USD514.65EUR544.6RUB5.17

БИЛІКТЕГІЛЕРДІҢ ҚҰЛАҒЫНА АЛТЫН СЫРҒА

07 қыркүйек 2023, 16:50
Ажырасу жағынан әлемде алдыңғы қатарға шықтық. Ұлттық құндылығымыз қайда? Қай қазақтың қызы 18 жастан әлемге жар салып "бай" іздеп барған айтыңыздаршы? «Қос лайк» пен «Бір болайық» бәлесі демалыстан кейін тікелей эфирге қайта оралды. 3 сағаттан 6 сағатқа дейін даңғырлата қан қақсатып әрбір шаңырақта қосылып тұрады. Қаланың күйбең тіршілігімен қала халқы көрмесе де, ютуб пен инстаграмнан алдымыздан атып шығуын қоймайды. Ауылдағыларды айтпаяқ қояйын, олардың негізгі ермегі осы. Әрқайсысының өмірін жаттап, ұрысса бірге қомпылдайтыны тағы бар. Жасыратыны жоқ, өзіміз де көрдік. Ол кезде бала едік, қызық көріп қарайтынбыз. Қазір ғой ес кіріп, елпініп жазып отырғанымыз. Осы аты құрғыр бәленің шыққанына да 6-7 жылдың мөлшері болды. Бір еті тірі жанның болмағанынан, Түріктердің бағдарламасының жалауын көтерудеміз. Ешкімнің ештеңесі кеткен жоқ, тек салған ақшаға дені дұрыс идея табылмағаны өкінішті. Былтыр ғана сайланған депутаттардың құлағына алтын сырға, осыны қолға алса игі. Ринат ағамыз өлеңдеріне арқау қылып жүр еді, осы тақырып тек жырларда қалмаса екен. Парламенттегі депутаттар газет оқыса жазылып-ақ жатыр ендігі үміт депутаттарда...
БИЛІКТЕГІЛЕРДІҢ ҚҰЛАҒЫНА АЛТЫН СЫРҒА

Сол бағдарламаны көрмегеніме талай жыл болып еді, кеше әдейі «YouTube»-ті ақтарып іздеп қарадым, инстаграмда да парақшалары бар екен. Көрдім де, жағамды ұстадым.  Жалпы қазақтың болмысына, табиғатына қарсы бағдарлама. Ұлттық рух туралы айтпай-ақ қойсам да болады.... Іштей қынжылдым... Жастардың санасын улаған, телеарнадан бүкіл халыққа көрсетіліп жатқан бұл бағдарламаға мен түбегейлі қарсымын. "Бұл махаббат алаңы" дейді өздері. Махаббаттан садағаларың кеткірлер, махаббат туралы түсініктері осы болса, қарық болған екен. Бәрі сценарий. Қатысушылардың отырғандары үшін ақы төленеді. Бұл төбелесетін ринг! Оңай атаққа ие болғысы келетін жастар, рейтинг жинау үшін, шоу жасауға құмар  продессерлер, өсек терген жүргізушілер. Сөйлеген сөздерін естіп, не күлерімді, не жыларымды білмедім. Қатысушылар әдейі ұрысып алсын деп, айдақтап отырған сәтін көріп бұлардың мақсаты не деген сұрақ келді. Ұлттық құндылықты былай ысырғанда, мына біздер «журналист» деген атқа қанша сын тағуда. Мақұл, 21 ғасыр, бәріміз заманауи өмір сүруге құштармыз. Келісемін. Бірақ, бірақ....

 Біздің ұлттың өзіне сай мәдениеті, тәрбиесі, салт-дәстүрі, менталитеті бар емес пе? Ол өзіміздің атадан келе жатқан жолымыз! Біз қазақ екенімізді ешқашан ұмытпауымыз керек. Махаббат алаңы болса болсын, бірақ тәрбиелі, ибалы қыз-жігіттер болса, ұрыс-төбелессіз арзан шоу жасамай, нағыз өнеге алатын бағдарлама болса, ешкімнің қарсылығы жоқ болар еді. Өкінішке орай, көріп тұрғанымыз көңілге кірбің түсіретін көрініс!  Бүкіл елге бұндай ерсі қылықтарын танытқан қыздар, болашақ ата-енелері, қайын жұрттары көріп отыр емес пе? күні қай бетімен ақ келін болып, босаға аттамақ? Сазбет, беті ашылған, тілі мен жағына сүйенген өңшең шөпжелкелер! Бұлардың ата-аналары айға бата жасап отыр ма сонда?

Мән де мағна да жоқ, әр қайсысы ұялмай, жас басымен өмірлік қателіктерін айтып ақталуда, құдды бір ғасыр өмір сүргендей. Бір болайық деген бағдарламаны ашып едім, сол бағдарламаның жүргізушісі  Shah-Kerim Karmenov екен, неліктен бұл бағдарламаға дардай атыңызбен қатыстыңыз? Өнердің өлгені ма? Жалпы айып етпейсіздер! Оданда бір көңілді ток шоу, не саяси немесе руxани бағдарлама ұйымдастырғаны абзал еді. Жеке басым бағдарламаның бір санын көріп жиіркендім.

Дұрыс «екі жасты қосқан сауап» - деген. Қосыңыздар тек анайы түрде әңгіме айтып отырғанды неге экранға шығарасыздар. Қоғамды улап, қазақты жоғалту ма? Неге ойланбайсыздар? Берекесіз дүниемен жастарды уламаңыздар. Ол ол ма? Өткенде қытай ма, кәріс пе соны алып келіп қазақ қызымен табыстырып, орыс тілінде таныстырып жатырсыздар. Қай қазақтың салтында бар еді? Бөтен ұлттың қойнына апарып өзінің қызын салған. Жоқ мұндай салт. Қазақты ұяттан өрттейтін, тіпті қара есекке теріс мінгізіп  қарабет қылатын көрініс бұл. Интернет иірімінен бағдарламаларыңызды көре қалсам жүйкем жұқарып, сіздерге қалай айтамын деп түні бойы ұйықтамаймын.

Бір жыл отырған қатысушы екінші рет қатысып жатыр. Не жетпейді? Жалқаулық, отырып –алып ақша табудың амалы ма?  Қазақты сақтаймыз десеңіз салиқалы ұрпақ тәрбиелейік. Басқа мұсылман елдері, өзбектер, түріктер, қырғыздар, түрікмендер, чечендер неге осы құрғырды өздерінің ақпарат саласынан ашпайды. Ашқызбайды оларға. Ашқан күнде де ғұмыры қысқа болады.   

Осы мәдениет министрі кім өзі? Тірі ме? Мәдениетпен бірге ұлттық болмысымызды өлтірді ме? Мына сорақы «Қослайық» пен «бір болайық» бағдарламасы қашан өшеді? Мәдениетімізді дамытудың орнына, тірілей көміп, теледидарды үндінің итімен битімен толтырып, енді өз ұрпағымыздың  өмірімен елдің бәрін сауатсыздыққа шақыруда. Осы жолы ғана бірер күн бұрын бәрімізге белгілі министрлер ауысты. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны қойыпты. Негізінде мәдениет пен өнерден хабары бар адамды қойса болмады ма деген сұрақ туады? Мақұл, тағайындалған екен артқа қайта қайтуға жол жоқ. Ендігі үмітіміз осы кісіде. Осындай қателіктерімізді жөңдеп, жөн-жосығына келтірсе екен.

 Осы "халық қаласа, хан түйесін сояды" деген ғой. Біз түйе сой деп жатқан жоқпыз. Тек осы түкке пайдасы жоқ бағдарламалар жабылсын деген заң шығарсаңыздар жеткілікті. Сіздерге айтар уәжіміз осы.

Сымбат ҚАЙРАТҚЫЗЫ      

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar