«Былтыр облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 750 миллиард теңгеге жуықтады. Жыл басынан бері аймаққа 197 миллиард теңге инвестиция тартылды. Жергілікті кәсіпорындарға қолдау көрсетіп, шағын және орта бизнестің дамуына жан-жақты мүмкіндік жасау қажет. Сондай-ақ, бәсекеге қабілетті, ашық нарық қалыптастыру, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу аймақ басшылығының басты міндеті болуға тиіс.
Білім – бәсекеге қабілетті және табысты ұлт болудың басты кепілі. Қазір елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынып жатыр. Абай облысындағы мектептерде 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Алдағы уақытта 11 мектеп және 14 балабақша салу жоспарланған. Бірақ, мұның өзі жеткіліксіз. Үкімет пен әкімдікке облыс мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін біржола шешуді тапсырамын.
Біз ұстазды құрмет тұтқан елміз. Бұл сөзіміз нақты іспен бекітіліп жатыр. Арнайы Оқу-ағарту министрлігі құрылды. Біз бұған дейін «Педагогтардың мәртебесі туралы» Заң қабылдап, оның аясында мұғалімдердің жалақысын өсірдік. «Әліппені» қайтардық. Орта білімді дамытуға бағытталған бірқатар жағымды өзгерістер бар. Осындай игі шаралар арқылы біз қоғамда мұғалімнің мәртебесін одан әрі биіктетеміз. Ұстаз біздің қоғамда әрдайым сыйлы тұлға болады.
Облыста қазіргі заманға қажетті, жоғары деңгейдегі, білікті мамандар даярлау үшін нақты шаралар қабылдануы керек. Осы орайда, Семейде университеттердің жанынан IT саласы мен тілдерді тереңдетіп оқытатын мектептер ашылуы қажет. Аймаққа қажетті кадрларды дайындау үшін тиісті стандарт әзірлеген жөн. Жастарымыз сапалы білім алып, туған өлкесін дамытуға үлес қосуға тиіс. Сол себепті, облыстағы жоғары оқу орындарына қосымша 500 грант бөлуді тапсырамын.
Семейде еліміздегі негізгі медицина университеттерінің бірі орналасқан. Қазір менің тапсырмаммен білім ордасы жанынан көпбейінді аурухана салу мәселесі қарастырылып жатыр. Менің тапсырмам бойынша Семейде онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығы пайдалануға берілді. Балаларды оңалту орталығы салынып жатыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аймақта 65 нысан салынады. Біз ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарымызды оңалту мәселесіне баса мән беруіміз керек.
Семей қаласының инфрақұрылымы әбден тозған. Жазда ыстық су жоқ, ал қыста үйлер жылынбайды. Қаладағы жылу электр орталығынан шығатын зиянды қалдықтар ауаны шектен тыс ластап жатыр. Бұл мәселелерді түпкілікті шешетін уақыт жетті. Сондықтан, Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, Семейде заманауи жылу электр орталығын салу және инфрақұрылымды жаңарту мәселесін қарастыруды тапсырамын. Жоба халықтың тұрмыс сапасына, сондай-ақ өңір экологиясына оң ықпалын тигізетіні анық».