USD474.83EUR515.38RUB5.5

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

07 ақпан 2024, 16:57
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

Қасым-Жомарт Тоқаев:

«ЖЕТІНШІ. Коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту жұмыстарын жеделдету керек.

Елді мекендердің тыныс-тіршілігіне қажетті барлық жүйе үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету маңызды. Бұл – Үкімет пен әкімдіктердің негізгі міндетінің бірі. Алайда, жыл сайын жылыту маусымында сол бір проблемалар қайталана береді.

Мемлекеттік органдар қателіктер мен олқылықтардан сабақ алмайды. Соның кесірінен осы сала қазіргі мүшкіл халге жетіп отыр. Алматыдағы екінші жылу электр орталығындағы бу-газ қондырғысының құрылысы созылып кетті.

Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тің энергоблогын қалпына келтіре алмай жүргенімізге он жылдан асты (2012 жылдан бері). Сондай-ақ Екібастұздағы екінші ГРЭС-ті кеңейту және күрделі жөндеу жобасы уақтылы жүзеге асырылмай жатыр. Үкімет, ең алдымен, биыл апатты жағдайдағы 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстарын аяқтауға тиіс. Сонымен қатар қуаты 700 мегаваттан асатын қосымша қуат көзімен қамтамасыз ету керек. Белгіленген мерзімді шегеруге болмайды.

Жалпы, еліміз электр, жылу, су өндіру және жеткізу қуатының тапшылығын сезініп отырғаны жасырын емес. Балқаш жылу электр орталығы құрылысының аяқталмай қалуы, табиғи монополия субъектілерінің ашық жұмыс істемеуі, сондай-ақ тарифтердің өсімін қолдан тежеу – осының бәрі кезінде жіберілген қателіктердің салдары. Салаға түбегейлі реформа жүргізген жөн. Ол үшін жүйелі жұмыс атқару қажет.

Ең алдымен, тарифтер ұзақ мерзімге белгіленуі керек. Бұл межелі уақыт ішінде салынған инвестицияны ақтап, инфрақұрылым нысандарын тиісті қалыпта сақтауға мүмкіндік береді.

Табиғи монополия субъектілеріне тарифті белгілі бір табыс нормасына сай есептеп, бекітуге рұқсат беру қажет. Тиімді бақылау жүргізу аса маңызды. Мұны осы саладағы бүкіл үдерісті толық цифрландыру арқылы ғана қамтамасыз етуге болады.

Ресурстарды есептеу және деректерді онлайн режимде беру жүйесін енгізу керек. Тарифтерді өсіру тұтынушыларға атаулы субсидия беру ісімен қатар жүруге тиіс. Бұл үдерісті барынша жеңілдетіп, автоматтандырған жөн. Үкімет елдің коммуналдық-энергетикалық инфрақұрылым нысандарын қайта қалпына келтіріп, дамыту үшін нақты кешенді шаралар әзірлеуі керек. Сонымен қатар әкімдер қаланы абаттандыру жұмыстарын белсенді қолға алып, оның ластануына жол бермеуі қажет.

Ең алдымен, ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу керек. Ол үшін инвестор тарту маңызды. Сондай-ақ, көгалдандыру ісімен айналысу қажет. Қазір бұл жұмыс ойдағыдай жүргізілмей жатыр. Электр қуаты, жылу, су, жалпы тиімді коммуналдық шаруашылық – басты игілігіміз. Оның қолжетімді болуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Бұл – саладағы қордаланған барлық мәселені кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік беретін маңызды әрі кешенді реформа.

СЕГІЗІНШІ. Еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру үшін белсенді жұмыс істеу қажет.

Қазақстанды Еуразияның толыққанды көлік-логистикалық және транзиттік хабына айналдыру – алдымызда тұрған стратегиялық міндет. Осы міндетті іске асыру үшін Көлік министрлігі құрылды. Сондықтан, министрлік осы саладағы өзекті мәселелер бойынша шұғыл және тиімді шешімдер қабылдауы керек. Нақты нәтиже күтемін.

