
Жедел медициналық жәрдем ауруханасының дәрігерлері 72 жастағы науқасқа иық буынын эндопротездеу жасалды.
Құны бір миллион теңгеден асатын ота МӘМС жүйесінде тегін жүргізілді.
- «Науқас политравма және ортохирургия орталығына оң жақтағы иық сүйегінің басы мен анатомиялық мойнының жабық көп фрагментті сынуы диагнозымен, сүйек сынықтарының орын ауыстыруымен түсті. КТ тексеруден кейін ота жасау туралы шешім қабылдадық. Осылайша 72 жасар Семей тұрғынына оң иық буынын эндопротездеу операциясын жасадық», - деді политравма орталығының меңгерушісі Дарын Бақтыбаев.
Мұндай операция шамамен бір жарым сағатқа созылады. Ол дәрігерден үлкен біліктілікті талап етеді. Себебі жақын жерде нервтер мен тамырлардың үлкен шоғыры бар. Сонымен қатар, орталық мамандары жамбас, тізе, иық буындарын протездеуді сәтті жүргізеді.
Өткен жылдың өзінде Семей қаласының ЖМЖА дәрігерлері ірі буындарға 251 эндопротездеу жүргізді.