
Шет елдік көліктерді ресми тіркеу үшін бұрынғы тіркелген жерінен есептен шығарылуы, толық кедендік тексерістен өтуі, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстанға әкелінуі тиіс. Беларусь Республикасында, Ресей Федерациясында және Арменияда тіркелген автокөліктер үшін кедендік тексерістен өту талап етілмейді.
«ҚР ІІМ ақпараты бойынша ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін елімізде шет елдік автокөліктерге 300 мыңнан астам автосақтандыру рәсімделген. Оның 260 мыңға жуығы Ресей Федерациясынан, Қырғызстаннан 25,5 мың және 18 мың Армениядан келген автокөліктер. Автокөліктерді заңдастыру Үкімет қаулысы қабылданғаннан кейін 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 шілдеге дейін жоспарланып отыр» дейді Абай облысының Полиция Департаменті, процессингілік орталықтың басшысы, полиция майоры Ермұқан Макпунов.
Заңдастыруға жататын көліктерге шығу жылына және рулінің орналасуына байланысты шектеу және автокөлік құралдарына экологиялық сынып бойынша талап қойылмайды.Армениядан әкелінген сары мемлекеттік нөмерлері бар көліктер де заңдастыруға жатады. Оларды кедендік декларациялау талап етілмейді себебі 2023 жылдың 1 қаңтарына бастап Еуразиялық экономикалық одақ тауары болып саналады.
Заңдастыру кезіндегі негізгі төлем-бастапқы тіркеу үшін алым 200 мың теңге. Техникалық құжат, мемлекеттік нөмер үшін мемлекеттік баж 13 мың теңге төленеді. Өтініш «Электронды үкімет» порталы арқылы немесе ХҚКО жеке өтініш жасау арқылы қабылданады.
Таяуда ҚР Парламенті Салық кодексіне заңдастыруға жататын көліктерді бастапқы тіркеу үшін алым мөлшері 200 мың теңге мөлшерінде түзетуді қабылдады.
Автокөліктерді заңдастыруға қатысты сұрақтар бойынша Семей қаласы Морозов көшесі 5, мекен жайында орналасқан Абай облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасына немесе 87027614866 телефоны арқылы хабарласуға болады.