бақ я Қарауылға салынуы керек, я болмаса, Қарауыл Қарауылтөбеге көшуі керек" (екіншісінің орындала қоюы екіталай әрине) – дейді олар (пікірталас білдірушілерді айтып отыр- авт).
Мамандардың айтуынша, мұның сыртындағы тағы бір мәселе, жобадағыдай көздің жауын алатындай етіп әсемдеп бедерлеудің еш мағынасы жоқ екен.Өйткені ақынның 150 жылдығында осы жерге сахна салынған. Оған қарама-қарсы жоғары меймандар отыратын қалқа салынған. Сосын киіз үйлер тігілді. Болды. Өйткені ұйымдастырушылар 150 жылдық мерейтой өткен соң, 25 жыл бойы бұл дала сол шаң басқан күйінде жататынын білді. Сөйтіп, осы жолғыдай бет-албаты артық шығын жасалмаған. Егілген тал, жасыл алаң (газон) елді-мекеннен алыс болғандықтан, суғарылмай, мал жеп, сындырып жоқ болуы мүмкін. Жобадағы әдемілікіті биіктен ғана көреміз дедік қой. Аталған екі домбыраны да өз қанатыңыз я ұшақ, тікұшағыңыз болмаса көре алмайсыз. Оны көлікпен, ат-арбамен, жаяу-жалпылап жеткен қарапайым қазақ көрмейді...»
Әріптесіміздің осы тұрғыда ортаға салған ойына алып-қосарымыз жоқ. Тек, бір байқалған тағы бір шындық жай уақытта абайтану саласындағы атқарған еңбектеріне орай атақтарын тізгенде аспан қақ айырылатындай болатын белгілі ғалымдар мен ақын-жазушылар Абай тойы қарсаңындағы осындай олқылықтарды көріп отырып, «іштен тынғаны» да әлдебір бақайесептің барын аңғартатындай. Абай тойы таяғанда шақырулардан құр қалып, тізімнен сызылп қалудан қауіптенді ме, кім білсін?.. Жанға қуат болар ойын жасырмай жайып салған ақын Алмахан Мұқаметқалиқызының айтқан сөзіндегі ақиқаттан ататп өту мүмкін емес.
-«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың» деп күңіренген Абай өлеңінің құдіретін бүгінде талай жерде сезіндім. Сол дәуірден бергі қазақ әлі күнге сол қазақ сияқты көрінеді де тұрады. Биыл ақынға құрметтің жылдағыдан арта түсетініне сенімім мол еді, жігерім құм болды. Семейдегі Абай театрының өзі әлі күнге дербестігін мойындата алмай келеді. «Абай домбырасының» жолға төселген жыры жанымды ауыртты. Тірісінде қазақтың түзелер кезін армандап өткен ақынның қалай күйзеліп, не себепті күңіренгені ұғынар пенде атқарушы билікте санаулы ғана. Ел азаматтары жауапкершіліктің жүгін айқын сезінсе, дәл биыл Сырт Қасқабұлақтың жайына жаны ашыса, Абай домбырасын аяқасты етпеуді ойластырар еді. Қызылордада Қорқыт бабамызға кесене салып, қобызына ескерткіш орнатылғанын үлгі етсе болар еді. Қазақтың домбыраны төрге ілетінін бестегі бала да біледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шілденің алғашқы жексенбісін «Ұлттық домбыра күні» деп белгілегені де күні кеше ғана емес пе еді? Жай кезде Елбасының сөздерін тізгенде қара салдырмайтын атқамінерлер осы датаны да қаперіне алмағанына қарап, «жанашырлығы» қандай деңгейде екендігін көруге болады.,-дейді Алмахан ақын.
Расында да «Ұлттық домбыра күнін» арнайы белгіліеп, рухани жаңғырудың өнеге болар жолын көрсеткен Н. Назарбаевтың бастамасы өміршең екені даусыз. Бірақ та оны өскелең ұрпаққа талмай насихаттап, халықты да соған жұмылдыруға шақыруға келгенде шенеуніктердің кежегесі кейін тартқанын осыдан-ақ көруге болады. Басқа басқа қазақ өнерінің қайнар бастауында тұрған домбыраны сырттан келетін қонақтарға танытуға салғырт қарау – Абайдың рухани мұрасының қадірін ұғына алмағандыққа апарары сөзсіз.
Сөз соңында жазылған жайдың жалғасы ретінде желідегі жазбалардың тағы бір парасын ұсынғанды жөн көрдік:
Түсіпхан Түсіпбеков: Бәрін айтта бірін айт, кім не десе о десін, менің білетінім киелі домбыраның бейнесін аяқ астына салуға болмайды, бұған жүз жерден уәж айтып, ақталуға тарысқандарға айтарым осы! Не нәрсе халықтың қарсылығымен емес, ықылас пейілімен жасалынуы керек. Сонда ғана жасалған дүниенің мәні мен сәні үйлесіп тұрады, ғұмыры ұзақ болады. Ұлт жанашырлары, ұлтымыздың ғасырлар бойы қастерлеген қасиетті домбырасын жер табанынан емес, биіктен көргісі келеді. Мәселе тек осында!
Асан Омаров Желге ұшқан ақша басқа түк те емес. Ол заман да бұ заман ауылды жерге парк салушы ма еді. Даланың өзінен артық парк жоқ.
Мақсат Жәнібек: Жерде жатқан домбыраның тас сызбасынан, домбыра құндылығы, символы кеміп қалмайтынын түсінемін. Бірақ, негізгі мақсат сол құндылықты насихаттау болса, онда басқа композициялық шешім керек еді. Аспандағы емес, жердегі жұртқа алыстан көрінетіндей, шетелдік туристер фонға алып суретке түсетіндей, солайша әлемге насихатталатындай болуы керек емес пе?! Міне, мәселе қайда жатыр?!
Елубек Оспанов: Қарсы пікрі айтып, көпшілік құптамайтын бастаманы қорғағысы келетіндердікі құранды басып нанды алуға боладының кері ғой... Домбыра қазақ үшін символдық сипатымен қасиетті саналады. Сәулет өнеріне ұлтық нақыш, рен беруге ещкім қарсы емес. Айталық, киіз үй формасындағы зәулім үй салу, домбыра пішіндес (домбыра емес) аспалы көпір, домбыраға ұқсас пизам тәрізді мұнара салу көңілге қонады. Жерге домбыра төсегенше қазақи оюмен көмкерілген текеметтей плита төсесін, Самарқандағыдай сырмақ сырсын... Тиым болу керек. Қазақты қазақ жасаған тәрбиелік мәні бар тежеу тиым амалдары. Қазақта қасиетті саналатын дүние көп емес Домбыра, Аққу, Үкі Бесік т.б
Сәтжан Қасымжанұлы