«Қысқа мерзім ішінде Қор біздің облысымызда ауқымды жұмыстарды жүзеге асырды. Ол үшін өзіңізге қордан көмек алған жандардың атынан алғысымды білдіремін. Бүгінгі таңда біз бірлесіп жүзеге асырғымыз келетін жобалардың тізімін дайындадық», - деді аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев.
Қор денсаулық сақтау саласына 100 миллион теңгеден астам көмек көрсетті. Бұл медициналық мекемелерді заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтауға, онкологиялық құрылғыларды шетелден әкелуге мүмкіндік берді.
Білім саласында да көптеген оң өзгерістер орын алды. Аягөз қаласындағы көпсалалы гимназияда 250 миллион теңгеге материалдық-техникалық база жаңартылды, Семей қаласындағы №6 мектеп-интернатының STEM кабинеті, зертханасы заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталды. Университет студенттеріне «Coursera» әлемдік білім беру платформасын қолжетімді болып, сабақ мазмұны қазақ тіліне аударылды. Ауыл оқушыларына арналған жазғы лагерьлер ұйымдастырылды.
Айта кетсек, Қор Бородулиха ауданындағы өрт кезінде қаза тапқан орманшылардың отбасына жалпы сомасы 127 миллион теңге мөлшерінде материалдық көмек көрсетті.
Жиын барысында білім, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, дене шынықтыру және спорт, мәдениет, тілдерді және архив ісі, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармалары өз жобаларын ұсынып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Қазақстан халқына» қорымен бірлескен жұмыс ары қарай да жалғасады. Қазіргі таңда өңірдегі өзекті мәселелерді шешу және мұқтаж жандарға қолдау көрсету мақсатында жаңа жобалар мен бастамалар әзірленіп жатыр.