Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның айтуынша, отбасы мен бала институтын қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға қарамастан, елде ажырасулар саны артып келеді.
Оның айтуынша, Қазақстандағы некелердің жартысына жуығы ажырасады.
"Өкінішке қарай, қазіргі қоғамның дамуымен қатар, отбасылық құндылықтар да өзгеріп жатқанын мойындауымыз керек. Еліміз үшін үлкен проблема – ажырасулар санының артуы. 2017 жылы 55 мың тіркелген некенің 39 проценті ажырасқан болса, 2019 жылғы бұл көрсеткіш шамамен 60 мың немесе 43%-ті құрап отыр", – деді министр.
Сондай-ақ, ол атаулы әлеуметтік қолдауды енгізу аясында ажырасулар саны күрт артқанын да атап өтті. Яғни, мемлекеттен материалдық көмек алу кезінде кейбір қазақстандықтар ажырасуды жөн деп санаған.
Балаева мемлекеттің маңызды әлеуметтік міндеттерінің бірі – отбасын, ана мен баланы қорғау екенін атап өтті. Мұндай мәселені шешудің негізгі тетіктері 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында көрсетілген.