"Бұл теміржолды міндетті түрде салуымыз керек. Үкімет осы мәселемен айналысады. Өңірде «құрғақ порт», «логистикалық парк» салып, көлік дәлізін дамыту қажет. Халықаралық маңызы бар күре жол Семей арқылы өтеді. Сондықтан, ең алдымен, қаладағы екі көпірді жөндеу қажет. Биыл мұнда жаңа көпірдің құрылысы басталды. Үкімет облыс әкімдігімен бірлесіп, оны үш жылда салып бітіруге тиіс. Сондай-ақ, аспалы көпірге күрделі жөндеу жүргізуді тапсырамын.
Тағы бір өзекті мәселе – бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтару. Мен бұл жұмысты бүкіл ел аумағында жүргізуді тапсырдым. Абай облысында қазірдің өзінде осындай 200 мың гектар жер анықталды. Соның 62 мың гектары қайтарылды. Қайтарылған жерлерді жергілікті шаруаларға әділ үлестіріп, ел игілігіне тиімді пайдалану аса маңызды. Жалпы, бұл жұмыс одан әрі жалғасады.
Аймақтың жер қойнауы полигонның кесірінен жылдар бойы игерілген жоқ. Сол себепті, облыс аумағында ауқымды геологиялық зерттеу жұмысын жүргізу қажет. Қазба байлықтар көптеп табылады деп ойлаймын. Тау-кен өнеркәсібін дамыту облыс экономикасын жандандырады. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Экология мәселесі. Бұл сала әрқашан өзекті, тіпті, ұлттық қауіпсіздік мәселесі десек болады. Себебі, тұрғындардың денсаулығы, тұрмысы қоршаған ортаның жағдайына тікелей байланысты. Сондықтан, экологиямен айналысатын арнайы министрлік құру менің Президент қызметіндегі алғашқы шешімдерімнің бірі болды. «Бірге – таза Қазақстан» акциясы жүзеге асырылып жатыр. Бұл – барша халқымызды ұйыстырған маңызды бастама. 2020 жылдан бері менің тапсырмам бойынша елімізде екі миллиард ағаш отырғызу шарасы басталды. Жалпы, біз осы бағытта әлі де өте көп жұмыс атқаруымыз керек.
Халықаралық стандартқа және экологиялық нормаларға сай келетін қоқыс жинайтын жаңа полигон салу керек. Бұл жұмыс облыс әкімінің жеке бақылауында болуға тиіс. Энергетика министрлігі Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заң жобасын әзірледі. Биылғы сәуір айында бұл жобаны Мәжіліс мақұлдады. Енді оны тезірек қабылдап, таза жерді ауыл шаруашылығы үшін пайдалануға беру керек.
Мемлекет басшысы: «Семей өткен ғасырдың басында қазақтың рухани астанасы саналған. Абай бастап, Алаш арыстары жалғаған ұлы жол ұлтымызды есейтіп, мүлде жаңа деңгейге көтерді. Олар қазақтың болашағы қандай болуы керектігін айқындап берді. Біз алыптарымыздың іргелі идеяларын ұстана отырып, ұлттық жаңғырудың жаңа белесіне қадам басуымыз керек.
Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой» деген хакім Абайдың өсиеті жас ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Ұлы ақынның атап көрсеткен бес асыл қасиеті біздің бүгінгі мақсатымызбен толық үндеседі. Ұлы Абай «Толық адам» деген ұғымды қазақ қоғамына ұсынған еді. Толық адам, меніңше, бұл – болмысы кемел, көзқарасы терең, көкірегі ояу, еңбекшіл адам деген сөз. Өздеріңізге мәлім, мен қоғамда жаңа құндылықтар орнықтыру қажеттігі жөнінде үнемі айтып жүремін.
Жастарымыз үш нәрсенің айрықша маңызды екенін түсінуі керек. Бұл – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет. Біз құрып жатқан әділетті қоғамда еңбек адамы ең бірінші орында тұруы керек деген ұғымды жастарымызға түсіндіру қажет. Себебі, отаншылдық дегеніміз, ең алдымен, іскерлік, еңбекқорлық. Құр сөзден ештеңе шықпайды. Азаматтарымыз алдымен отбасын асырап, балаларына қамқор болуы керек. Оларға адал еңбегімен, алғырлығымен нәпақасын тауып беруі қажет.
Біз шын мәнінде еңбекқор ұлт болуға ұмтылуымыз керек. Әлемде еңбексүйгіш халықтар аз емес. Бұл қасиет, тіпті, олардың болмысына сіңіп кеткен. Осы асыл қасиет біздің жұртымызға да тән болуы керек. Өйткені, халқымыздың қарым-қабілеті ешкімнен кем емес. Ұлтымызға қатысты айтылатын кейбір жағымсыз сипаттамалардан біз мүлдем арылуымыз қажет.
Бір сөзбен айтқанда, еңбекқорлық – қазіргі заманда бізге аса қажет құндылық. Осы қағиданы кеңінен дәріптеуіміз керек. Менің мұны Семей төрінде тұрып айтуымның өзіндік себебі бар. Өйткені, бұл – әрдайым жас ұрпақты жақсылыққа, жаңашылдыққа жетелеген жер.
Менің Үндеуім еліміздегі әрбір жастың жүрегіне жетеді деп сенемін. Шын мәнінде, қазір – білім мен ғылым салтанат құрған заман. Мұны дәлелдеудің еш қажеті жоқ. Әлемдік экономикада жоғары технологиялық өнімдерді жасап шығаратын компаниялар алға шықты. Бұл – ғылым келешектің бет-бейнесін анықтайды деген сөз. Тың идея мен озық ой кез-келген саланы өркендетеді.
Өскелең ұрпақ білімге, ғылымға құштар болуы керек. Осыны жан-жақты дәріптеуге мемлекет қана емес, бүкіл қоғам және әрбір азамат атсалысуға тиіс. Өркениетті мемлекетті тек білімді азаматтар ғана қалыптастыра алады. Жуырда Нью-Йоркке сапарымда АҚШ-та жұмыс істеп жүрген жастармен кездестім. Олар білім алуға деген ынта-жігері мен еңбекқорлығының арқасында әлемнің әр түкпірінде табысқа жетіп жүр. Міне, осындай жастарды үлгі тұту қажет".