"Бүгін мен ақылдарыңызды тыңдап, бата-тілектеріңізді алу үшін сіздермен арнайы кездесуді жөн санадым. Жаңадан құрылған Абай облысының келешек дамуын айқындау мақсатында, сіздердің ұсыныстарыңыз, мен үшін, аса маңызды.
Елдің жайы, халықтың ойы бір арнаға тоғысу керек. Жаңа жұмыс орындары, инфрақұрылым, заманауи қала құрылысы, жылу, жол, ауыл шаруашылығы, тұралап қалған өндіріс орындары. Осының бәрін біртіндеп шешу керек. Жас мамандарымызға да сіздерден ақыл-кеңес керек. Абайша айтсақ, «алдыңғы толқын ағалар мен кейінгі толқын інілер» біріксе ғана, Абай облысының болашағы баянды болады", - деді Абай облысының әкімі.
Өз кезегінде облыстың белсенділері, құрметті қайраткерлері облыс әкіміне кеңес беруге және өмірлік тәжірибелерімен бөлісуге дайын екендігін атап өтті. Олар әкімдікті мәдениет, ғылым, туризмнің дамуына назар аударуға шақырды.
Кездесу соңында Абай облысының ақсақалдары облыс әкімінің жаңа қызметіне табыс, алдағы істеріне сәттілік тіледі.