USD474.83EUR515.38RUB5.5

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

07 ақпан 2024, 16:35
Еліміздің 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

Мемлекет басшысы:

Келесі маңызды міндет. Индустрия саласында мықты орта кәсіпкерлікті қалыптастыру қажет. Мен осы мәселені бірнеше рет көтердім. Алайда, әлі күнге дейін жүйелі жұмыс жоспары жасалған жоқ. Қандай басымдықтар болуы керек, кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетіледі деген сұрақтардың жауабы әзірге белгісіз.

Жалпы, елімізде заманға сай жаңа өндірістер ашуға мүмкіндік жетеді. Мысалы, ірі мұнай-газ және тау-кен компаниялары жер қойнауын игеру кезінде озық технологияны пайдалана отырып, ұлттық экономиканың құрылымын өзгертуге тиіс.

Елімізде жол және құрылыс техникасын, энергетика саласына, суару жүйесіне қажетті құрал-жабдықтар мен басқа да көптеген дайын өнім шығаруға болады. Мұндай өндірістерді қазірден бастап қолға алмасақ, құрал-жабдық импортына толық тәуелді болып қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан индустриялық саясат инфрақұрылымды жаңғырту және минералды-шикізат кешенін дамыту жоспарына сай жүргізілуі өте маңызды. Осы орайда, еліміз машина жасау саласында біршама табысқа жетті.

Енді автокөлік құрастырудың анағұрлым күрделі деңгейіне біртіндеп көшу керек. Елімізде өңдеу өнеркәсібінің басқа да болашағы зор салаларын дамытқан жөн. Сондай-ақ, ішкі нарықтың сұранысын толық өтегеннен кейін бизнесті экспортқа шығуға бағыттау қажет. Мұндай қадам кәсіпкерлеріміздің бәсекеге қабілеті жоғары екенін көрсететін болады.

Нақты секторды ұзақ мерзімге арналған қаржымен қамтамасыз ету – өнеркәсіп саласын қарқынды дамытудың негізгі шарты. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін тиімді пайдалану – осы мәселені шешудің бір амалы. Бұл ретте, әрине, міндетті түрде зейнетақы жинағының сақталуын қамтамасыз ету керек. Сондықтан, экономиканы әртараптандыруға және индустрияландыруға ықпал ететін жобаларды мұқият іріктеу қажет.

Экономикалық айналымға түсетін зейнетақы активтерін тек қана нарық талаптарына сай қолдану керек. Бұл мәселеде салымшылар алдындағы жауапкершілік өте жоғары. Қажет болса, Үкімет бірыңғай зейнетақы салымдары есебінен жүзеге асырылатын жобалардың пайыздық өсімін субсидиялауға тиіс.

Осы маңызды жұмысқа квазимемлекеттік құрылымдар сияқты делдалдарды қолдан жасаудың қажеті жоқ. Мұндай жағдай бұрын талай рет болған. Бұл іске тиісті сараптама жасай алатын және қажетті инфрақұрылымы бар екінші деңгейдегі банктерді белсенді түрде тарту керек.

Банктерді экономиканың нақты секторына қаржы құюға ынталандыру керек. Үкімет пен Ұлттық банк өзара тығыз ынтымақтасып, бұл жұмысты бірлесе жүргізуге тиіс. Жалпы, Ұлттық банк инфляция үдерісі мен экономиканың өсімін бақылап отыруды көздейтін тиімді жалпымемлекеттік саясатты ұстануы керек.

АЛТЫНШЫ мәселе. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды.

Ауыл шаруашылығының дамуын тежеп тұрған кедергілерді бәріміз білеміз. Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Инвестицияның тапшылығы техниканың тозуына, егіннің бітік және еңбектің өнімді болмауына әкеп соқтырады. Сондықтан, ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті, мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет. Оған бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейдегі банктерден қаражат тартқан жөн.

Көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керек. Ал инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашады.

Сондай-ақ минералды тыңайтқыш себуді ғылыми негізі бар қажеттіліктің тым болмағанда жартысына жеткізуге мүмкіндік береді. Бір гектар жерден 10 центнер өнім алу – еліміз үшін мақтанатын көрсеткіш емес. Демек, Қазақстандағы кәсіпорындарда сапалы тыңайтқыштар өндірілгенімен, агрохимия саласында мүлде жұмыс істелмейді.

Мен былтырғы Жолдауымда осы салаға қатысты нақты тапсырма бердім. Үш жыл ішінде агроөнеркәсіп саласындағы өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға жеткізу туралы міндет қойылды. Бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс жасалып жатқан жоқ.

Қазіргі таңда тек шикізат өндірісіне ғана сеніп отыруға болмайды. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеумен белсенді түрде айналысу керек. Үкімет осы мәселеге айрықша назар аударуға тиіс. Ауыл шаруашылығымен шұғылданам деушілердің санын мейлінше көбейту керек. Дақыл түрін көбейтіп, егіннің шығымын арттырып жатқан диқандарға жан-жақты қолдау көрсеткен жөн.

Сондай-ақ, бірыңғай жер салығын қолдану мәселесін қайта қарастыру қажет. Себебі, іс жүзіне келгенде, біраз түйткілдер бар. Негізгі талап – салық төлеуді жеңілдету ғана емес. Ең бастысы, шаруалар жерді тиімді пайдаланып, барынша мол өнім беруге ұмтылуы керек.

Мемлекеттік қолдау шараларын «бір терезе» қағидасымен жүзеге асыру қажет, яғни салалық қаржы институттарының қызметін бір жерге біріктірген жөн. Аграрлық несие корпорациясының әлеуетін арттырып, оған әкімдіктердің ауыл шаруашылығын субсидиялау құзыретін беру қажет. Ол үшін агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне жеңілдетілген несие және субсидия беру қызметтерін бірыңғай цифрлық платформаға біріктіру керек.

Жалпы, агроөнеркәсіп кешеніне ауқымды реформа жасалуға тиіс. Нақты айтқанда, жаңа технологияларды енгізіп, жерді және басқа ресурстарды ұтымды пайдаланып, жеңілдіктер мен субсидиялардың тиімділігін арттыру қажет. Мұның бәрі, түптеп келгенде, ауыл шаруашылығындағы еңбектің өнімділігін арттырады, яғни нақты нәтиже береді.

Су ресурстарының қолжетімді болуы – агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына тікелей ықпал ететін маңызды фактор. Былтыр Жамбыл облысының диқандары су тапшылығынан қатты зардап шекті. Биыл да құрғақшылық болуы мүмкін.

Арнайы құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысы әзірге ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Ал, көрші мемлекеттер су тапшылығын жою үшін нақты мақсат қойып, белсенді жұмыс істеп жатыр. Ал бізде болса, су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы тек жақында ғана қабылданды. Бұл құжат тым ұзақ талқыланды. Ашығын айту керек, жағдай өте күрделі. Мысалы, еліміздегі суармалы жердің 13 пайызында ғана су үнемдеу технологиясы бар.

Әсіресе, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы жағдай мүшкіл, құрғақшылық қаупі аса жоғары. Соған қарамастан, осы аймақтарда тиісті жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Сондықтан, суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту керек, су үнемдейтін технологияны енгізу қажет. Ахуалды жақсарту үшін батыл әрекет жасау керек.

Ең алдымен, су үнемдеу технологиясын кең ауқымда енгізген жөн. Шыны керек, біз суды тым орынсыз жұмсаймыз. «Судың да сұрауы бар». Бүкіл ел болып суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Көрші мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, тиімді тұстарын алу қажет.

Елді сумен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет, ұлттық қауіпсіздік мәселесі деуге болады. Өнеркәсіпте, агросекторда, коммуналдық шаруашылықта, жалпы, барлық салада суды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше мән беру қажет.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

24 шілде 2024, 18:41
19 шілде 2024, 23:40
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar