USD487.24EUR529.34RUB5.02

Несіпбек ақынға ескерткіш тақта

26 қыркүйек 2024, 09:35
Алаштың аяулы да адуынды ақыны Несіпбек Айтұлы тірі болса дәл осы шақта 75 жасқа толар еді. Кеше ғана арамызда жарқылдап жүрген жыр дүлдүлінің жарық дүниеден өтіп кеткеніне бір жыл толып қойыпты. Өрлікке толы, ұлттық рухқа бай шынайы шығармалар сомдап, қалың оқырман жүрегінен орын алған от тілді ақын Алаш жұртымен бірге жасай беретіні анық. Ол жайында сан алуан естеліктер айтылып, талай еске алу кештері өтетін болады. Тәуелсіздікті талмай жырлаған жыр жампозының толғаулары мен дастандары, қаншама танымал әндердің мәтіні болған өлеңдері ол жазған шығармалардың өміршеңдігін көрсетеді. Ел өзінің сүйікті ақынының есімін есте қалдыру қадамын бастап та кетті. Соның бірі - өзі тұрған үйге ескерткіш тақтаның орнатылуы. 25 қыркүйек күні ашылу рәсімі жасалатын монумент белгі Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып отыр. Бұл шара ақынның өмірден өткеніне бір жыл толуымен орайластырылған. Сонымен бірге, 12 қазанда бір жылдық асы берілмек. Осы датаға орай өз оқырманымызға Несіпбек Айтұлының өмірбаяны мен бір топ өлеңін ұсынғанды жөн көрдік.
Несіпбек ақынға ескерткіш тақта

Несіпбек Айтұлы  -  1950 жылы  Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағында туған. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2012ж), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері(2011), "Парасат" орденінің иегері (2004). Таңдамалы жеті томдығы "Фолиант" баспасынан  (2015 ж.) жарық көрген эпик ақын.
 Еңбек жолын Шұбартау аудандық "Жаңа өмір" газетінде бастайды. 1974 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетін бітірген.
 1974-1984 жж. "Балдырған" журналының поэзия бөлімінің меңгерушісі, "Жалын" баспасында редактор. 1984-1994 жж. Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші. 1995-1996 жж. "Ақын" қауымдастығының директоры. 1997-2001 жж. "Қазақ әдебиеті" газетінде сын бөлімінің, "Жұлдыз" журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі.
2001 жылдан бастап Астана қаласына қоныс аударып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Президенттік Мәдениет орталығында қызмет істеген.
 Қазақстан Жазушылар одағының секретариат мүшесі, Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы мұражай директоры.
 Алғашқы "Балалық" деген өлеңі 1965 жылы Шұбартау аудандық "Жаңа өмір" газетінде, алғашқы топтамасы 1972 жылы Мұқағали Мақатаевтың сәт сапар тілеуімен "Лениншіл жас" газетінде, алғашқы кітабы 1974 жылы "Қозыкөш" деген атпен жарық көрді. "Жүректегі жаңғырықтар", "Әке туралы сыр", "Жаңбыр әні", "Түнделеп ұшқан тырналар", "Рухымның падишасы", "Мұқағали-Желтоқсан", "Бәйтерек", балаларға арналған "Балабақшаға барар жолда", "Желкілдеп өскен құрақтай", "Күміс күйме" ("Серебряный сундучок"), "Қартаймайды күн неге?" атты кітаптары, Шығыстың ұлы шайыры Ә.Науаидың  "Ескендір қорғаны", "Ләйлі-Мәжнүн"  дастандарын тәржімалап, "Игорь жорығы туралы жыр", т.б. аударма кітаптары шыққан. Түріктің VІІ ғасырда өмір сүрген ұлы ақыны Жүніс Еміре, қытайдың көне дәуір ақыны Бо Цызюдың, француз ақыны ДЖ.Родаридың, сондай-ақ, М.Исаковский, А.Барто, С.Михалков, С.Баруздин, В.Берестов, Т.Сыдықов, С.Жусуев өлеңдерін туған тілімізде сөйлеткен.
 "Бас сүйектері" (1976), "Жасынның сынығы" (1977), "Найзағай" (1978), "Жүректегі жаңғырықтар" (1979) поэмалары кезінде "Жалын" альманахы жариялаған Республикалық конкурстардың жүлделерін, "Мұхтар мен Абыз" толғауы М.Әуезовтің 100 жылдығына арналған мүшәйраның бас жүлдесін алған. "Мұқағали-Желтоқсан" поэмасы 2001 жылы Республикалық әдеби конкурстың жүлдесіне ие болса, "Бәйтерек" поэмасы әдеби қауым тарапынан жоғары бағаланды. 2004 жылы Мәдениет министрлігі жариялаған Республикалық патриоттық әндер конкурсының Бас жүлдегері.
 "Бәйтерек"(2003), "Көз жасым" таңдамалы (2006), "Бөрітостаған" (2007), "Ерлікке ескерткіш"(2008), "Сардар"(2008), "Құланойнақ"(2009), "Арқатірек"(2010), "Наурызбай"(2011), "Ту"(2012), "Сарайымнан шыққан сөз"(2014), "Дариға, дәурен"(2018), т.б. кітаптары жарық көрді.
 Сөз зергері  Н.Айтұлы кең тынысты эпикалық поэмалары мен лирикалық өлеңдері арқылы Қазақстанның тәуелсіздігінің  жыршысына әрі жаршысына  айналған төкпе  ақын.  Оның поэмаларында  алаш жұртының қаһармандық тарихы мен азаттық рухының қадау-қадау кезеңдерінің алып панорамасы шеберлікпен жасалған деуге болады.  Н.Айтұлы "Сардар", "Ту", "Наурызбай", "Жалаңтөс", "Шақантай", "Бердіқожа",  "Төлегетай", секілді поэмаларында азаттық үшін жанын пида еткен біртуар  ерлердің  галереясын сомдаса, Ұлы даланың қасиетті топырағы үшін күрескен Кенесары бастаған ерлер туралы  "Ақмола шайқасы" поэмасы, осы тақырыпқа сабақтас туған  "Жер - жаннан қымбат" дастанында   елорданың терең тарихынан сыр шертіледі.  Н.Айтұлы бабалардың арманы жүзеге асып, тәуелсіз еліміз әлемдік қауымдастықтан мәртебелі орын алып,  жаңа елорда Астананың бой түзеп сәулеті артқанын   "Бәйтерек" поэмасы арқылы қапысыз  мүсіндейді. Ақынның суреттеуінде  "Бәйтерек" - елорданың ғана емес, күллі Қазақ елінің  арман-мұратын әйгілеген рәміз, тәуелсіздігіміздің асқақ  миуалы мұнарасы.
 Ақынның "Көкала үйрек", "Құланаян Құлманбет", "Сүйінбай", поэмаларында ұлт мақтанышы болған ұлы тұлғалардың  бейнесі көркем сомдалады.
 Н.Айтұлы - ән-өлең жанрына да ерекше үлес қосқан ақын. Оның "Ән домбыра", "Сарыарқа", "Дәурен-ай", "Арман", "Дариға, дәурен","Қазақтай ел қайда" секілді көптеген туындылары халықтың сүйіп айтатын таңдамалы  әніне айналған.
 Ақын Несіпбек Айтұлы  қазіргі қазақ  қоғамында қалыптасқан өзекті мәселелер, ұлтымыздың жарқын болашағы мен бүгінгі күніне әсер ететін елеулі оқиғалар туралы сергек пікір білдіріп, шұғыл ойларын жариялап отыратын еркін ойлы  қаламгер. Ана тілі, ата ділі, ұлттық құндылықтар, әсіресе рухани өмірімізде толғағы жеткен түйткілді дүниелер ақынның назарынан тыс қалған емес.  Оның осы бағыттағы  мақалалары мен сұхбаттары  "Сарайымнан шыққан сөз"  (2014ж.) деген атпен жеке том болып жарыққа шықты.
 Парасатты қалам иесінің қатарластары мен әріптестері, әдебиеттанушы ғалымдар мен қоғам қайраткерлері оны "Бостандық жырының боз жорғасы"(2017) деп атауы, ақын туралы зерттеулердің осы аттас кітапта топтастырылып оқырманға жетуі  азаттықтың елең-алаңынан бері алаш жұртының терең тарихын толқыта толғап, тәуелсіз еліміздің бүгінгі тыныс-тіршілігін шабыттанып жырлаған жемісті туынды иесі болуына берілген баға деуге болады.

Шығар есікті таппасаң
Ей, көңілім, қайғырма, ағып өткен ай-жылға,
Қашан мұрттай ұшқанша табаныңды   тайдырма.
Алма мойын алдында дайын тұрса иіліп,
Қылыш тисе қолына бас алады маймыл да.
Қара дәуді жыққанмен тауды  қалай жығасың,
Жүре-жүре опасыз дүние сырын ұғасың.
Темір келі - тіршілік, құрыш келсап - заманың,
Тас болсаң да мап-майда талқан болып  шығасың.
Сарай салып берсең де ешкім сені  жақтырмас,
Кәрі мыстан қожайын қаптың түбін қақтырмас.
Арман деген қолыңда жылтыраған инедей,
Түссе қорда ішіне қопарсаң да таптырмас.
Алатаудан асқан күн Алматыға тоқтамас,
Жанға қысым келмесе момын  мылтық оқтамас.
Төбелеген таяқтан миы аузына түскен жұрт,
Өртке кетсін қара орман есін жиып  жоқтамас.
Айыра алмай бұл қазақ түбіт пенен   қылшықты,
Иіре алмай сындырды зырылдаған ұршықты.
Атасының көріне қорқау түссін қарамай,
Өзі илеген көңіне өзі барып тұншықты.
Кімге керек сүлдерің қауқары жоқ сабандай,
Етегіңе сүрінсең, қасқыр ит кеп қабардай.
Шығар есік таппасаң құрығаның кор болып,
Қараңғыға қамалып күркіреген қабандай.

Уа, Дариға
О, сұлулық, сені  іздеумен шөлдегі,
Қаңсып қалды жүрегімнің шөлмегі.
Тілді сорған таңдайымды қайтемін,
Тамшы судан - шөлдегеннің өлмегі.
Қаңғып өткен Мәжнүніндей Ләйлінің,
Ақ таяғын ат қып міндім қайғының.
Сен бір пері алып кеткен өзіңмен,
Сұм жалғанның азын-аулақ байлығын.
Сағыныштың құм күйдіріп табанын,
Сенделдім ғой, енді қайдан табамын?
Күн боп сүйген сенің ернің емес пе,
Өліп-өшіп көкжиектің тамағын?
Есік ашса кең аспанның күймесі,
Айдан анық маған орын тимесі.
Уа, дариға, жерге түспес жұлдыздар
Сенің алтын омырауыңның түймесі.
Қиял-құс қанатыңда көп ақын,
Бақыттарын іздеп кетті жанатын.
Үзілдірмей сыйласаңшы бір сәуле,
Кім бар саған мендей ғашық болатын?

Сүйеу болмас басыма
Айтардаймын мен сонша кімге өсиет,
Таңдайыма бітпесе бір қасиет!
Кете барам кенеттен қалғып бір күн,
Көбелектей басымды гүлге сүйеп.
Дос сұйылып бұл күнде, азды дұшпан,
Айыра алмай жаурадық жазды қыстан.
Айналады тозаңға қос қанатым,
Гүл үстінде қалтылдап аз күн ұшқан.
Мен де тозып біткенім тозаңдасам,
Алдыңғыдан сөкпегін оза алмасам.
Шама-шарқым жеткені осы шығар,
Жарқ-жұрқ етіп шамалы көз алдасам.
Қызыл-жасыл дүние алдандырған,
Қайыры жоқтау-тасты малдандырған.
Маған қалып береке таптырмады,
Мұра болып жарытпас мен қалдырған.
Күйбең тірлік басталған таңертеңнен,
Маған дейін сан күйіп, сан өртенген.
Иімесе тағдырдың омырауы,
Көсегесін кімдердің көгертем мен?
Жасаймын деп ортадан көргенімді,
Құлқыныма құл еттім өр көңілді.
Сүйеу болмас басыма жастансам да,
Пенделікпен жиғаным-тергенімді.
Бұра тартсам болғаны үлгім-мешеу,
Бір ноқтаға тағылған шылбыр бесеу.
Итпектеумен әуре түртпектеумен,
Әр қазақтың қолында бір-бір көсеу.
Жегенсиді сырт көзге бәрі қайғы,
Азуын ашса, көмейі аңырайды.
Шауып жүрмін жұрт үшін дегенімен,
Мінген аты көбінің арымайды.
Қайғысының түкпірін қазып көрсең,
Бар уайымы бес күндік азықпен тең.
Қайда апарып қағары тағы да айқын,
Қолдарына тоқпақ пен қазық берсең.
He табамын таусылып мыжығанда,
Ми қайнайды аспаның шыжығанда.
Масаттанып миғұла масайрайды,
Өз қолымен өз басын мұжығанға.
Құдай білер пенде кім, періште кім?
Бірің өліп, бірің қал - керіскенің!
Тайқы біткен қазаққа тар маңдайым,
Кепкен қайың безіндей беріш пе едің?..

Қара бала қол жайып
Солқылдатып өмірдің сан сауалы,
Жүрегімнен, миымнан қан сауады.
Дүбір салған ішімде дүлей тасқын,
Сыртқа бұзып шыға алмай жар соғады.
Күннен-күнге тарылып ел тынысы,
Сезілмейді тірліктің серпілісі.
Алаң қағып әркімнің көзінде жүр,
Қасқыр тартқан тоқтының қорқынышы.
Қалай айтпай қаламын тіл барында,
Торғай кетсе қырғидың тырнағында.
Әлдеқашан ұмытқан аруақтар кеп,
Оятады ұйқымнан түн жарымда.
Тастағандай жанымды аршып отқа.
Алады кеп олар да сан сұраққа.
Уа, Тәңірім, аясаң егер мені,
Ақ бөкендей оқ тиген қансыратпа!?
Қиылғанша жанымды қансыраған,
Көз жасыммен жуармын тамшылаған.
Көрге бірге шұбырып кірсе қайтем,
Қара бала қол жайып нан сұраған?..

Табалдырық
Халқыма қадірменді, табалдырық!
Тұрасың әр уақытта алаң қылып.
Үлкендер "Баспа!" дейді,
Аттап өтем,
Сыр бар-ау, ар жағында алар біліп...
Тіршілік қарағанда маған күліп,
Талпындым айналама,
Санам кіріп.
Аттатып кең дүниенің есігінен,
Шығарып салдың алғаш, табалдырық!
Келесің әлі күнге адам қылып,
Өмірдің өзегінен нәр алдырып.
Жасадым ерсі мінез өзім қанша,
Сенен бір байқамадым жаман қылық.
Көрсетіп жігерлілік, табандылық,
Жасқанбай талай жерге барам кіріп.
Үн-түнсіз сол баяғы қалпыңменен,
Алдымда тұрасың сен, табалдырық!
Біреулер жылап қарсы ап,
Қалар күліп,
Біреулер сенген болып, алар күдік.
Әйтеуір барлық сырым саған аян,
Бәріне куәсің ғой, табалдырық!
Үстіңнен өтті қанша заман жүріп,
Сайран сап...
Және тағы салар бүлік.
Өзіңнен дос та аттады,
Қас та аттады,
Бүлк етпей шыдап бақтың, табалдырық!
Алыстан аппақ шамын жағарда үміт,
Уайымның қара құлпын алам жұлып.
Есігін арманымның айқара ашып,
Жебеп жүр, қайда барсам, табалдырық!
Тосыннан үйіріліп қараңғылық,
Тағдырым тастағанда маған құрық,
Жолында асу бермес асқар болып,
Көлденең жатып ал, сен, табалдырық!

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

03 қазан 2024, 10:50
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar