USD488.11EUR530.09RUB5.01

Қайырымдылық қорының қамқорлығы ерекше

17 ақпан 2021, 14:17
Семей қаласының Перинаталдық орталығы мен AYALA қайырымдылық қоры ұйымдастырған баспасөз мәслихаты онлайн түрде өтті. Терапиялық гипотермия мен электроэнцефалографияға арналған аппараттарды AYALA қайырымдылық қоры Семей қаласының Перинаталдық орталығына тапсырды. Құрал-жабдықтар Данияр Рүстемұлы Әбілғазиннің қайырымдылығының арқасында сатып алынды. Қор бұл медициналық құрал-жабдықтар гипоксияның ауыр түрлерінен болатын жаңа туған нәрестелер өлімін азайтуға көмектеседі деп сенеді. Айта кетсек бұл аппараттың құны 28 млн. теңге.
Қайырымдылық қорының қамқорлығы ерекше

Перинаталдық орталық Семейде 82 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол жаңа туған нәрестелерді реанимациялау және қарқынды терапиясы бөлімшесіндегі 12 төсекті қоса алғанда, 190 төсекке есептелген. Жыл сайын онда перинаталдық кезеңнің әртүрлі патологиясы бар 450-ден 600-ге дейін жаңа туған нәрестелер емделеді. Шамамен 35%-ын шала туған балалар құрайды. Бұл перинаталдық орталық қала халқына да, Семейден 200-600 шақырым қашықтықта орналасқан кенттерге де қызмет көрсетеді. AYALA қоры берген гипотермияның аппараттық кешенінде жыл сайын осы өңірде оннан астам жаңа туған нәрестелерге күтім жасалатын болады.  

Бұл аппарат гипоксия және гипоксиялық-ишемиялық энцефалопатиялық  белгісі бар сәбилерге арналған. Яғни, гипоксия – жасушалардың оттегі жетіспеушілігінен туатын ұлпалардың декструктивтік өзгерістеріне әкелетін патологиялық процесс.

Гипоксия тіндерге оттегі жеткізудің бұзылуынан және оларды жасушалардың тыныстық жүйелерінің жойылуының бұзылуы нәтижесінде дамиды. Ал, гипоксиялық-ишемиялық энцефалопатия – перинаталдық гипокциядан кейін мидың жіті зақымдануының клиникалық белгілерімен сипатталатын және тыныс алудың бұзылуымен, физиологиялық рефлекстердің тежелуімен, бұлшықет тонусының төмендеуімен, құрысулардың жиі пайда болуымен, сананың бұзылуымен байқалатын синдром.

Мұндай жетіспеушілік нәрестелерде ары қарай жоғары белсенділік, жүйкенің жұқаруы, сөйлеу және есту қабілеттері нашарлауы мүмкін. Гипоксия балалардың цебральды сал ауруының (ДЦП), парездің дамуын өршітеді. Оттегінің жіті жетіспеушілігімен босану кезінде бала үшін миға қан кетуі және ми ишемиясы болуы мүмкін, ал огл өз кезегінде орталық жүйке жүйесінің зақымдануына немесе өлімге алып келеді.

«2021 жылы AYALA қорының арқасында бізге терапиялық гипотермиялық аппарат берілді. Бұл аппарат гипоксия және гипоксиялық-ишемиялық энцефалопатия белгілері бар сәбилердің өмірі мен денсаулығын сақтап қалуда үлкен маңызды рөл атқарады. Жансақтау бөлімі 12 төсектік орынға есептелген. Біз тек Семей қаласының балаларын ғана емес, сонымен қоса бізге қарасты, жақын орналасқан қала мен ауылдағы балаларды да қамтимыз. Мұндай белгілері бар балаларды біз дүниеге келген алғашқы минутынан-ақ байқаймыз және бұл дәрі-дәрмексіз емдеудің ем тиімді жолы. Сонымен қоса баланың мүгедектігін азайтуға, анасына дені сау баланы қолына алуға көмектеседі. AYALA қорына осы ретте үлкен алғысымды білдіргім келеді», - деді жансақтау бөлімінің неанатолог дәрігері Елена Алексеевна.

 

Гипотермия аппараты өте нәзік және өмірлік маңызды жұмыс атқарады. Ол нәрестенің бүкіл денесін немесе оның белгілі бір бөлігін температура деңгейінің өте дәл мөлшерімен ұқыпты салқындатады. Нүктелік температуралық әсерлер қан ағынын түзетуге және сол арқылы нәрестелердің бас миы жасушаларының немесе зақымданған бөліктерінің қалпына келуін бақылауға мүмкіндік береді.

 

Бұл ретте жаңа туған нәресте өмірінің алғашқы сағаттарында, тіпті минуттарында терапиялық гипотермияны қолдану өте маңызды. Сонда ғана ми жасушаларының жұмысын қалпына келтіруге мүмкіндік болады. Егер мұндай аппарат ауруханада болмаса, бала орталық жүйке жүйесінің ауыр функционалдық зақымдануына ұшырайды, тіпті өлімге әкеп соқтыруы мүмкін.

 

Бүгінгі күні терапиялық гипотермия гипоксиялық-ишемиялық зақымданулар кезінде жаңа туған нәрестелердің бас миын қорғаудың әлемде танылған негізгі физикалық (дәрі-дәрмексіз) әдісі ретінде қарастырылады.

 

Мұны AYALA қорының елордалық Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығынан алған мәліметтері де растайды. Онда 2017 жылғы қарашадан 2019 жылғы маусымға дейін жансақтау бөлімінде емдік гипотермия аппаратын пайдалана отырып, орташа ауыр және ауыр дәрежедегі гипоксиялық-ишемиялық энцефалопатия диагнозымен 72 жаңа туған нәресте емделді. Терапиялық гипотермияның тиімділігі клиникалық, зертханалық және аспаптық деректер бойынша, сондай-ақ балаларды бақылау нәтижелері бойынша анықталды. 95%-да оң нәтиже алынды: толық клиникалық сауыққан балалар қанағаттанарлық жағдайда үйге шығарылды. Бұдан кейін дәрігерлердің бақылауына болған осы балалардың дені сау, ешқандай неврологиялық ауытқусыз болатынын көрсетті.

 

2020 жылы Алматы, Атырау және Түркістан қалаларында AYALA қоры орнатқан гипотермия аппараттарының көмегімен  20-дан астам жаңа туған нәресте оңалып шықты.

 

"2007 жылдан бері біздің қор жұмысының басты мақсаты - Қазақстандағы сәбилер мен балалар өлімін азайту. Ол үшін біз бүкіл Қазақстан бойынша балалар реанимацияларына ең заманауи медициналық құрал-жабдықтарды орнату үшін қайырмалдықтар жинап жатырмыз. 14 жыл ішінде ірі демеушілердің қолдауымен, сондай-ақ краудфандингке қазақстандықтардың қатысуымен қор еліміздегі жүздеген мың бала өмірін сақтап қалды. 2017 жылдан бастап біздің қор перинаталдық орталықтарды гипотермия қондырғыларымен жабдықтау үшін демеушілер іздеуге белсене қосылды. Демеушілердің қолдауымен 4 жыл ішінде біз осындай аппараттық кешендерді Нұр Сұлтан қаласындағы Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығында, Алматы қаласындағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында, Атырау мен Түркістан облыстық перинаталдық орталықтарында және Семей қаласының Перинаталдық орталығында орнаттық. Баланың әрбір құтқарылған өмірі - бұл үлкен ортақ жеңіс. Біздің жаңа құрал-жабдықтарымыз бұған көмектесетініне сенімдімін", - деп атап өтті AYALA қайырымдылық қорының президенті Айдан Сүлейменова.

 

Құрал-жабдықтар «Өмірді сыйлайық» республикалық жобасы аясында тапсырылды. 14 жыл ішінде бұл жоба Қазақстанның 36 қаласы мен 67 медициналық мекемесін қамтыды. Жүздеген қазақстандық неонатологтар мен медбикелер біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Жобаны жүзеге асыру барысында ірі демеушілер мен қазақстандықтар аударған 642,3 млн. теңгеге қор 96 фототерапия аппаратын, 11 ӨЖЖ аппаратын, жаңа туған нәрестелерге арналған 7 инкубатор, 18 реанимациялық үстел, 25 кереует алдындағы монитор, 2 наркоз аппаратын, 4 ЭЭГ аппаратын және 6 терапиялық гипатермия аппаратын сатып алып, ауруханаларға жеткізді.

 

2021 жылдың ақпан айының басында қор неонатология, балалар реаниматологиясы, жаңа туған нәрестелер патологиясы және шала туған балаларды бағып-күтуге маманданған қазақстандық дәрігерлердің біліктілігін арттыруға көмектесу үшін «AYALА онлайн-академиясы» тегін бейне-курстар платформасын іске қосты.

Айжан ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar