Бұл туралы қаламыздағы автобус паркілерінің өкілдері арнайы ұйымдастырылған брифинг барысында айтты. «Қаламыздағы жол жүру ақысы соңғы рет 2017 жылдың тамыз айында 80 теңгеге көтерілген. Ал қазіргі таңда автобустың сервистік қызмет көрсету мен қосалқы бөлшектер құнының өскендігін ескерсе, бұл тариф кәсіпорын шығынын өтей алмайды»,- дейді қызметкерлер. Жанар-жағармайдың өзі соңғы 3 жылда 48 теңгеге қымбаттаған. Туындаған қиындықтарға қарамастан, кәсіпорын қызметкерлердің жалақысы уақытылы төленіп отырғанын айтады.
-Қазіргі қиындықтарға қарамастан қызметкерлердің жалақысын төлеп отырмыз. Кәсіпорын басшылығы ең алдымен өз ауысымында жұмысын адал атқарған қызметкерлерге тиісті ақшасын беруге баса назар аударады. Бірақ қаражаттың жетіспеушілігі мен мемлекеттен бөлінетін субсидияның болмауынан кәсіпорын үлкен шығынға батып отыр. Жанар-жағармайдың бағасы да көтерілді. Сонымен қатар, автобустың қосымша бөлшектерін біз көршілес мемлекеттерден тапсырыспен алдырамыз.
Мұның бәрі кәсіпорынға ауыр тиіп отыр. Себебі, карантин кезінде адамдар да аз,- дейді , «Таксомотор парк» ЖШС директорының орынбасары Бейбіт Қалиолла.