Жыл басында Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасы қабылданды. Ол стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге, сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жою және оның деңгейін төмендету бойынша кешенді жұмыстарды жүргізуге, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.
Тұжырымдама институционалдық және мақсатты бағыттарды қамтиды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тетіктерін әзірлеуді, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам субъектілерінің сыбайлас жемқорлықты жою жөніндегі жұмысқа қатысуын көздейді.
Осы орайда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасына Абай облысы бойынша қандай салалар енгені жайында Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малахов облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевпен болған кездесуде баяндап берді. Абай облысының тәуекел картасына экология, жер, көлік, инфрақұрылым салалары енді. Яғни, жаңа облыстар құрылған кезде пайда болатын тәуекелдер ескерілген.
"Жаңадан құрылған облыс үшін жемқорлық әрекеттердің алдын-алу, тәуекелдерге талдау жасау, сыбайлас жемқорлықтың қай салада болмасын етек жаюына жол бермеу – басты міндет", - деді Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малахов.
«Бұл бағытта барлық басқармалармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз сіздермен тізе қосып жұмыс істей отырып, қоғамдағы осы бір індеттің облыс көлемінде алдын аламыз деп сенеміз», - деді Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев.