USD480.55EUR533.75RUB5.36

Келесі жылдан бастап e-Otinish сервисінде онлайн-петиция жариялау қызметі іске қосылады

17 тамыз 2023, 17:10
2024 жылдан бастап e-Otinish ақпараттық жүйесінде онлайн-петиция жариялау қызметі іске қосылады. Бұл туралы Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті төрағасының орынбасары Айнұр Юсупова айтты.
Келесі жылдан бастап e-Otinish сервисінде онлайн-петиция жариялау қызметі іске қосылады

e-Otinish сервисі іске қосылған сәттен бастап азаматтардан 4 миллион 046 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Комитет төрағасының орынбасары сервисті өтеусіз негізде дайындалғанын айтады. Ал бүгінгі таңда сервисті сүйемелдеу және жүйелік-техникалық қызмет көрсетумен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ айналысады екен.

«e-Otinish ақпараттық жүйесін дамыту жөніндегі 2024 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес сервисте онлайн-петиция жариялау қызметі қосылады», – деді Айнұр Юсупова.

Сонымен қатар Айнұр Юсупова e-Otinish арқылы жіберілген шағымның жауабына қанағаттанбаса, азаматтардың қайда шағымдана алатынын түсіндірді.

«Ақпараттық жүйеде шағымдану және талап қою функционалы іске асырылды. Мемлекеттік органнан алғашқы жауапқа қанағаттанбаған азаматтар Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес алынған жауапқа ақпараттық жүйенің өзіне шағымдана алады», – дейді ол.

Айта кетейік, онлайн-петицияны ашық негізде жариялау үшін алдымен 150 қол жинау керек. Ақпарат министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 150 қолды жинау үшін петиция дайындалған сәтте арнайы сілтеме пайда болады.

«Петиция дайындаған адам өзін қолдайтын азаматтарға сілтемені жіберу арқылы қол жинайды. Петицияға 150 адам жиналған соң ол ашық негізде жария етіледі», – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет.

Дегенмен аталмыш сілтемені әлеуметтік желіде жариялауға болмайды. Сондай-ақ платформада петицияға қол қойған адамның аты-жөні жария етілмейді.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar