Облыста 2019 жылы жалпы аумағы 443 мың шаршы метрді құрайтын 40 көпқабатты тұрғын үй мен 54 жеке тұрғын үй қолданысқа берілді.
Бауыржан Құдияровтың айтуынша, биыл өңірде аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес тұрғын үй құрылысы екі есеге артады. Нәтижесінде облыста жалпы аумағы 550 мың шаршы метрді құрайтын 76 көпқабатты тұрғын үй салынады. Бұл өз кезегінде өңірдегі тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуына мүмкіндік бермек.
Ағымдағы жылдың 20 ақпанында ұсынылған дерек көздеріне сүйенсек, облыс бойынша 1847 көпбалалы отбасы баспана кезегінде тұр. Бауыржан Құдияровтың айтуынша, соңғы бір жылдың ішінде бұл көрсеткіш екі есеге артқан. Сондай-ақ басқарма басшысы биыл 329 аз қамтылған көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлайтынын атап өтті. Алайда облыс әкімі Даниал Ахметов жауапты сала мамандарына жыл сайын 550-600 отбасыны баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды.
Айта кетейік, өңірде «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша тұрғын үй алуға 314 көпбалалы отбасы өтініш білдірген. Оның ішінде 290-ы мақұлданған. Ал 2019 жылы аталмыш бағдарлама бойынша алғашқы жарнаны өтеу үшін 70 тұрғын үй сертификаты табысталғанын атап өткен орынды.
Өткен жылы облыста «7-20-25» бағдарламасы бойынша 817 пәтер қолданысқа берілді. Бұдан бөлек 226 пәтердің құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 5 наурызына дейін облыстағы екінші деңгейлі банктерге дәл осы бағдарлама арқылы баспана алуға 1298 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 817-і мақұлданған.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан республика көлемінде «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша бесінші орында тұр. Ал облыс бойынша Ақтөбе, Қостанай аймақтарынан кейін үшінші орында екенін атап өткен орынды.