
«Семей қаласынан Ақтау, Атырау, Шымкент, Үржар және Павлодар бағыттары бойынша авиарейстерді субсидиялау жоспарлануда. Сонымен қатар, көлік саласы мен логистиканы дамыту аясында өңірде 11 көпір, «Аягөз-Бақты-Қытай шекарасы» учаскесінде теміржол салу және қайта жөндеу жүргізіледі. Сонымен қатар Үржар ауылында транзиттік-көлік объектісі және әуежай терминалын салу жоспарланып отыр. Сол сияқты жалпы ұзындығы 1465 шақырым болатын жергілікті жолдар күрделі және орташа жөндеуден өтеді», - деді Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында.
Одан әрі министр Абай облысында денсаулық сақтау, білім және мәдениет, спорт саласын дамытуға қатысты жоспарын бөлісті.
«Облыста көпбейінді және балалар ауруханасын, қан орталығы және 2 емхана салу көзделген. Оқушы орындарының тапшылығын шешу үшін 6 шағын жинақты мектеп салынады. Сондай-ақ, 9 балабақша мен 3 балалар лагерін салу жоспарланып отыр. Мәдениет және спорт бойынша ауылдық елді мекендерде мәдениет нысаны, жүзу бассейні және 5 спорт модулі салынып, жөнделеді. Семей қаласында мұз сарайының құрылысы басталады және 80 адамға арналған қонақ үйі бар спорт кешенін салу жоспарда бар»,- дейді ол.
Сондай-ақ, ведомство басшысы 7 медициналық-әлеуметтік мекеме салынатынын айтты.
Айта кетсек, Үкіметте Абай облысының 2023-2027 жылдарға арналған кешенді даму жоспары таныстырылды.
Белгілі болғандай өңірімізде 14 мың жұмыс орны құрылады.