Қасым-Жомарт Тоқаев пен Рим Папасы Франциск азаматтық қоғам және дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесу өткізді. Іс-шараны ашқан Мемлекет басшысы бүгінгі күннің тарихи маңыздылығын атап өтті.
– Рим Папасы Франциск Қазақстанға алғаш рет апостолдық сапармен келіп отыр. Биыл Қазақстан мен Ватикан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толды. Сіздің сапарыңыз осы айтулы күнмен тұспа-тұс келді. Біз бұл оқиғаға ерекше мән береміз, өйткені бүгінгі кездесу түрлі салалардағы ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Понтификтің адамзат игілігі жолындағы қажырлы және жанкешті күш-жігерін құптады.
- Сіз Қазақстанға адамзат тарихының бетбұрыс кезеңінде келдіңіз. Түрлі мәдениеттер мен діндер өкілдерінің адамдарды бейбітшілік, әлеуметтік үйлесімділік пен өзара қолдау жолында біріктіру үшін даналық пен күш- қуат көрсететін уақыт келді деп ойлаймын, - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның әлемдегі үйлесімділік пен диалогты қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерінің құрамдас бөлігі Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізу болып саналатынына назар аударды.
- Өзінің 2003 жылғы бірінші шақырылымынан бастап Съезд айырмашылықтарына қарамастан адамдарды біртұтас тұтастыққа біріктірудің жақсы үлгісі болып табылады. Тек диалог, адамның бауырластығы мен құрметі бейбіт қатар өмір сүруге және төзімділікке мүмкіндік беретініне сенімдімін. Осы тұрғыда Съездің жұмысына деген терең қызығушылық пен Қасиетті Тақтың баға жетпес қолдауын жоғары бағалаймын, - деді Мемлекет басшысы.
Қорытындылай келе, Президент католик шіркеуі басшысының алдағы Съезге жеке қатысуы оның үлкен жетістігін қамтамасыз ететініне және бүкіл әлемдегі католиктердің жүрегіне қуаныш пен бақыт әкелетініне сенім білдірді. Содан кейін Рим Папасы Франциск іс-шараға қатысушыларға жүгінді.
Өз сөзінде ол ежелгі қазақ жеріне апостолдық сапармен келгеніне ризашылығын білдірді. Понтифик айтқандай, ол мұнда бейбітшілік үшін қажы ретінде диалог пен бірлікті іздеу үшін келді.
– Жергілікті мәтелде: табыстың бастауы - бірлік. Бұл барлық жерде маңызды, бірақ бұл жерде ерекше. Елде жүз елу этникалық топ және сексеннен астам тіл бар. Бұл әртүрлі тарихы, мәдени және діни дәстүрлері бар халықтар, олар бірге керемет симфонияны құрайды және Қазақстанды бірегей полиэтникалық, мультимәдени және көпконфессиялы зертхана етеді, бұл олардың Кездесу елі болуға деген ерекше бейімділігін көрсетеді, – деп атап өтті Рим Папасы.
Понтифик Қазақстанның қарусыздану және ядролық қаруды таратпау, экономиканы декарбонизациялау және баламалы энергия көздеріне инвестициялар салу ісіндегі күш-жігерін жоғары бағалады.
- Дінаралық үнқатысуға қамқорлық жасаумен қатар, мұның бәрі адамзаттың ортақ топырағына отырғызылған үміт тұқымы, біз оны жаңа ұрпақ, жастар үшін өсіруіміз керек. Қасиетті Тақ сізді осы жолда қолдайды", - деді Рим Папасы.
Католик шіркеуінің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлылығы үшін ризашылығын білдіріп, елімізге бейбітшілік пен бірлік тіледі. Іс-шара соңында Қазақстан Президенті Понтификка біздің елімізге деген жылы лебіздері мен құрметі, сондай-ақ оның рухтандыратын сөзі үшін алғыс айтты.