USD483.23EUR534.74RUB5.12

БЕРДІБЕК МӘШБЕКҰЛЫ ЕЛ ЕСІНДЕ

13 маусым 2023, 16:25
Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев (9 сәуір 1953, Талап, Жаңақорған ауданы — 10 маусым 2023, Көкшетау) — қазақстандық мемлекет және қоғам қайраткері, 2020–2022 жылдары Жамбыл облысының әкімі, 2019–2020 жылдары Қазақстан премьер-министрінің орынбасары.
БЕРДІБЕК МӘШБЕКҰЛЫ ЕЛ ЕСІНДЕ

Әкесі - Нәлібаев Мәшбек Сапарбайұлы, бригадир. Анасы - Нәлібаева Бибіш. Қоңырат тайпасы Жаманбай руы Қараша бұтағынан шыққан. Алматы халық шаруашылығы институтының жоспарлау экономикалық факультетін бітірген (1977), экономист. Экономика ғылымдарының докторы (1999). Докторлық диссертациясының тақырыбы: «Өндірістік-шаруашылық жүйедегі инвестициялық үдерістерді басқару».

ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының құрметті мүшесі (1996). «Аймақтың өтпелі кезеңдегі экономикасы» (1995), «Арнаулы экономикалық аймақтар. Құру тәжірибесі» (1996), «ҚР Кеден кодексі» (2003) кітаптарының, ҚР Кеден кодексіне түсініктеменің (2005) авторы.

1969 жылдың тамыз айынан - Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы «Задария» кеңшарынының №3 бөлімшесінде жұмысшы, әрқилы қарапайым жұмыстарды атқарушы.1971 жылдың мамырынан - Кеңес Әскерінің қатарында қызметте.

1977 жылдың тамыз-қыркүйек айларында - Мемеңбек жинақ кассасының Қазақ республикалық басқармасында тексеруші.1977 жылдың қазан айынан - ҚазКСР Қаржы министрлігінің Мәдениетті және денсаулық сақтауды қаржыландыру басқармасында экономист, 1978 жылдың қазан айынан - аға экономист,

1983 жылдың мамыр айынан -жетекші экономист, 1985 жылдың шілде айынан - бас экономист, 1986 жылдың наурыз айынан - бөлім бастығының орынбасары. 1988 жылдан - ҚазКСР Халыққа білім беру министрлігі жоспарлау-қаржы басқармасының бастығы. 1990 жылдан - ҚР Білім министрінің орынбасары.

1994 жылдан - ҚР Президенті және ҚР Министрлер кабинеті Аппаратының қаржы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ҚР Бесарык Министрлер кабинетінің Істер басқармасы қаржы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі. 1995 жылдың наурыз айынан - ҚР Министрлер кабинеті Аппаратының жетекшісі. 1995 жылдың қыркүйек айынан - Қызылорда облысының әкімі. 1999 жылдан - Түркістан облысының әкімі. 2002 жылдан - ҚР Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы. 2004 жылдан - қаржы вице-министрі - ҚР Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінің төрағасы.

2006 жылдан - ҚР Премьер-министр кеңсесі жетекшісінің орынбасары - ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкіметтің өкілі. 2007 жылдан - ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі. 2009 жылдан 2014 жыл қарашасына дейін - Шығыс Қазақстан облысының әкімі. 2011 жылдан - Қазақстан премьер-министрінің орынбасары. 2015 жылдың 11 қыркүйегінен - Ақтөбе облысының әкімі. 2019 жылғы 25 ақпанда Қазақстан Республикасының Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі лауазымына тағайындалды. 2019 жылғы 20 тамызда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары болып тағайындалды. Ол 2023 жылы 10 маусымда таңертең 71 жасында қайтыс болды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және еліміздің басқа да көрнекті қайраткерлері көңіл айтты.

 

******

Бердібек Мәшбекұлы іскер, қарапайым, кішіпейіл, талапшыл қасиетімен елге сыйлы болған арда азамат. Еңбек жолында екі рет ҚР Премьер-министрінің орынбасары болды, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып елеулі қызмет атқарды. Терең білімі мен тәжірибесінің арқасында бес облысты (Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл) басқарды. Қызмет еткен жерлерінде жақсы ісі мен өнегелі ізі қалды. Қызмет ауыстырғанда халық қимай қоштасып тұрып шығарып салғанын талай көзіміз көрді.

    Іскерлігі мен мәселені шеше білетін қабілетіне байланысты ең бір күрделі, жауапты салаларға басшылыққа жіберілетін. Мемлекет басшысы мен халықтың сенімін ақтай білетіндігімен ерекшеленді.

    2010 жылғы алапат су тасқыны бәріміздің есімізде. Күннің күрт жылынуынан еріген қар суы әсіресе, ауданымыздағы Көкжыра мен Жәнтікей ауылын тып-типыл етті. Ауылдағы барлық әлеуметтік ғимараттар, дүние-мүлік, тұрғын үйлер жарамсыз күйге түсті, мал шығынға ұшырады. Айтып келмейтін апат жолындағының бәрін жайпады. Ол кезде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Мәшбекұлы болатын. Дереу Өскеменнен ұшып келіп, оқиғаның мән-жайына қаныққан соң, бірден іске кірісті. Халықтың ортасында болды, былайша айтқанда етігімен су кешті. Апта сайын келіп, жағдайды бақылап тұрды.  Халықты сабырға шақырып, қалпына келтіру жұмыстарына байланысты іс-әрекетті ұтымды ұйымдастыра білді. Ол кісінің бір жағы абырой беделінен болар, жер-жерден: Қостанай, Қарағанды, Алматы, Көкшетау өңірлерінен төтенше жағдаймен күрес техникалары жеткізілді. Жан-жақтан көмек ағылды. Азық-түлік, киік-кешекпен, малға жем-шөппен қамтамасыз етілді.

Соның нәтижесінде бірнеше айдың ішінде Көкжыра мен Жәнтікей ауылында 450-ден астам баспана тұрғызылды. Біршама су шайған Көктүбек ауылынан 24 үй, Ойшіліктен 7 үй, Қызылкесіктен 3 үй және көпір салынды. Көкжыра мен Жәнтікейде мектеп, дәрігерлік амбулатория сынды әлеуметтік нысандар жаңадан бой көтерді. 30-ға жуық құрылыс компаниялары қарқынды жұмыс істеп, су алған ауылдар аз ғана уақыттың ішінде адам танымастай қайта жаңғырып, жаңарып шыға келді. Жергілікті халыққа мал алуға төмен пайызбен несиелер берілді. Осы жұмыстарды іске асырудың басы-қасында Бердібек Мәшбекұлы тұрды. Түпкі нәтижеге жеткенше тынымсыз еңбек етті. Бұл жақсылықты Ақсуат ауданының халқы ешқашан ұмытпасы анық.

Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев шығысқазақстандықтардың және барша елдің ыстық ықыласына бөленіп, елінің мейлінше түрлене түсіп, гүлденіп, көркеюіндегі өлшеусіз еңбегін нық сеніммен айта аламыз.

Шығыс Қазақстан мен Өскеменде қызметімді бастаған тұста Бердібек Мәшбекұлымен тонның ішкі бауындай біте қайнасып, бірге қызмет еттік. Дана ұстаз және тәлімгер ретінде мәңгі есімде қалады. Билік саласындағы мол тәжірибесін, білім-білігін, қажыр-қайратын қайтсем де облыстың атақ – абыройын асқақтатамын деген мақсатқа арнады, халыққа қызмет етіп, Қазақстанымызды жан-тәнімен сүйді.

Амал нешік, ажал ғайып тамаша адамды ортамыздан алып кетті.  Бір сөзбен айтқанда, Бердібек Мәшбекұлы өмірінің 40 жылын мемлекеттік қызметке арнап, еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени тұрғыдан дамуына қажыр-қайратын салған қайраткер тұлға. Туған елі алдында перзенттік парызын адал атқарған арда азамат, аяулы ағамыздың жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады.

Көңіл айтушылар: О.К.Байуақов, Д.З.Жақсыбаев, А.Қ.Омаров, В.М.Крапачева, М.М.Калачян, В.Е.Саурова, Г.З.Қайса, С.Байқадиев, Е.В.Панталеева

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

5 сағатқа жетпей
27 қыркүйек 2024, 10:07
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar