Өткен жылы қараша айында ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастикалық комиссияға Семей әуежайына Абай атауын беру туралы ұсыныс түскен еді. Ұсыныс сол жақтан қолдау тапты. Ал ғимараттағы белгі 2020 жылдың 29 қаңтарында өзгертілген.
Бұл шара халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде мерекеленетін Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында іске асырылып отыр.
Айта кетелік, ақынның есімімен қаламыздағы театр, мұражай, қалалық кітапхана мен орталық көшелердің бірі аталған.
Абай Құнанбайұлының мұрасы – адамды адам етіп тәрбиелеуде жан-жақты дамыған тұлға қалыптастырудың қайнары. Халықаралық әуежайды ұлы ақын есімімен аталуында бір астарлық мән бар деп санаймыз. Ұрпақты Абай үлгісінде тәрбиелеу – ізгілікке, имандылыққа, адамдыққа, биік адамгершілікке бастайтын жол. Оны жүзеге асыру мақсатында жүргізіліп отырған іс-шара Абай атамыздың идеологиялық мұрасын бүкіл әлемге насихаттау қадамдарының бірі деп есептеуге болады. Абай Құнанбайұылының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Семей тұрғындары үшін бұл жаңалық қуаныш әкелетіні анық.
Бұл ресми атауға жергілікті тұрғындардың көзқарасы оң болды.
Берік Қанапин, спорт ардагері:
- Мен әуежайға Абай бабамыздың атын бергеніне өте қуаныштымын. Себебі қазақтың бас ақыны, дара да дана тұлғасы қашанда құрметке лайық, сол себепті бұл атау маған ұнайды. Қала көркіне көрік қосатын әуежай жұмысының тұрғындарға сапалы қызмет етіп, барар жерлеріне аман-есен қондыруын тілеймін.
Қанат Мейрамханов, қала тұрғыны:
- Бір апта бұрын Алматыға жол тартқанымда бұл атау болмаған еді. Қазір ғана Семей қаласына қондық. Бұл өзгеріске қатты қуандым. Абай қазақтың бас ақыны екені даусыз. Тіпті тек қана әуежайды емес, аймаққа да Абайдың атауын берсе қарсы емеспін,- деп өз ойын білдірді.
Абай идеологиясы уақыт озған сайын дәуір талабына сай әр қырынан өсіп , өркендеп отыратын асыл мұра. Оның мұрасы әлемнің түкпір-тікпіріне насихатталып, ұрпақтар санасында берік орын алар сөзсіз.