Биыл бірінші жартыжылдықта теміржол саласындағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын қамтитын Бағдарламалық құжатты қабылдау қажет. Мәселе аз емес. Атап айтқанда, вагондарды жаңарту жұмысын тездету керек. Контейнерлердің тапшылығын жою қажет. Магистралды желілерді кеңейтуге қатысты барлық жобаларды жүзеге асыру қажет (2028 жылға қарай 1,3 мың шақырым). Жалпы, теміржол саласын қарқынды түрде цифрландыру керек. Бұл қадам оның тиімділігі мен өнімділігін едәуір арттыруға, бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Келесі – автожол мәселесі. Еліміз үшін айрықша маңызды «Астана-Балқаш-Алматы» тас жолы әлі күнге дейін жөнделіп біткен жоқ. Құрылыс 2017 жылдан бері жүріп жатыр. Республикалық маңызы бар «Атырау-Астрахань», «Ақтөбе-Қандыағаш», «Талдықорған-Өскемен» жолдарының жөнделіп жатқанына 5 жылдан асты. Биыл осы жұмыстар біржола аяқталуға тиіс. Бұл жерде бірнеше мәселені ескеру қажет.

Қалыптасқан тәжірибеге қарасақ, республикалық маңызы бар жолдардың тендерін көп жағдайда тек шетел компаниялары ұтып алады. Мұндай жобаларға қолынан іс келетін, тиісті техникамен жабдықталған өз кәсіпорындарымызды тарту керек. Сонымен қатар, жол құрылысына қажетті техниканы елімізде шығару жолдарын дамытып, өзіміздің дайын өнімді пайдалану керек.

Жалпы, жол мәселесіне келгенде бір ғана мақсат болуға тиіс. Республикалық немесе аймақтық жол болсын, еліміздегі жолдың бәрі сапалы болуы керек. Әзірге жағдай мәз емес.

ТОҒЫЗЫНШЫ. Экономиканы цифрландыру ісін жалғастыру және жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану аса маңызды.

Біз мемлекеттік және қаржы қызметтерін цифрландыру ісінде айтарлықтай табысқа қол жеткіздік. Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша қолма-қол ақшасыз төлем үлесі 88 пайызға жетті. 2020 жылға дейін бұл көрсеткіш 50 пайыздан аспаған еді. Небәрі төрт жылдың ішінде Қазақстанда қаржы технологиясы қарқынды дамыды. Бұл жетістік экономиканың басқа салаларына да үлгі болуға тиіс. Оларды да цифрландыру ісін қолға алатын кез келді.

Әр министрлікте өз саласына цифрлық өзгеріс жасау картасы болуы қажет (Сингапур тәжірибесі бойынша). Мұндай картада министрліктерге қарасты салаларға алдағы бес жыл ішінде қандай технологияның жаппай енгізілетіні туралы көзқарас толық көрініс табуға тиіс.

Жасанды интеллектіні дамытуға баса назар аудару қажет. Сарапшылардың бағалауынша, 2026 жылға қарай әлемдегі кәсіпорындардың 80 пайыздан астамы жасанды интеллект құралдарын қолданады (бүгінде бұл көрсеткіш 5 пайызға да жетпейді).

Медицина, білім беру, креативті индустрия салаларында жаһандық өзгерістер болып жатыр. Біз бұған қазірдің өзінде куә болып отырмыз. Нақты айтқанда, жасанды интеллекті арқылы біз экономикамызды қарқынды түрде дамытамыз, сондай-ақ елімізде ең үздік инновацияларды қолданамыз. Ол үшін жұмысты түбірінен бастауымыз керек, яғни институционалдық орта қалыптастыру керек.

Жасанды интеллектінің негізгі арқауы – мәліметтер, деректер. Алайда, бұл жерде мәселенің екі жағы бар екенін ескеру қажет, бір жағынан, мәліметтер көпке қолжетімді болуы керек, екінші жағынан, қауіпсіздік, жеке мәліметтерге қол сұқпау, мәліметтердің сапалы болуын қамтамасыз ету мәселесі бар.

Үкімет 87 мемлекеттік мәліметтер базасынан құралатын дерекқор қалыптастырды. Алайда жасанды интеллектінің озық үлгілерін жасау үшін мұның өзі аздық етеді. Сондықтан мемлекеттік және коммерциялық сектордағы иесі нақтыланбаған деректерді жинақтай берген жөн.

Сондай-ақ деректерді басқару жүйесінің бірыңғай архитектурасын енгізген дұрыс. Біз қуаты күшті суперкомпьютер құруға кірістік. Ол ғалымдарға ғана емес, сонымен қатар біздің нарықта жұмыс істейтін түрлі компанияларға да қолжетімді болады. Бұл қадам «ауқымды деректерді» кеңінен қолдануға тың серпін беретініне сенімдімін.

Соңғы жылдары ғылым саласына бөлінетін қаржы айтарлықтай көбейді. Соның арқасында министрліктер зерттеу институттарымен бірлесе отырып, жасанды интеллектіні өз саласында қолдануға мүмкіндік беретін жобаларды ұсына алады. Әрине, ең алдымен, білікті кадрлар қажет. Үкімет осы сала бойынша озық білім беру бағдарламаларын әзірлеуге тиіс.

Бұдан бөлек, шетелдің белгілі мамандарын тарту үшін Digital Nomad Residency арнайы бағдарламасын іске қосу керек. Яғни, елімізді әлемдегі «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналдыруымыз қажет. Бір сөзбен айтқанда, заманның ағымынан қалмау керек. Цифрлық технологияны неғұрлым жедел әрі тиімді пайдалансақ, даму қарқынымыз да соғұрлым табысты болмақ.

ОНЫНШЫ. Әлеуметтік салаға айрықша назар аударған жөн.

Реформа жүргізген кезде әлеуметтік көмектің кімге және қалай берілетінін түгел қайта қарау қажет. Яғни, бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсап, оны шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға беру керек.

Қазіргі таңда төрт жарым миллионға жуық адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Бұл – шамамен еліміздің әрбір бесінші тұрғыны деген сөз. Басым көпшілігі – еңбекке жарамды азаматтар.

Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, біз, шыны керек, қоғамда масылдық психологияға жол бердік. Өркениетті ел боламыз десек, мұндай жағымсыз үдеріске тосқауыл қоюымыз керек. Тұратын үйі, тіпті, астында қымбат көлігі бар азаматтарға емес, көмекке зәру адамдарға көмек берілуі қажет.

Жалпы, азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін қайта қараған жөн. Себебі, мемлекеттен көмек алу үшін табысын әдейі азайтып көрсететін адамдар бар. Әлеуметтік көмекті кімге беру қажеттігі адамның кірісіне емес, шығысына қарап анықталуға тиіс. Бұл мәселеде бір нақты шешім қабылдау қажет.

Азаматтарды еңбекпен қамту – халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың маңызды бағыты. Қазір Еңбекпен қамту орталықтары жаңғыртылып жатыр. Осы жұмысты уақтылы аяқтау қажет. Оларға нақты нәтижесіне қарай, яғни жұмысқа орналасқан адам санына байланысты ақы төлеген жөн. Үкімет барлық амал-тәсілді зерделеп, халыққа әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа кешенді үлгісін ұсынуы керек.

Тағы бір маңызды міндет. Еліміздің барлық азаматына бірдей жағдай жасап, шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға жәрдем беру – әлеуметтік мемлекеттің басты міндеті. Қазір мемлекет бюджетінің жартысынан көбі әлеуметтік салаға бөлініп жатыр.

Соңғы жылдары әлеуметтік саладағы инфрақұрылымды дамыту үшін біраз жұмыс атқарылды. Әлеуметтік сала мамандарының, әсіресе педагогтер мен медицина қызметкерлерінің беделін арттыруға баса мән берілді. Енді азаматтарға көрсетілетін қызметтің сапасын жақсарту қажет. Бұл – ең алдымен, денсаулық сақтау саласына қатысты мәселе.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына бес жыл болды. Содан бері бұл саланың бюджеті 2 есе артты. Биыл 2,6 триллион теңге бөлінеді. Алайда, медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес.

Бұдан бөлек, көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады. Соның салдарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келеді. Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуға тиіс.

Медициналық көмектің бірыңғай топтамасын қалыптастыру қажет. Мемлекет кепілдік беретін медициналық қызмет оның базалық бөлігі болуға тиіс. Келесі бөлігі жұмыс берушілер мен азаматтардың жарналарынан құралатын сақтандыру қаражаты есебінен жасақталуы керек. Жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттырған жөн.

Әлеуметтік жағынан осал топтағы кейбір азаматтар үшін медициналық сақтандыру жүйесіне аударылатын төлемдер жергілікті бюджеттен бөлінуге тиіс. Сонымен қатар, медицина инфрақұрылымын дамыту – өте маңызды міндет. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 655 нысан салу жоспарланған еді. Іс жүзінде оның тек 85-і ашылған. Мұның бәрі жұмыстың тиімсіз жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Жобалық-сметалық құжаттар тым баяу әзірленді, құрылыс ұзаққа созылды немесе нысандардың құны қымбаттап кетті деген себептер айтылып жүр. Мұның қай-қайсысы да – құр сылтау. Басқа себебі жоқ деп ойлаймын. Қажет болса, министр де, әкім де кез келген мәселені шұғыл шеше алады. Демек, сондай ниет болмай тұр деген сөз.

Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен жаңа форматтағы 369 мектеп салу жоспарланған. Мұнда техникалық құжаттар дер кезінде әзірленбеген, жер де уақытылы бөлінбеген. Оған қоса, отандық өндірушілердің көбі жаңа мектептердің құрылысына қатыса алмайтынын айтып, шағымданып жүр. Үкіметке, әкімдерге және «Самұрық-Қазына» қорына ұлттық жобаларды жүзеге асыруға кедергі болып жатқан барлық мәселені дереу шешуді тапсырамын.

Жалпы, өткен жыл еліміз үшін табысты болды деп айтуға болады. Әрине, шешімін таппаған өзекті мәселелер әлі де бар. Сондықтан, еліміздің сапалы дамуы үшін тиісті шешімдерді қабылдауымыз қажет. Біз алдағы уақытта жаңа экономикалық бағдармен жүреміз десек, Үкімет және әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс.

Ұлттық экономиканы өркендету үшін жаңа идеялар және ұзақ мерзімге арналған жүйелі ұстаным қажет. Біз еліміздің даму қарқынын күшейтуіміз керек. Экономиканы әртараптандырып, шетелден көбірек инвестиция тарту қажет. Үкіметтің басты міндеттерінің бірі – экономикалық қызмет субъектілерінің бәріне бірдей жағдай жасау. Экономикаға жаңа серпін беру үшін Үкімет кәсіпкерлермен, инвесторлармен толыққанды серіктес ретінде тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет.

Мемлекеттік аппарат барынша тиімді және үйлесімді жұмыс істеуі керек. Қағазбастылық, көзбояушылық дегенді доғару қажет. Осындай жағымсыз үдерістердің кесірінен жұрттың реформаға және Әділетті Қазақстанға деген сенімі азаяды. Жоғарыдан тапсырма берілгенін, азаматтардан арыз түскенін немесе жағдайдың нашарлап кеткенін күтіп отырмау керек. Бастама көтеріп, дербес жұмыс істей білу қажет.

Қазір бүкіл әлем аса күрделі тарихи кезеңде өмір сүріп жатыр. Осындай кезеңде мемлекеттердің көпжылдық даму бағдары айқындалады. Сондықтан, біз уақыт талабына сай болып, жылдам әрі батыл қимылдауымыз керек. Жалаң сөзге уақыт кетірмей, нақты әрекет жасап, саяси жауапкершілік таныту қажет. Дәл қазіргі кезеңде әрбір күннің қадірін дұрыс түсініп, қолда бар мүмкіндікті дұрыс пайдалануымыз керек. Әйтпесе, жаһандық бәсекеге ілесу қиын болады.

Табысқа жету үшін мемлекет пен қоғам ортақ мүдде жолында әрдайым бірге болуы керек. Біз өркениетті ұлт ретінде тек жарқын болашаққа ұмтылып, тек алға қарай қадам басуымыз қажет. Қазір Үкімет айрықша құзыретке ие болды. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану керек. Шұғыл түрде тиісті шешімдерді қабылдау қажет. Мен бүгін бірқатар маңызды мәселеге тоқталдым. Әрине, басқа да өзекті мәселелер бар. Үкіметтің алдында тұрған міндеттер – өте маңызды. Дереу жұмысқа кірісу керек. Түптеп келгенде, экономиканың әр саласында түбегейлі реформалар жасалуға тиіс.

Мемлекет басшысының сөзі аяқталды.

Ақпарат: t.me/aqorda_resmi

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

24 шілде 2024, 18:41
19 шілде 2024, 23:40
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar