USD448.15EUR483.46RUB4.86

Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Ұранхаев Абай облысының әкімі лауазымына тағайындалды

02 желтоқсан 2022, 11:29
Мемлекет басшысының Жарлығымен, облыс мәслихат депутаттарының келісімімен Нұрлан Телманұлы Ұранхаев Абай облысының әкімі лауазымына тағайындалды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Ұранхаев Абай облысының әкімі лауазымына тағайындалды

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов мәслихат депутаттарының жиынына қатысып, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Абай облысы әкімі лауазымына Нұрлан Ұранхаевтың және Жарқынбек Байсабыровтың кандидатураларын ұсынды.

Мәслихат депутаттарының көпшілік дауысымен (91) Нұрлан Ұранхаевтың кандидатурасы мақұлданды.

Нұрлан Ұранхаев еңбек жолын 1987 жылы слесарь-монтажшы болып бастады. Бұдан кейінгі жылдарда ол Семей қаласының «Казпромтехмонтаж» тресінде мастер, прораб болып істеді.

Әр жылдары Семей қаласындағы «Сары-Арқа» АӨК басшысы, «Казиркутсклес» АОЗТ бас директоры, Шығыс Қазақстан облысы энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және көлік барқармасының басшысы, Шығыс Қазақстан облысы күрделі құрылыс басқармасының бастығы, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Астана қаласының ТЖМ мемлекеттік материалдық резерві комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде мемлекеттік инспектор, «Ертіс» ӘКК басқарма басшысының орынбасары, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Семей қаласы гуманитарлық заң университеті президентінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі төрағасының орынбасары, Ұлттық экономика министрлігінің «ҚазҚСҒЗЖИ» АҚ бас директоры, Алматы қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы, Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы болды.

Семейдің тумасы, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен жақсы таныс.

Нұрлан Ұранхаев - Абай облысының әкімі

«Дана халқымызда "бүгінгі күн - ертеңгі тарих" деген аталы сөз бар. Мен үшін бүгінгі кездесу - тарихи сәт. Осы сәтті пайдаланып, маған сенімін артқан Мемлекет басшысы - Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, Президент Әкімшілігіне, Абай еліне зор ризашылығым мен алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер! Абай облысы құрылғаннан бері жарты жыл өтіп, жұмыстарды бастап, Президент сайлауын да жоғары дәрежеде өткізуіміз – зор мәртебе! Бұл – Әділетті Қазақстанның стратегиялық бағытын айқындайтын Ұлы белес! Осы белесті жеке облыс, бүтіндей ел болып енсергенімізді мақтан тұтамын! Әрине, қазіргі кезең, жеңіске масайрап, тойлайтын кез емес. Керісінше, күш біріктіріп, аянбай еңбек ететін уақыт. Сол себепті, арқаны кеңге салмай, бірден іске кірісуіміз керек.

Мен, жаңа ғана, депутаттарға облыстың келешек даму бағыттары жөнінде қысқаша тоқталып өттім. Біз облыс экономикасының барлық саласын нығайтып, даму жолымызды айқындау үшін, Президент тапсырмасымен кешенді жоспар қабылдайтын боламыз. Жоспар жөнінде, алдағы уақытта, арнайы бас қосып, кеңінен тоқталып өтетін боламыз. Ұлы Абайдың "Берекелі болса ел, жағасы жайлау ол бір көл" деген ұлағатты сөзі бар. Біз ел екенімізді жақында өткен Президент сайлауында көрсете білдік. Абай елі қатысушылар жағынан да, дауыс берушілер жағынан да көш ілгері болды. Сондықтан, облысымыз, өзінің ұйым-берекесінің арқасында әлі талай биіктерден көрінеді деп сенемін!", - деп атап өтті өңір басшысы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar