USD448.15EUR483.46RUB4.86

Ауылдағы бизнес: Күршімде несиесіз пиццерия ашқан жігіт.

30 маусым 2020, 16:26
Фотосуреттегі жігіт - Күршім ауылында тез дайындалатын тағамдар дәмханасының негізін қалаушы - Азамат Сейілханов. 4 жыл бұрын, яғни, сол кездегі 21 жастағы Азамат ауылда фаст-фуд өнімдерін тұтыну орнын ашқан. Бүгінде өз ісін дөңгелетіп отырған жас жігіт ауылдағы ерекше кәсібі туралы бізге әңгімелеп берді.
Ауылдағы бизнес: Күршімде несиесіз пиццерия ашқан жігіт.

Пицца Rio - Күршім ауылындағы фаст-фуд тағамдарын тұтыну орны. Негізгі өнімдері: пицца, суши, ролл, гамбургер, салаттар мен тіскебасарлар.

Күршімде бұрын-соңды мұндай тамақтану
орны болмаған

Азамат, кәсіпті дәл осы тамақтану саласынан бастауыңызға не түрткі болды?

- Негізінен, бітірген мамандығым бұл саладан алыс емес. 9-сыныптан кейін Құмаш Нұрғалиев атындағы колледждің "тамақтандыруды ұйымдастыру" мамандығына түсіп, сол жерде 4 жыл білім алып шықтым. Студент кезімізде түрлі ұйымдарда белсенділік танытып, өзімізді дамыту үшін жетістікке жеткен адамдармен әңгімелесіп, әртүрлі тақырыптарды талдап, ой алмасып жүретінбіз. Студенттің әрбір күні сабақтан бөлек, өзін дамытумен, тәжірибе жинаумен өткені дұрыс. Біз де сондай белсенді жылдарды артқа тастадық. Яғни, нақты бір кәсіппен айналысу бұрыннан ойымда болған. Алайда жүзеге аспай, тек идея күйінде қалып қоятын. Өз салаңда тұрақты жұмыс істеп, ай сайын нақты көлемде айлық алып отыруға ешқандай кедергі жоқ, әрине. Дегенмен, өз кәсібің болғанға не жетсін! Оқудың алғашқы жылдары-ақ әр түрлі дәмханаларда, лагерьлерде аспаз болып, нағыз жұмысыма кірісіп кеттім. Осылайша тәжірибе жинап, 4 жыл бұрын өз ауылым - Күршімге дәмхана ашу идеясы келді. Себебі Күршімде бұрын-соңды мұндай тамақтану орны болмаған.

Бұл істегі ерекшелік неде?

- Кәсіп ашпас бұрын ең алдымен нарықты зерттей бастадым. Бұл тұста әлемдік тәжірибеден үйренеріміз көп болды. Әр елден бізге керек деп есептеген дүниелерін алуға тырыстым. Мәзір де соған орай әзірленген. Ерекшелік - пицца тағамының рецебінде дер едім. Себебі рецебін өзім пәкістандық технологияға сүйеніп әзірледім. Бұл да - Өскеменде жұмыс істеп жүрген кездегі үйренгендерім. Осылайша өзіміз қалада күнделікті тамақтанып жүрген желілердің тағамдарын тұтына отырып,  ауылда да осы бір кәсіпті қолға алып дамыту керек екен деген ойда болдым. Оның үстіне бұл іспен көбінесе орта жастағы адамдар айналысатынын көрдім те, кәсіптің осы түріне жаңаша өзгеріс енгізуді мақсат еттім.

Несиесіз
басталған берекелі іс.

Бизнес бастауда қандай қиыншылықтар бар? Бастапқы капитал қанша болды?

- Кәсіп бастай салу оңай іс емес. Ол үшін қаншама құзырлы мекемеден құжат жинап, рұқсат алу керек. Бұдан бөлек, дәмхананы жалға алу, тауар әкелу, бағасын белгілеу сияқты машақаты көп. Азық-түліктерді ауылдан, болмаса қаладан арнайы алдыртамыз. Одан кейін шағын және орта кәсіппен айналысатын кез келген кәсіпкер қаржысының көп бөлігін арнайы жалға алынған орынның төлемақысына жұмсайды. Бұл - кәсіппен айналысуда қиындық тудыратын басты фактордың бірі. Дегенмен, көп болмаса да, жалға алып отырған жерге айына 50-60 мың теңге төлеймін. Аумағы кеңейген сайын жалға алу құны да көбейеді. Жөндеу жұмыстарын өз қаражатыма жасаймын. Жалпы дәмхананы ашуға 900 мың теңге кетті. Ешқандай несие алмадым, жинадым.

Кәсіпкердің халық алдындағы жауапкершілігі басым, әсіресе, тамақтану орындарында...

- Иә, себебі біздің негізгі тұтынушыларымыз - қарапайым халық. Оның үстіне күнделікті тұтынатын тағам - аса жауапкершілікті талап ететін, үнемі қадағалауды қажет ететін өнім. Мәселен, бір адам дүкеннен өзіне жаңа киім сатып алып, оны үстіне киіп кетті делік. Ол киімді бір жуған соң өңі кетіп, материалы сөгіле бастады. Тұтынушы өзі алған киімнің сапасының бұзылғаны үшін оны қайтадан дүкенге апармайды. Себебі киімнің сапасы адам денсаулығына кесірін тигізіп тұрған жоқ. Тағамды мысалдағы киіммен салыстырып қарай алмаймыз. Дайын тағам - адамның күнделікті қажеттілігі. Тағам неғұрлым балғын болса, соғұрлым тұтынушыға күш береді. Егер тағам балғындығын жоғалтып, бұзылып кеткен болса, онда бәрі басқаша. Ең бірінші орынға табысты емес, адал қызметті қою керек. Ал клиенттермен кері байланыс орнатуды құптаймыз, біз үшін олардың әрқайсысының пікірі маңызды.

"Тәуекел етуден
қорықпау керек"

Мәзірде қандай тағамдар бар және алдағы уақыттағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

- Негізінен пицца, суши, ролл, гамбургер, салаттар мен тіскебасарлар дайындаймыз. Одан бөлек балалар мәзірі бар. Сондай-ақ, әр түрлі сусындар да сатылады. Дәмханаға келушілер көбінесе тартылған еттен жасалған және ассорти пиццаға тапсырыс беріп жатады. Соған қарағанда жақсы шығады ғой деймін (күлді). Бағалары да қолжетімді. Оның үстіне аудан орталығы Күршім ішінде жеткізу қызметі де бар. Қазір, шүкір, аяққа тұрып, кеңейіп, жазғы отыратын орын аштым. Осындай кәсіпті ашқаныма еш өкінбеймін, тұтынушылар, келушілер қатары күн санап көбеюде. Алдағы мәзірге тағы да басқа тағам түрлерін қоссам деген жоспарлар бар. Дәмханада өзімнен бөлек тағы бір аспаз, 2-3 даяршы жұмыс істейді.

Бизнес бастаушыларға немесе "осы бір істі қолға алам-ау" деп ойлап жүрген жандарға қандай кеңес айтар едіңіз?

- Ең алдымен шыдамдылық танытуды үйрену керек, өзім әлі үйреніп келемін. Күнделікті 24 сағат бойы бір іспен өмір сүру, ойыңды жаңа, тың идеяларға толтырып отыру тағы бар. Жалпы кәсіптің кез келген түрі адамды тәрбиелейді, білмегенін үйренуіне мүмкіндік береді, жеке қасиеттерін дамыта түседі. Кәсіпкерлер қандай адамдар дегенге келер болсақ: шыдамды, айтқанынан қайтпайтын, жаңа мүмкіндіктерді көре алатын және кез келген мәселені шеше алатын, өз күшіне, идеясына сенетін адамдар. Жалпы кәсіпкер өз кәсібін бастамас бұрын нарықты зерттеп, бастапқы шығынды екі есе көлемде есептеп, бәрін жан-жақты кеңінен ойлағаны және өзіне деген сенімділік, адалдық танытқаны жөн. Кәсіпкер боламын деген адам кемінде бір саланың маманы болғаны дұрыс. Сондай-ақ оның басқалардан артықшылығы, ерекше ойлау қасиеті болса, өз идеясының жүзеге асатынына сеніп тұрса - онда кәсіпті көп ойланбай бастағаны жөн. Бастысы - тәуекел етуден қорықпау керек.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar