
«Қазір ғана Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровпен сөйлестім. Бізге сайлау науқаны барысы жайында жан-жақты ақпарат берілді. Бұл біздің Қазақстандағы парламенттік және президенттік сайлауларды байқаушылардың 17-ші, ал жалпы ТМД кеңістігіндегі 120-шы миссиясы екендігін атап өткім келеді», - деді ТМД бас хатшысының бірінші орынбасары Леонид Анфимов ОСК-де өткен брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, миссия құрамына ТМД мемлекеттері өкілдерінен бөлек, ТМД-дағы қатысушы мемлекеттердің парламентаралық ассамблеясының, ҰҚШҰ парламенттік ассамблеясының, Беларусь пен Ресей парламенттік ассамблеясының, ТМД Атқарушы комитетінің байқаушылары кіреді.
«ТМД-дан байқаушылар миссиясы мүшелерінің жалпы саны шамамен 200 адамды құрайды деп болжанады. Бүгіннен бастап ТМД байқаушылар миссиясы Астанада жұмысын бастайды», - деді Леонид Анфимов.
ТМД өкілінің айтуынша, миссия жұмысы барысында саяси партиялардың сайлауалды штабтарымен, депутаттыққа кандидаттармен бірнеше кездесу өткізіп, барлық деңгейдегі сайлау учаскесінің жұмысымен танысуы жоспарланған.
«Байқаушылардың негізгі тобы дауыс беруге 2-3 күн қалғанда, яғни 16-17 наурызда Астанаға келеді деп күтіледі. Жалпы біз тек Астанада ғана емес, сонымен бірге елдің өзге де өңірлерінде дауыс беру процесін байқайтын боламыз», - деді ол.