Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев жаңа пәтер иелерін қоныс тойларымен құттықтап, құрылыс қарқыны өсетіні туралы атап өтті.
«Мемлекет басшысының тікелей қамқорлығымен біздің өңір өзінің даму жолына түсіп келеді. Кешенді жоспар қабылданып, тың жобалар іске асырылатын болады. Біз, тұрғын үй құрылысының қарқынын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Биылғы жылға қалада қаржыландырудың барлық көздері есебінен 5166 пәтерге арналған 496 415 мың м2 тұрғын үй салу жоспарлануда. Осылайша кезең-кезеңімен баспана санын ұлғайтамыз»- деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Семей қаласының оң жағалау бөлігінде бекітілген бас жоспарға сәйкес «Қарағайлы» тұрғын алабының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Ол бойынша алдағы уақытта 35 мыңнан аса адам тұрып, 227 тұрғын үй салынады.
Қазірде аудан су құбыры, канализация, телекоммуникация, жылу және электр энергиясының магистральдық желілерімен қамтамасыз етілген.
Шағын ауданда Назарбаев зияткерлік мектебі, 320 орындық балабақша, 5600 орындық «Арена» мәдени-спорттық кешені орналасқан. Бүгінгі таңда жалпы ауданы 253,4 мың шаршы метрді құрайтын 41 үй пайдалануға берілген.