USD515.97EUR537.8RUB5.25

Құн салығы неге көтеріледі?

4 сағатқа жетпей
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін өткізілген брифинг барысында қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесін көтеру жоспарына түсініктеме берді. Министрдің айтуынша, бұл өзгерістер бағаға әсер етсе де, ұзақмерзімді перспективада ел экономикасына оң серпін береді. Ол «Үкімет қосылған құн салығын 20%-ға көтеру деген шешімге әлі нақты келген жоқ» деді.
Құн салығы неге көтеріледі?

Серік Жұманғарин ҚҚС мөл­шерлемесінің артуы тауарлар ба­ғасының шамамен 4,5%-ға өсуі­не алып келеді деп отыр. Бірақ бұл өсім уақытша құбылыс болмақ. Мұн­дай­ды мамандар «күрделі экономика заңдылығы» дейді. Яғни салықтан түскен қосымша қаржының нақты секторға бағытталатынын жеткізді. Атап айтқанда, қарапайым заттар эко­но­микасы күшейіп, ішкі нарық пен экспорт әлеуеті артады.

ҚҚС көтерілсе, инфляция деңгейі де уақытша өседі. Бірақ Үкімет бұл сынақ кезеңінде халықты қолдауды назардан тыс қалдырмақ емес. Бұған дейін С.Жұманғарин салық реформасымен қатар, жалақы, зейнетақы және жәрдемақы көлемінің ұлғаюы жоспарланғанын айтқан еді. Бұл – халықтың әл-ауқатын сақтауға ба­ғытталған кешенді шаралардың бір бөлігі. ҚҚС өсімі ел экономикасына біршама жүктеме әкелгенімен, ұзақ­мерзімді перспективада елдің эко­номикалық тұрақтылығын арттыруға бағытталған қадам.

– Біз еңбекақы қорына түсетін жүктемені азайтып, бір мезгілде белгілі бір шектеу мен тұтынудың соңғы кезеңі үшін ҚҚС-ты арттырамыз. Меніңше, бұл екі шара бірін-бірі теңестіріп, әсерін жо­йып тұрады. Есептеулер көрсеткендей, бағалардың сәл өсуі күтіледі. Сондықтан біз бұл өсім әлеуметтік осал топтарға әсер ететінін түсініп, олардың зейнетақылары мен жалақыларын индексациялау жөнінде шешім қабылдаймыз, – деді С.Жұманғарин.

Үкімет қосылған құн салығын қаншаға көтеретінін әлі анықтамаған. Десе де, ҚҚС-ты 16-20%-ға дейін көтеруі ықтимал. Қосылған құн салығы көтерілсе, тауар мен қызмет бағасы 6-7%-ға қымбаттауы мүмкін. Дегенмен Ұлттық экономика министрі Үкімет халықтың қалтасына қатты салмақ түсірмеуге тырысады деп уәде берді.

– ҚҚС мөлшерлемесі қандай болатынын әлі шешкен жоқпыз, 16-дан 20%-ға дейін болуы мүмкін. Мұның әрине, ықпалы болады және ол түрлі секторға әртүрлі әсер етеді. Тұтынушы бағаның қымбаттағанын сезетіні сөзсіз. Бұл болады. Инфляция дәлізі есептелді, бір жерде өсім 4,5% болуы мүмкін. Қазір БАҚ-та қосылған құн салығының мөлшерлемесін бірден 20%-ға көтереді екен деген ақпарат тарап жатыр. 20% деген – әлемде ең көп таралған мөлшерлеме. Біз Үкімет ретінде әзірге нақты мөлшерлемені әлі нақты айқындаған жоқпыз. Өйткені біз бизнесмендермен, қауымдастықтармен түрлі консультация жүргізіп жатқанымызға бір ай болып қалды. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңдарында кездесулер өткізіп жүрміз. Бізде бірқатар консультанттар, жетекші экономистер, салық мамандары бар. Олар да түрлі есептер, стресс-сынақтар жүргізіп жатыр, – деді.

Қосылған құн салығы мәселесі Үкімет дайындап жатқан жаңа Салық кодексіне енгізілмек. Ұлттық экономика министрлігі құжатты жақын арада Парламенттің қарауына ұсынуды жос­парлап отыр. Жаңа бюджет салық реформасының нәтижесінде қазынаға қосымша 6-7 трлн теңге қаржы түсуі көзделген. Бұл қаржы ел экономикасының нақты секторын дамытуға жұмсалмақ. Дегенмен бұл жаңалық ел арасында алаңдаушылық тудырғаны рас. Қазір көпшілікті ҚҚС-тың қанша пайызға көтерілетіні алаңдатып отыр. Бүгінде бизнес үшін еңбекақы төлеу қорының жүктемесі шамамен 40%-ға жеткен. Министрдің айтуынша, ҚҚС-ты көтеру осы жүктемені 10%-ға төмендетіп, 30%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл кәсіпкерлер үшін өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, бәсекеге қабілеттілігін арт­тырмақ.

Сонымен қатар Үкімет бұл шешімді қабылдаудан бұрын Ұлттық банктің макроэкономикалық моделінің негізінде бірнеше есептеу жүргізген. Бірақ министрдің сөзінше, бұл бағытта нақты түпкілікті шешім қабылданған жоқ.

– ҚҚС-ты көтеру қажет деп есеп­тейміз. Бұл реформаны іске асыруымыз керек. Мемлекет басшысы да бізді бұл тұрғыда қолдады. Біз бұрынғы шарттар­мен өмір сүре алмаймыз, – деді вице-премьер.

Сонымен қатар ол ҚҚС-тың мәні бұрмаланып отырғанын атап өтті. Бұл жағдай, әсіресе, бұрынғы жылдары жүргізілген салық реформаларының салдары екенін алға тартты. Салық жүйесінде көптеген ресми «саңылаулардың» пайда болғаны кәсіпкерлерге салық көлемін заңды түрде қысқартуға мүмкіндік берді.

– Егер қазір бәрі айтып жатқандай реформа жүзеге асатын болса, онда біз ҚҚС-ты табиғи түрде арттырамыз, оған түсетіндердің барлығын қамтитын боламыз. Біз барлық бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын, зей­нетақысын және басқа да төлемдерді индексациялаймыз. Бірақ мұның аста­рындағы ой – бұл реформаны жағ­дайы төмен азаматтар сезбеуі керек. Сондықтан біз оған әлі де мұқият қа­раймыз. Реформаны Ұлттық банктің макроқаржылық үлгісінде есептедік – өте жақсы нәтиже береді: бұл елдің одан әрі дамуына қуатты серпін және сапалы жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді, – деді С.Жұманғарин.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2025
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar