Жалпы дәрі-дәрмектің көтерме және бөлшек саудадағы шекті бағалары Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылғы 15 шілдедегі бұйрығымен бекітілген. Бұл бағалармен мына сілтемеде танысуға болады.
Дәрілердің бағасын негізсіз көтергені үшін дәріхана иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 70 АЕК-тен бастап 1000 АЕК-ке дейін мөлшерде айыппұл салынуға тиіс. Баға көтеру қайталанған жағдайда дәріхананы 6 айға дейін лицензиясынан айыруы мүмкін. Мұндай хаттаманы Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті де толтыра алады.
Медициналық препараттардың бағасына қатысты шағымыңыз болса, ең алдымен сол дәріханадан міндетті түрде тауарға чек алуыңыз қажет. Одан кейін сатушыны әкімшілік жауапқа тарту туралы арыз жазып, "Электрондық үкімет" порталы арқылы "Электрондық өтініштер" сервисімен жіберуге болады. Чектің фото суреті өтінішпен бірге берілу керек. Өтінішті алушы орган ретінде жергілікті жердегі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментін көрсету қажет.