USD423.87EUR505.25RUB5.59

Коммуналдық бонус

07 мамыр 2020, 10:36
158 мыңдай шығысқазақстандық екі айдың коммуналдық қызметтер төлемі үшін өтемақы ала алады. 15 мың теңге көлеміндегі өтемақы кімдерге тиесілі екенін және ол үшін өтінімді қалай рәсімдеу керектігін облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Дәулет Батырбаев айтып берді.
Коммуналдық бонус

 Естеріңізге салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың карантин және төтенше жағдай әрекеті кезеңінде тұрғындардың коммуналдық қызметтері төлемінің мөлшерін азайту бойынша жүйелі шаралар әзірлеу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі коммуналдық қызметтер көрсетушілермен шарты бар тұтынушылардың коммуналдық қызметтерін төлеуді қарастыратын тегершік әзірлеген-ді. Коммуналдық қызметтер көрсетушілердің ТЖ кезеңіндегі шығындарын өтеу туралы 2020 жылдың 18 сәуіріндегі №212 ереже бекітіліген.

 -Коммуналдық қызметтерді төлеу коммуналдық қызметтерді көрсетушілермен шарттары бар азаматтардың белгілі бір санатына сәуір мен мамыр үшін 15 мың теңгеден жүргізіледі, – дейді Дәулет Батырбаев. –Бұл тұрғындардың әлеуметтік әлжуаз топтарының өкілдері үшін жақсы демеу болады.
 

Азаматтардың қандай санаттары осы қаржылық көмекті  алуға үміттене алады?

 -Мұндай санат жетеу.  Бұлар бірінші, екінші және үшінші топтағы зейнеткерлер. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар. Көпбалалы жанұялар. Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, сондай-ақ оларға теңестірілген тұлғалар. Мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттемелерді орындау, әскери қызмет атқару кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды іске асыру немесе оған дайындық кезінде, адам өмірін сақтау кезінде, құқықтық тәртіпті қорғау кезінде қаза тапқан тұлғалардың отбасылары. Минималды және одан кем зейнетақысы бар зейнеткерлер. Атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер де бар

. – Бұл ретте жалғызбасты  және жалғыз тұратын зейнеткерлер – түрлі санаттар ма?

 -Иә, бірден ұғындырып кетейін, бұл жағдайда көмектен балалары жоқ аға буын өкілдері үміттене алады. Егер балалары немесе өзге жақын туыстары бар болса, тіпті олар алыста тұрса да, өкінішке қарай, көмек көрсетілмейді.

-Коммуналдық қызметтің қандай түрлеріне өтемақы төлеу жоспарлануда?

 -«Тұрғын үй қарым-қатынастары туралы» Заңға сәйкес төлем келесі коммуналдық қызметтер бойынша жүргізілетін болады: сумен қамту және канализация, газбен қамту (егер болса), электрмен қамту, жылумен қамту, қоқыс шығару және лифт шаруашылығына қызмет көрсету.

-Өтінімді қалай беруге болады және өтемақы төлеу қалай жүргізіледі?

 -Шығынды өтеу үшін қалалар мен аудандардың ТҮКШ бөлімдерінің колл-орталықтары арқылы жергілікті атқарушы органға өтінім беру керек. Орталыққа қоңырау шала отырып, өзіңіздің жеке сәйкестендіру нөміріңізді (ЖСН), жеке (абоненттік) есепшотыңызды хабарлап, әлеуметтік мәртебеңізді айтуыңыз қажет.

 Айталық, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасында 8 (7232) 701-238 нөмірі бойынша бірыңғай колл-орталық жұмыс істейді. Сонда қоңырау шалып, автоматты дауыстық мәзірден таңдау жасау керек. Мысалы, орыс тілін таңдау үшін 1 санын басу керек; Өскемен қаласын таңдау үшін – 1-ді басу керек және ары қарай. Егер ауыл азаматы болсаңыз, тиісті елді мекенді таңдайсыз.​

Мәселен, 21 сәуірдегі жарты күн ішінде 400-ден астам қоңырау келіп түсті!  Колл-орталық жұмысына бес оператор жұмылдырылған. «Қазақтелеком» компаниясымен келісім бойынша аймақтың тұрғындарын барынша қамту үшін желі кеңейтіледі. Қалалар мен аудандар орталықтарының жұмысы осы жылдың 24 сәуірінде толық  басталады.

 Коммуналдық қызметтерді ұсыну ережесіне сәйкес,  сәуір үшін төлемдерін төлеу мерзімі мамырда, мамыр үшін маусымда келеді. Сондықтан  өтінімдерді  дер кезінде беруді сұраймыз, бірақ дүрбелеңсіз, тыныштық сақтай отырып және үйде қала отырып.

-Егер адам қоңырау шала алмаса немесе тиісті өтінімді уақытында бере алмаса, не болады?

 -Барлық қалалар мен аудандарда арнайы штабтар жұмыс істейді, олардың құрамына қалалар мен аудандар жұмыспен қамту, ТҮКШ бөлімдерінің, су арнасының және өзге коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлері енген. Осы төлемдерге әлеуетті үміткерлердің тізімдері жасалған. Оларды автоматты қосу мәселесі қаралуда. Алайда  қайткенде де өзіңіздің  өтініш бергеніңіз  жөн, себебі бұл қызмет ережеге сәйкес өтінім бойынша іске асырылатын болады.

 -Қызмет алушы коммуналдық қызмет көрсету үшін түбіртіктердегі өзгерістерді қашан байқамақ?

 –Азаматтар оларды 15 мың теңге ескеріле отырып,​ қайта есептелген соң, 15 мамырдан соң көре алады. Бұл жерде сөз сәуірдегі төлемдер туралы болып отыр, мамыр үшін маусымда көреді. Наурыз және оның алдындағы айлар қосылмайтын болады.

-15 мың теңге қайда түседі  және ақшаны коммуналдық қызметті өзі төлеу үшін карточкаға алуға бола ма?

 -Бұл қаражат азаматтарға берілмейді, оларды коммуналдық кәсіпорындардың жеке шоттарына жібереді. Бұл үшін орталыққа өтінімді берген кезде коммуналдық кәсіпорындардағы өз жеке шоттарыңыздың нөмірлерін және дәреже мен ЖСН-ді атау керек.​

 –Көпбалалы отбасыға интернет ақысы, сонымен қатар ұялы немесе бекітілген байланыс үшін ақы төлене ме?

 -«Тұрғын үй  қатынастары туралы» ҚР Заңына сәйкес коммуналдық қызметтер  сумен қамту, канализация, газбен қамту, электрмен қамту, жылумен қамту, қоқысты шығару және лифтіге қызмет көрсету болып табылады. Сәйкесінше, интернет және байланыстың өзге түрлері үшін төлемдер жүргізілмейтін болады.

 -Егер денсаулық мүмкіндігі шектеулі азаматтар жеке шот болмаса (мысалы, шарт әйеліне немесе әкесіне рәсімделсе), ол осы туыстарына рәсімделген шарттар бойынша жеке шоттарды көрсетіп, өтінім бере ала ма?

 -Ережеге сәйкес, тұтынушы – шарт негізінде коммуналдық қызмет алатын жеке тұлға. Осыған байланысты 15 мың теңгені аудару үшін азаматтың әлеуметтік мәртебесі және өзінің атына рәсімделген қызметтерді көрсетушілермен жасалған шарттың болуы расталатын болады. Бұл мәселе жоғары деңгейде нақтыланып, қарастырылып жатыр.

 -Осы 15 мың теңгемен берешекті жабуға бола ма?

 -Қаржы тек қана сәуір мен мамыр үшін есептелген соманы төлеуге бағытталатын болады. Алдағы айлардағы мерзімі өткен берешекті төлеу мүмкін емес.

 -Егер барлық коммуналдық төлемдер үшін есептелген сома 15 мың теңгеден кем болса, қалдықпен не болады?

 -Егер коммуналдық қызметтерді төлеу туралы түбіртек бұл сомадан төмен сомада болса, жеткізуші – коммуналдық кәсіпорын төлемге қайта есептеу жүргізеді, төлем келесі есепті кезеңге есептеледі, бұл туралы тұтынушы құлақтандырылады.

-Айталық, тұтынушы коммуналдық қызметтер үшін екі айға алдын ала төлеп қойды. Мұндай жағдайда мемлекет ол үшін тиісті 15 мың теңгені төлей ме?

 -Мәліметтер расталған соң мемлекет кез келген жағдайда бұл қаржыны аударады. Тұтынушы коммуналдық қызметтерді төлеп қойған жағдайда жеткізуші төлемді қайта есептеп, оны келесі есепті кезең үшін есепке алады, бұл туралы тұтынушыға хабарлайды.

 -Мемлекет айталық, тек электр энергиясы үшін ғана 15 мың теңге төлеп, қалған төлемдерді көпбалалы отбасы кейін өзі төлейтіндей жағдай болуы мүмкін бе?

 -Ережеге сәйкес қаржыны аудару жергілікті атқарушы органдар тарапынан өтелуі тиіс коммуналдық қызметтер санына пропорционалды түрде іске асырылады. Яғни, төлемдер барлық коммуналдық қызметтердің есепшоттарына аударылатын болады.

​Ева Ким

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

25 қараша 2020, 12:19
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2020
Әрленім және құрастыру
SemStar