«Адам шығыны жоқ» деп айтқан кезде «Бізге рахмет айтыңыз немесе бізді мақтаңыз» деп тұрған жоқпын. Қуанып айтып отырмын. «Шүкір» деу керек. Ал трактордағы екі адамның жоғалуы су тасқынына қатысы жоқ. Оны біз дұрыс түсінуіміз керек. Олар жол қысқарту үшін тасып жатқан өзенге өздері кіріп отыр. Демек, судың ортасында қалып кеткен жоқ. Трактормен жолды қысқартам деп суға кірген. Он сағат деп көп айтылған шығар. Оны біз қарайық. Орысша айтқанда «у страха глаза велики» дейді ғой. Өрт болып жатқан кезде біздің азаматтар «өрт сөндіру көлігі жетіп болмайды» дейді. Бірақ дәл сол кезде шын мәнінде санаулы секундтар мен минуттар өтіп жатады. Бұл жерде де тура сондай», – деді вице-министр.
Журналист Аягөздегі қайғылы жағдайға жергілікті төтенше жағдайлар қызметі неге ден қоймағанын сұрады. «Жергілікті құтқару қызметінің жұмысынан кемшілік көріп тұрған жоқсыз ба? Бір үлкен Аягөзде қалайша бір қайық табылмай қалды?» - деп сұрады БАҚ өкілі.
«Өмір болғаннан кейін қателіктер де, кемшіліктер де болады. Мүмкін ондай қателіктер, кемшіліктер болған шығар. Бірақ біз әрбір жағдайды зерттеп, зерделеп, талдау жасаймыз. Өкінішке қарай, әр өзеннің басына апарып қоятын құтқарушыларымыз жоқ. Аягөздің өзінен ол жерде жетуге уақыт керек. Ал мен неге екі тракторшының суға кеткенін су тасумен байланыстырып отырған жоқпын? Себебі олар суға барып трактормен түспесе, ештеңе болмайтын еді. Мәселе сонда. Орысша айтқанда, адамның өзінің «сознательный әрекеті». Соны біз түсінуіміз керек, – дейді ол.
Айта кетейік, Абай облысы Аягөз ауданының Қарағаш ауылында 26 наурыз күні трактормен суға кеткен екі адам әлі табылмай жатыр. Шалқар Қажыгереев пен Қуанышбек Мырзағазинді Қарағаш ауылы іргесіндегі Борлы өзені ағызып әкеткен.
Есімжан Нақтыбай