USD474.83EUR515.38RUB5.5

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді

07 ақпан 2024, 16:24
Еліміздің 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді

Қазір құрылыс саласында сараптама жасауды мемлекеттің иелігіне қайтару мәселесі қызу талқыланып жатыр. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең басты міндет. Құрылыс сапасына жасалатын бақылауды міндетті түрде күшейту керек. Бұл – анық дүние. Алайда, мемлекет осы нарықты түгел иемденіп алмауы қажет. Шынайы бәсеке болуға тиіс. Үкімет барлық тараптың мүддесін ескеруі керек.

Бұл салада үлескерлік құрылысқа, ғимараттардың заңсыз әрі орынсыз салынуына, мүлік иелерінің бірлестігін реформалауға қатысты қордаланған мәселелер бар. Азаматтар үнемі шағымданып жатады. Алайда, құзырлы органдар әлі күнге дейін тиісті шара қолданбай отыр. Үкімет бұл мәселе бойынша жыл соңына дейін нақты шешім қабылдауы керек.

Тағы бір өзекті мәселе – сыбайлас жемқорлық. Бұл – құрылыс саласын ғана емес, жалпы экономиканы дамытуға тосқауыл болатын фактор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаппай күресу қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Осы бағытта біраз жұмыс жасалды, нәтиже де бар. Бірақ, солай екен деп, босаңсуға болмайды. Жұмысты жалғастыру қажет. Әсіресе, цифрландыруды белсенді түрде қолдану керек.

Қазір құрылыс саласында бірнеше ақпараттық жүйе бар. Осындай тәсілдер арқылы бөлінген қаражаттың мақсатқа сай жұмсалуын қамтамасыз ету қажет, яғни барынша ашық және қатаң бақылау болуға тиіс. Бұл – өте маңызды мәселе. Себебі, қаржының ұрлануы, ең алдымен, құрылыстың сапасына әсер етеді және бюджетке қосымша салмақ салады. Ақшаға цифрлық теңге арқылы ен салу және оны қадағалау, басқаша айтқанда, «ақшаны бояу» бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайтын өте маңызды тетік болуы мүмкін.

Бүгінде цифрлық валютаны қолдануға қатысты пилоттық жобалар тиімді жүзеге асырылып жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесіп, осындай жобалардың ауқымын кеңейтуді, оның ішінде құрылыс саласына барынша енгізуді тапсырамын.

ТӨРТІНШІ. Экономиканы кешенді түрде ырықтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет.

Бұл – мемлекеттің экономикалық үдерістерге тым араласуынан біртіндеп бас тартуға мүмкіндік беретін өте маңызды реформа. Мысалы, отын-энергетика нарығындағы бағаны шектен тыс реттеу мұнай өндірісін төмендетіп, өнім тапшылығын туындатты. Үкімет бұл жағдайдан тиісті қорытынды жасады, ахуал біртіндеп түзеліп жатыр.

Сонымен бірге, ұялы байланыс нарығында олқылықтар көп. Қызмет сапасын әлі де жақсарта түсу керек. Мемлекеттің үлесін біртіндеп азайтып, басы артық шектеу және реттеу шараларын алып тастау қажет. Бұлар экономиканың барлық саласына қатысты маңызды міндеттер. Бақылаусыз монополияны, ресурстарды әділетсіз бөлуді, бәсекенің заңсыз тәсілдерін қолдануды түбірімен жою қажет.

Жекешелендіру тиімді жүргізілген жағдайда ғана экономиканың барынша еркін дамуына жол ашылады. Бұл мәселе бойынша көптеген жоспар жасалды, дегенмен, «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып тұр. Себебі бұл жоспардың бәрі құр тізім ретінде әзірленді. Онда мүлікті иеліктен шығару қажеттігіне талдау жасалған жоқ, жекешелендірудің нақты шарттары да анықталмаған. Жекешелендірілетін кәсіпорындар туралы ақпарат қолжетімді емес.

Жекешелендіру тәсілін таңдау тәртібі де толық реттелмеген. Бұл жағдай сыбайлас жемқорлық қаупін туындатады. Үкіметке мемлекеттік меншік тізілімін қайта қарауды және жекешелендіру үдерісінің әдіс-тәсілін нақтылауды тапсырамын.

Ұлттық компанияларды IPO-ға шығару мәселесін қайта қарау өте маңызды. Бұл істе негізгі мақсат – мемлекеттік активтердің тиімділігін арттыру. Корпоративтік басқарудың заманауи әдіс-тәсілдерін енгізу қажет. Сол арқылы компаниялардың барынша ашық қызмет етуін қамтамасыз етуге болады. Үкімет алдағы екі жылда акцияларының едәуір бөлігі IPO-ға шығарылатын ірі нысандардың нақты тізімін жасауға тиіс.

Тағы бір маңызды мәселе. Квазимемлекеттік секторда ауқымды реформа жасау қажет. Қай жерде мемлекеттің үлесі сақталуы керек, қай тұста бәсекені дамыту қажет деген мәселені біржола шешіп алған жөн. Әсіресе, «Самұрық-Қазына» қорына кіретін компанияларда мемлекеттің үлесі басым. Сондықтан, жұмысты солардан бастау керек. Қорды түбегейлі сауықтыру үшін жүйелі әрі тың шаралар қажет.

Негізгі мақсат – инвесторлармен бірлесе отырып, ірі жобаларды кеңінен жүзеге асыру арқылы Қордың экономикалық құнын арттыру. Үкіметке бір ай ішінде Стратегиялық жоспарлау және реформалар, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерімен бірлесе отырып, Экономиканы ырықтандыру (либерализация) туралы Жарлықты әзірлеуді тапсырамын. Құжатта үш бағытқа баса мән берілуі керек: нарықтағы бәсекені арттыру, жекешелендіруді тиімді жүргізу және квазимемлекеттік секторды реформалау мәселелері.

БЕСІНШІ. Еліміздегі өндірістің дамуына тың серпін беру қажет.

Баршаға түсінікті және тиімді индустрия саясатын жүргізу үшін былтыр жеке министрлік құрылды. Содан бері біраз уақыт өтті, енді жұмыстың нәтижесін көрсету керек.

Министрлік саланың даму бағдарын анықтап, инвесторларға жол көрсетуі керек. Озық технологияны қолданатын жаңа өндірістер ашу қажет. Алайда, нақты шаралар мен әдіс-тәсілдер дайын емес.

Өндірістің дамуына серпін беретін жобалардың тізімі бар, дегенмен, бұл жұмыс та толық аяқталмаған. Бұл өндірістер экономика құрылымын өзгертуге, еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалауға және технологиялық өсімді қамтамасыз етуге тиіс. Әзірге мұның ешқайсысы іске асқан жоқ.

Көптеген жобаны қаржыландыру көздері айқындалған жоқ. Мемлекет болашақта еліміздің экономикалық өркендеуіне негіз болатын ауқымды әрі инновациялық жобаларды бірінші кезекте қолдауы қажет. Осы тұста, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртумен қатар, еліміз үшін мүлде жаңа өндіріс орындарын ашуға баса мән беру керек.

Үкімет халықаралық қаржы институттарымен, трансұлттық корпорациялармен және отандық кәсіпкерлермен арадағы сындарлы диалогты нығайта түсуі қажет. Жалпы, еліміздің болашақтағы индустриялық келбеті қандай болады, қандай кәсіпорындар маңызды рөл атқарады деген сауалдарға жауап болуға тиіс. Яғни, уақыттың талабына сай белсенді жұмыс істеу керек.

Келесі маңызды міндет бұл – қазіргі өндіріс орындарын түбегейлі жаңғырту мәселесі. Бұл жұмысты, ең алдымен, әбден тозған металлургия комбинаттарынан бастау керек. Өйткені, ондағы жағдай өте нашар деуге болады. Себеп – бәрімізге белгілі. Өндірісті дамытуға және жаңғыртуға қажетті инвестиция салынбайды. Соның салдарынан дайын өнімнің қосылған құны төмендейді, сапалы жұмыс орындары азаяды.

Бұдан бөлек, өндірістің техникалық жағдайына да қатаң бақылау жасап отыру қажет. Кейбір инвестор тапқан табысын тек қалтаға басқанды жөн көреді. Еңбек қауіпсіздігі, экология, өндірісті жаңғырту сияқты маңызды мәселелерге мүлде назар аударылмайды. Мұндай жағдайға бәріміз куә болдық.

Сондықтан, менің тапсырмаммен Қарағанды комбинаты ұлттық инвесторға берілді. Оған берілуінің басты себебі – инвестордың кәсіпорынды кешенді түрде жаңғыртамын деген ниетінің болуы. Өндірістің жұмысын тоқтатпау және апатты жағдайға жол бермеу үшін кен орнын дереу қалпына келтіру, өндірістік қауіпсіздікті күшейту, материалдық-техникалық базаны жаңарту керек. Сондай-ақ, жаңа өндірістер ашып, қосылған құны жоғары тауарлар шығару үшін ауқымды инвестиция тартқан жөн.

Жоғары технологиямен сапалы құрыш құю тәсілін меңгеру керек. Мұндай өнімдер көлік жасау өнеркәсібіне және басқа да салаларға қажет. Алдағы бес жылда кәсіпорын өндіріс қарқынын барынша арттырып, ТМД-да көш бастап тұрған металлургия комбинаттарының қатарына қайта қосылуы керек.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

24 шілде 2024, 18:41
19 шілде 2024, 23:40
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar