USD474.83EUR515.38RUB5.5

Сұрақ көп, жауап жоқ...

16 сәуір 2020, 10:18
Күннен күнге күрделі жағдай қалыптастырып отырған коронавирус індетінен сақтанудың барлық шаралары қарастырылып жатқанымен, ауыздықтау оңай болмай тұр. Жергілікті атқарушы билік түрлі бағытқа шектеулер қойып, көшедегі қозғалыс барысын, адам қарасын азайтуға ұмтылып баққанымен, қайғылы жағдайлар орын алып жатқанын жасыруға және болмайды. Бір қынжылтарлығы Шығыс Қазақстан облысы бойынша коронавирусқа байланысты ақпараттарды дер кезінде алу қиын. Аталған індеттің көрсеткіштері туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджан өзі арнайы шығып, әлеуметтік желілер арқылы мәлімет бермейінше, журналистердің аруханалардан, медициналық мекемелерден ақпарат алуына жол жабық. Соның салдарынан қазіргі күнде облыс бойынша, қай жастағы, қанша тұрғын, қай ауруханаларда карантинде жатқанын анықтау жұмбақ болып тұр.
Сұрақ көп, жауап жоқ...

   Осы тұрғыда, ресми ақпараты ел аумағы бойынша айтар болсақ, көрсеткіш төмендегідей:

«Қазақстанда 2020 жылғы 14 сəуір сағат 10:25-тегі жағдай бойынша, коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 88 адам тіркелді

Оның ішінде Нұр-Сұлтан қ. – 4, Алматы қ. – 75, Шымкент қ. – 1, Қарағанды облысы – 1, Атырау облысы – 1, Жамбыл облысы – 3, Түркістан облысы – 3. Коронавирус індетін жұқтырған тағы 88 адам тiркелді, Алматы қаласында – 75 адам, Жамбыл облысында - 3 адам, Нұр-Сұлтан қаласында - 4 адам, Шымкент қаласы - 1, Атырау облысы - 1, Түркістан облысы - 3, Қарағанды облысы - 1.

Осы сағатта Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 264 адам, Алматы қаласында – 346 адам, Қарағанды облысында - 79 адам, Ақмола облысында - 73 адам, Атырау облысында - 63 адам, Жамбыл облысында - 49 адам, Шымкент қаласында - 39 адам, Шығыс Қазақстан облысында - 8 адам, Алматы облысында - 22 адам, Ақтөбе облысында - 11 адам, Солтүстік Қазақстан облысында - 26 адам, Павлодар облысында - 10 адам, Маңғыстау облысында - 10 адам, Қызылорда облысында - 119 адам, Батыс Қазақстан облысында - 11 адам, Түркістан облысында - 47 адам, Қостанай облысында - 3 адам, жалпы 1179 науқас тіркелді. Нұр-Сұлтан мен Шымкент қаласында коронавирус індетінен екі науқас көз жұмды.Осымен індеттен қайтыс болғандар саны 14 адамға жетті.» -деп мәлімдеді еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі.

      Осы мәліметте көрсетілген Шығыс Қазақстан облысы бойынша, баяндар болсақ, анықталған 8 адамның бесеуі Семей қаласының, үшеуі Өскемен қаласының тұрғындары екені белгілі болып отыр. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы І. Мұхамеджан ресми хабарламасында айтып өткенімен, ең өкініштісі коронавирус инфекциясынан бір адамның қайтыс болғаны өңір тұрғындарын дүр сілкіндірді.

    «Өкінішке орай бұл жағдай Өскемен қаласында тіркелді. 1979 жылы туған әйел 12 сәуірде жедел жәрдем қызметімен ауыр жағдайда екі жақты пневмониямен провизорлық стационарға жеткізілген.
CОVID-19 талдаулары оң нәтиже көрсеткеннен кейін инфекциялық стационардың қарқынды терапия палатасына ауыстырылды. Пациентте СОVID-19-дан басқа екі жақты ошақты пневмония, сол жақты плеврит, 3 дәрежелі тыныс алу жеткіліксіздігі, токсинді миокардит, жіті респираторлық дисстресс-синдромы және ауыр алкогольдік улануы тіркелген.
Науқастың өмірін сақтау үшін реаниматолог дәрігерлер өкпені жасанды желдету аппаратына қосып, барлық реанимациялық іс-шараларды жүргізді. Түнде екі мәрте жүрек қызметі тоқтап, екі рет реанимациялық шара сәтті нәтиже көрсеткен болатын. Алайда, жүрек қызметі қайтадан үшінші рет тоқтаған кезде, реанимация шаралары сәтсіз болды. Науқас өкінішке орай көз жұмды»,-дейді басқарма басшысы І. Мұхамеджан.
Қазіргі күнде марқұммен байланыста болған 13 адам тіркеліп, барлығы да оқшауланған. Осы уақытқа облыс бойынша 4 жағдай Семейде, 3 жағдай Өскемен қаласында тіркелді.

Ал, екінші жағдай Семей қаласының 1980 жылғы тұрғынынан анықталған. Ол 12 сәуірде ЖРВИ белгілерімен және жағдайының нашарлауы себепті жедел жәрдем шақырып, артынша провизорлық стационарға жатқызылды. COVID-19-ға талдама алынып, оң нәтиже көрсетті.

«Қазіргі уақытта науқас инфекциялық стационарға ауыстырылды. Жағдайы орташа дәрежедегі ауырлықта. Байланыста болған 48 адам анықталды. Жақындары карантиндік стационарға, ал болжамды байланыста болғандар үй карантиніне оқшауланды» делінген І. Мұхамеджанның мәлімдемесінде.

    «№23 үйге неге ілмек салынды?»

Бұл апта басынан бері қала тұрғындары үшін жауабы жоқ жетім сұрақ күйінде әлі тұр. Анығырақ айтқанда, сол жағалаудағы Юность кентіндегі №23 үйдің есігіне ілмек орнатылғаны қала тұрғындарын қатты абыржытып отыр. Осы мекенжайдағы көпқабатты тұрғын үйдің адамдарының қазіргі хал-күйін нақты ешкім білмейді. Жағдай барысы іштей өздеріне мәлім болғанымен, Семей қалалық әкімдігінің шенеуніктері бұған қатысты алып-қашпа әңгімеге нүкте қойып, халықты хабардар етуге асығар емес. Атқамінерлердің арасынан бір де біреуі суырылып шығып, БАҚ өкілдеріне түсінік беруді жайына қалдырғаны журналистердің де жүйкесін жұқартқан жайы бар.

    Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Базарова әупірімдеп барып, Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаевтан жағдайдың бақылауда екендігін анықтағанын айтқанымен, бұл жауап «жыртыққа жамау болуға» жарамағаны шындық. Дегенмен, мазалаған сауалдарымызды А. Садырбаевтың өзіне қойғанды жөн көрген әрекетіміз де нәтижесіз болды. Қала әкімінің осы салаға жауап беретін орынбасарына қанша мәрте қоңырау шалғанымызбен, ол тұтқаны көтермеді. Сонда қаланың бүтіндей бір ауданындағы көп қабатты үйден елдің тынышын алған шу шыққанда, жергілікті әкімдік дер кезінде мәлімдеме жасауға кімнен сескеніп отыр? Әлде, облыстан пәрменді жауап күтпейінше, сұраған жұртшылыққа жақ ашпауға ант берген бе?! Шененуіктердің адамды түңілдіріп жіберетін мұндай түсініксіз әрекеті коронавирус жағдайы Шығыста шыға бастаған күннен әлі күнге жалғасып келе жатыр. Халыққа қажетті биліктің ашық болуына жауапты басшылардың «жасырынбақ ойнап жүргені» біртіндеп, «ауруын жасырған өледінің» кебін кигізбесіне кім кепіл?!.. Қазіргі күнде коронавирус анықталған адамдардың қайда емделіп жатқаны беймәлім. Осыдан біраз уақыт бұрын ешқайда бармай-ақ, көктемгі демалыс кезінде қауіпті індеттің қармағына іліккен бір үйдегі ағайынды екі баланың жағдайы туралы да семейлік ешбір шенеунік жақ ашқысы келмейді.

Ал, шын мәнінде 8 жағдайдың бесеуінің Семейден анықталғаны бейжай қарайтын нәрсе емес. Қала әкімі Ермак Сәлімовтің де қалыптасып отырған ахуал туралы БАҚ өкілдерімен кездесу өткізуге мойны жар бермей жүргені де көңілдегі күдікті күшейте түспесе, алаңсыз отыруға шақыра қоймасы анық.

Сәтжан Қасымжанұлы

 

Бет қатталып жатқанда: ШҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз хатшысы  Бағлан Тауанова Юность кентіндегі 23 үйге қатысты төмендегідей мәлімет берді.

    «2020 жылғы 13 сәуір күні Семей қаласы тұрғынынан коронавирустық инфекцияны жұқтыру жағдайы анықталып, Семей қаласы бойынша 5-ші науқас ретінде тіркелгенін хабарлайды. Эпидемиологиялық тексеру барысында науқаспен қарым-қатынаста болған 38 әлеуетті тұлға анықталып, зертханалық зерттеу жүргізілді, барлығының нәтижелері теріс.

COVID-19 диагнозы анықталған науқас Семей қаласы Юность кентіндегі 23-үйде тұрған. Науқас тұрған подъезд 14 күн карантинде болады. Подъезд тұрғындары күнделікті телефонмен хабарлау арқылы бақылауда болады. Сондай-ақ, тұрғындарға үйде оқшаулану ережелері толығымен түсіндірілді»,-деп хабарлады Б. Тауанова.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

24 шілде 2024, 18:41
19 шілде 2024, 23:40
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar