USD449.3EUR489.69RUB4.89

Абай облысына 1 жыл!

16 наурыз 2023, 11:59
Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатовтың әлеуметтік желідегі парақшасындағы жазбасынан:
Абай облысына 1 жыл!

Бүгін Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Абай облысын құру туралы шешім қабылдағанына бір жыл толды. Руханият пен өнердің, мәдениеттің ордасы болған қала ел тарихында алар орны айрықша екенін баршамызға мәлім. 25 жылдан кейін облыс орталығы мәртебесін қайта алған семейліктер үшін бүгінгі дата тарих бетінде алтын әріппен сақталады деп ойлаймын.

Өсиетті ел, қасиетті жер – Семейге әкім болу маған зор мәртебе деп білемін. Десек те, салмағы басым, артар жүгі ауыр жауапкершілік. Әлеуметтік желіде қаламыз туралы алып-қашпа әңгімелер жүр. Алайда шындықты бәріміз білеміз. Жыл сайын 10 000-нан астам шетелдік турист қаламызға келіп оның тарихына, мәдениеті мен әдебиетіне таңданыспен қарайды. Осын-ау, төрткүл әлемді өзіне қаратқан қаламызды, өмір сүруге ең қолайсыз қала деген уәжге келісе алмаймын!

Еуразия құрлығының кіндігінде орналасқан қаламыз, ежелден-ақ, сауданың транзит орталығы болған. Соңғы 9 ай ішінде қаламызға қызығушылық танытқан инвесторлардың саны көбейді. 2023 жылдың 2 айында шағын және орта бизнес субъектілерінен түсетін салық түсімдері мен төлемдерінің көлемі едәуір артып, өсу қарқыны 2022 жылдың ұқсас кезеңіне 112,0% құрады. Қазіргі таңда 2023 жылы еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға адамдар тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар да бөлінеді. Биылғы жылы жүзеге асыруды көздеп отырған жұмыстардың жоспарын бұдан бұрын да айтқанмын.

Семей қаласы облыс орталығы болғандықтан, қаланың келбетін заманға сай икемдеп, инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік, экономикалық дамуына аса мән беріп, жұмыстар атқаруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, қалалық әкімдік тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру үшін, бірнеше жоба әзірледі.

Рухы биік, мінезі өр,алашшыл азаматтардың кіндік қаны тамған киелі мекеніміздің болашағы жарқын болатындығына сенемін. Барша қала тұрғындарын еліміздің, облысымыздың, қаламыздың патриоты болуға шақырамын. Қаламыз көркейе берсін!

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar