USD446.49EUR475.38RUB4.79

Абай тойын абыроймен өткізу - бар қазаққа сын

27 ақпан 2020, 10:17
Биыл Қазақстан үшін ең маңызды іс-шара Абайдың 175 жылдығы екені белгілі. Осы орайда «ақынның елі Семей өңірінде қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?» деген заңды сұрақтар туатыны белгілі. Осыған орай қала зиялылары, әкімшілік өкілдері, оқытушы-ұстазда Шәкәрім университетіндегі АКМЕ клубына жиналып, Семей руханиятына қатысты мәселелерді талқылады. Жиынды университет Мейір Ескендіров жүргізіп, бүгінгі отырыстың мақсатымен, ерекшеліктерімен таныстырды.
Абай тойын абыроймен өткізу - бар қазаққа сын

- Бүгінгі жиналып отырған себебіміз: Осыдан үш жыл бұрын біз үлкен жоба бастадық. «Университет – Семей қаласы, Семей қаласы – университет» деген. Семей қаласының әкімшілігімен, билігімен, әкімімен, маслихатымен бірлесіп жасап жатқан жобаларымыз бар. Қазір әр салада жан-жақты өзгерістер болып жатыр. Соның барлығына алыстан қарап отыруға болмайды. Бүгінгі отырысымызды біріншіден, Ұлы Абайдың тұяғы Турағұлға арнап отырмыз.

      Екіншіден, тарихи орталық деген бұрын Қазақстанда болмаған. Біздің ойымызша, үлкен бір концепция жасалып, ол халықтың арасында талқылану керек. Ежелден «Түйемойнақ» аталып келе жатқан арал атауын қайта қарастыру, қаламызда үш театрдың бір мекемеде отырғаны, Абай музейін, Достоевский бөлек бір деңгейге көтеру сияқты мәселелерді сіздермен бірлесіп шешу, ой-пікірлеріңізді тыңдау. Білім беру мекемелері мектеп, колледж, институт, университеттердің сапалы білім берудегі жұмыстарына қолдау көрсетілсе болашағымыз жарқын болатыны белгілі. Семей десе біздің көңіліміз де ерекше. Біз – Абай еліміз. Одан артық статус бар ма?

     Университет ректорының кіріспе сөзінен соң, филология факультетінің деканы Айбар Қадыров Турағұл Абайұлының өмірі мен еңбегі жайында қысқаша баяндама оқып, жұрт назарын университет өкілдерінің Шымкент қаласына барған сапарына аударды.

     Мейір Ғарифоллаұлы келесі сөздерінде мынадай мәліметтерді тарқатып айтты:

    - Турағұл 1934 жылы осыдан 85 жыл бұрын Шымкент қаласында ауырып қайтыс болған. Бұл кісінің жатқан жері Шымкент қаласына барып, Мекемтас Мырзахметов, Роллан Сейсенбаев бастап барып, біраз абайтанушылар, барып тас та қойып кеткен. Бірақ тасты ол кісі орнын дәл білмегендіктен, Абай музейінің маңына қойған. Бұл Турағұл осы жерде болды деген сөз. Біз жақында  Шымкент қаласына барып қайттық. Кішігірім зерттеу жасап келдік. Турағұлдың сүйегі қай жерде, қай жерде жерленген деген сұрақтарға жауап іздедік. Қызы Мәкен апайдың айтуы бойынша денесі зауыттың астында қалған. Мәкен апамыздың айтқан сөздің ізімен бардық. Бірақ біздің алдымыздан басқа бір жаңалықтар шықты. Біріншісі, завод ХІХ ғасырдың аяғында салынған. 1918 жылы үлкен завод болып салынған. 1927 жылы қалған корпустарын салады. Жергілікті жердің тарихын білетін азаматтарды тыңдадық. Завод маңында ескі зират бар. Біз ескі зират тұрған жерге бардық. Бұл мұсылмандар зираты болған. Бұл зиратқа 4-5 ғасыр болған. Ескі зираттың үстінен құрылыс жүріп кетеді. Сол жердің ақсақалдары ақылдасып, жаңа зиратқа көшіреді. Сондықтан Турағұл атамыздың денесі қай жерге жерленгенін нақтылау мүмкін емес. Жаңа зиратта да аты жоқ зираттар бар екен.

     Белгілі суретші Нұрбұлан Өтепбаев өз ойын былайша сабақтады:

     - Турағұл Абайұлының мүсінін жасау керек, жанына оның өмірбаяны, қызметі туралы мәлімет жазылуы керек. Семей – тарихи-мәдени қала деп айтылып жатыр. Ол шындық. Мынау бейнелеу өнеріне байланысты айтсам, ағайынды Белослюдовтар сияқты суретшілер алдымен Семейден шығып, сосын өнерлерін ары қарай дамытқан. Абайдың мұражайын заманға сай жаңалып, түгел қайта салу керек. Қазіргі заманға лайықтап архитектурасын жасап, келген адамдарға үлкен етіп көретіндей жағдайда қайта жасап шығу керек. Оның ішінде конференц залдар, ғылыми-техникалық құралдар, сонда жұмыс істейтін ғалымдар және кітапханасы болу керек. Ескі музейді қайта-қайта жөндегенмен ештеңе шықпайды. Президент Жидебайдағы музейдің өзін жөндей керектігін ескерткен. Біз затымыз науқандықпен жүретін халықпыз. Тойды өткізе салып үйді-үйімізге қайтып кетпейік. Оның ғылыми негізін университеттен жасап, жаңа музей салуды ойластыру керек. Осы өңірден шыққан ұлы адамдардың аллеясын халық демалатын бір орынға жасау керек. Абайдың ұрпақтарының, сондай-ақ атақты өнер адамдарының аллеясын неге жасамасқа? Келген қонақтардың бәрі соны көріп тамашалар еді. Біз ұйымдасып Президентке ұсыныс жасасақ, бізді қолдайды деп ойлаймын.

               Алқалы жиында сөз алған Абай елі» аудандық газетінің бас редакторы Әсет Мырзақасым айтпағын былайша сабақтады:

    - Біз Абай елінен келдік. Абайдың тек қана мұрасына емес, оның ұрпағына қамқор болған дұрыс. Есептеп қарағанда, Абайдың өзінен тараған 80-дей ұрпағы бар екен. Абайдың қыздарынан тараған ұрпақты неге есептемейміз? Турағұлдың 5 баласы болған. Ақылия – Оразбайдың немересі Саниязға тұрмысқа шыққан. Оның Қажымұрат деген баласынан ұрпақ бар екен.  Екінші Қалиман деген Тұрағұлдың бір қызы болған. Ол 1904 жылы туып, 1984 жылы қайтыс болған. Ол Мұхтардың әкесі Ахмет Әуезовке тұрмысқа шыққан. Одан Фаузия, Раузия деген қыздар туған. Турағұлдың екі ұлы болған, Зүбайыр, Жәбрәйіл деген. Екеуі де 30-жылдары қайтыс болған, ұрпақ жалғаспаған. Турағұлдың Мәкен деген қызынан Кеңес, Сәуле, Бабыр, Ләйлә деген 4 баласы болған. Тірі қалғаны Сәуле деген апамен мен сөйлестім. Ол кісі ренішін білдірді. Өздерін ешкімнің іздемейтінін, құрметтемейтінін айтты. Мәкеннен туған ұрпақ бар, тірі. Мәкен апа айтады: «1934 жылы 6 ақпанда қайтыс болды. Әкем қазіргі Шымкенттегі дәрі шығаратын заводтың орынына жерленген. Ол жерге қазір завод орнаған. Әкеме ешқандай тақта, белгі қойылмады» деп кеткен адам. Менің ұсынысым қойылатын ескерткіштің орны дұрыс болса деймін.

      Турағұл Абайұлының мұрасы, оны насихаттау жайында ұсыныстар айтылды. Жиналған қауымға ой саларлық пікірлер айтылды. Ендігі мақсат – ақынның тойын өз деңгейінде өткізудің жағдайын ойластыру, ол үшін қандай іс-қимылдар керек деген сауалдарға жиналғандар арасынан өз пікірін білдіргендер сөзі бір арнаға тоғысып жатты. Ол арна – Турағұл Абайұлының ескерткішін Шымкент қаласының көрнекті жеріне орналастыру.

        Абай мұрасын талай жылдан бері насихаттап, жарыққа шығарып келе жатқан басылым ол – «Абай» журналы. Келесі кезекте сөз алған Абай журналының редакторы Мұратбек Оспановтың пікірі де жоғарыда айтылған пікірлермен үндестік тапты.  Жақсы дүниені іліп әкетіп, бастама жасап отырған университет ұжымына ризашылығын айта келіп,  Абайдың 150 жылдығында Мәкен апайдың айтқан сөзін келтіріп және әкесі Турағұлдың денесі заводтың астында қалды дегенді өз аузынан естігенін айтты. Ол жерде жалғыз Турағұл емес, Тоғжанның Аққозы деген ұлының Ақкенже деген баласы да бірге болғанын, мұның бәрі әлі зерттеуді керек ететін дүниелер екенін жеткізді. Турағұлдың басына белгі қою үшін қаржы керектігі, оны кім көтеріп алатындардың, ескерткішті салатын адамдардың әлі белгісіздігі туралы ойын жасырмады.

       Өскембай - Ырғызбай ұрпағы Тастекеев Бейсенғазының айтқан пікірі жиналғандарға ой салды. Турағұлдың бейітін анықтау енді қиын болатынын,  Шымкентте көше беріліп, сол көшенің басына ескерткіш қойылса деген ойын айтты. «Музейді ысырып тастауға болмайды, әсіресе Жидебайдың басындағы үй сақталуы керек. Қазіргі мрамордан, граниттен жылтыратып салған ғимараттың қажеті жоқ, ол ешкімді таңғалдырмайды. Бізді таңғалдыратын – тарихта қалған сол ғимарат. Сондықтан оны сақтау керек. Ақшоқының басына музей салғанда зиялы қауыммен ақылдасу керек. Өйткені қазіргі жоба саяжай сияқты. Ол ешкімді қызықтырмайды. Құнанбай атамыздың сол замандағы дәуіріне сай музей салу керек деп ойлаймын» -деп салмақты ойын білдірді. Шынында да, ескінің көзі сол кездегі тарихтан шынайы көрініс берсе керек.  Бейсенғазы Тастекееевтің тағы бір ескерткені – Абайдың Ақылбайдан қалған нағыз ұрпағы бүгінде көзі Айдар-Данияр, Айдос екені, сол кісілерді бауырға тартып, мұқтаждықтары болса көмектесіп, қарым-қатынас жасау.

    Жиында көп көңілінен шығып, аталы сөз, байламды ойын айтқан ел ақсақалы Молдабек Жанболатов болды. Ақсақал бір ғана мәселені қозғап қоймай, Семей топырағына қатысты әлі де шешілмей жатқан түйткілді жағдайдардың барлығын жаны ауара отырып жеткізді.

    - Абай: «Бір қайғыны қозғасаң, мың қайғыны қозғайды» - дейді. Жаңа ректор баламыздың кіріспе сөзінде қала жайлы әңгіме болды. Өте дұрыс. Шынын айтқанда тілімізді тістеп қана жүреміз. Алайда ішімізден жылап жүреміз. Семей - Семейлігімен ғана қала болып тұр, әйтпесе қалалықтан кеткелі қашан. Мен Қазақстанның барлық қаласын аралап шықтым. Ең кішкентай Екібастұз қаласының өзінде, даласында жарық жанып тұрады. Осы жағына келсек жағдайымызды өздеріңіз түсіне берерсіздер.

     Семейдің айналасында ескерткіш салу ән болды, сән болды. Ол ескерткіш қалай қойылу керек, жөнін ешкім білмейді. Өздеріңіз білесіздер, Кеңес өкіметі кезінде Ленинград деген қала болды, қала емес музей болды. Оның Невский проспектісімен жүрсеңіз, шыға аламайсыз. Өйткені бәрі – сөйлеп тұрған тарих. Бізде ескерткіштен көп дүние жоқ. Бірақ біреуіне-біреуінің қатынасы жоқ, мән жоқ. Алақандай Абай ауданында ескерткіштердің біреуі – ана сайда, біреуі – мына сайда, біреуі – теріс қарап тұр. Сол Қарауылға қойылған ескерткіштерді тарихи, хранологиялық реттілікпен қойса, музей болып шығар еді. Дәл осылай Семейде де сол тіршіліктен шыға алған жоқпыз. Әмірені бір бұрышқа апарып қойдық. Облыс Қабанбай батырға көп ескерткіш қойды. Бір ескерткіш бір ескерткішке ұқсамайды. Сонда Қабанбай нешеу болған? Қайда біздің өнер адамдары? Оның бәрі – білетін кісінің жоқтығынан емес, біздегі билік басында отырған адамдардың жетесіздігінен. Олар мүсінді қойғанда оның архитектуралық, тарихи мәніне қарамайды, өзі білмейді, білетін кісіні мойындағысы келмейді.

       Шымкенттегі ескерткіштер бас қаламен, Алматымен таласады. Турағұл ескерткіші Семейдің рухани орталық деген атына лайық ескерткіш болмаса, ол өзімізді мазақ қылатын ескерткіш болады. Сондықтан бұл өте маңызды, салмақты дүние болу керек. Оны жасау оңай емес. Ескерткіш жасауға университеттен басқа да мекемелер, қалталы азаматтар бар, қажет болатын болса қаланың әкімшілігі қатысу керек. Ертең мұны университеттің әкеліп қойған дүниесі демейді, Семейдің әкеліп қойған дүниесі дейді. Бүкіл халықтың атынан қойылатын дүние болады. Ең алдымен ескерткішті қоятын жер анықталады. Оның қашықтығы, биіктігі есептеледі. Абайды жасап қойып, қайда қоямыз деп бірнеше ай күткен заман болған. Ақыры Мұхтар Әуезов Дінмұхамед Қонаевқа барған. Екі көшені қосып жіберіп, Абай даңғылын жасаған. Содан кейін барып, ескерткішті қойған. Міне, ескерткіш қоюдың тәртібі, талабы осындай. Әрине, біз Шымкент қаласының ішін өзгерте алмаспыз, ендеше ескерткіштің өзі қандай болу керек, тұратын жері қандай болу керек, осыны ойластыру керек. Егер ескерткішті жасайтын болса, бүкіл халық болып, әкімшілік органдары болып көтеріп алу керек. Сонда бұл Оңтүстік Қазақстанға Семей деген қаланы танытатындай дүние болмақ.

      Семей – тарихи қала. Семейдің тарихы әріден басталады. Бұл жерде жеті мұнара болғанын, оның біреуі Самарханның үлгісімен салынғанын архив айғақтап берді. Соның бәрін көре отырып, қала 270 жылдық дейміз. Зорға дегенде сол тыйылды. Мына тұрған Түйемойнақ атауын неге өзгертті. Осындаға оншақты өзге ұлттың өкілі ренжиді деп, атам заманнан бері келе жатқан атауын өзгерттік. Ол – тарих. Тарихты өзгертуге болмайды. Жердің атын өзгерту дегеніміз – тарихты өзгерту деген сөз. Сол жерде атылған адамдардың 70 адамның бейіті болатын. Қазір ол бейіт жоқ, таптап тастаған. Оның ішінде Медеудің баласы бар, Құнанбайдың да ұрпағы бар.  Оны іздеп отырған қайсымыз бар. Осылай қаза берсек, айтылмай жатқан дүниелер көп, халқым. Мен өзімнің замандастарыма бұл игілікті іске қатысайық деймін.

       Жиын соңына қарай сөз алған Қызылорда қаласынын келген мектеп мұғалімі Съезбек Ахметов өз ойын ашық айта келіп, жанашырлық пікірін білдірді.

      - Айтайын дегенім, Абайдың 175 жылдығын атап өтуге уақыт тақалды. Айтылып жатқан пікірлерге қосыламыз. Турағұл атамыздың мүсінін Шымкенттегі отбасылық аллеяға қою туралы ұсынысты қолдаймын. Өкіметтен қаржы бөлініп, Абай тойына жетем дегенше, уақыт кетіп қалайын деп тұр. Грозный қаласын қалпына келтірген бес-ақ кәсіпкер екен. Барлығы да қаржыға келіп тіреледі. Әлем Қазақстанға көз тігіп отыр. Қазақстан Семейге көз тігіп отыр. Семейдің үлкен адамдары қара шаңырақ Шәкәрім университетіне көз тігіп отыр. Мейір Ғарифоллаұлы ақылдаспақ ниетпен сіздерді шақырып отыр. Айтылатын ой да, пікір де көп. Санаулы ғана уақыт қалды, ертең Президент келіп, ойдағыдай болмай шығып, неге осы ұсынысты ертерек айтпадыңдар дегенде біз бармағымызды шайнап қалмауымыз керек. Сондықтан ең бірінші қаржыға байланысты деп есептеймін.Семейден шыққан мықты-мықты кәсіпкер азаматтар бүгін осы жиынға қатысуы керек еді.

        Облыс әкімі Қызылордада өтетін Абай тойына қатысты іс-шараларға бас-көз болуды абайтанушы ғалым Абат Жолдасқызына тапсырды. Біз бүгін сіздердің атқаратын жұмыстарыңыздың жоспарын көріп, соның ізімен немесе соны дамыта отырып жұмыс жасайық деген ойымен осы жиынға қатысып отырмыз. Қызылордада  Абай атындағы мектеп бар. Онда Абайдың орталығын ашайын деп жатырмыз. Қызылорданың қасында Абай есімімен аталатын ауыл бар. Біз Қызылорда облысында атқарылмақ іс-шараның жоспарын біз сіздерден үлгі ретінде алу үшін келіп отырмыз. Абайдың тойы 3-4 айда дүркірейін деп тұрғанда біз қаржы мәселесін, Турағұл атамыздың денесі қайда деп жатқанда, алтын уақыттан ұтылып қалайын деп тұрмыз. Осында отырған облыс әкімінің іс-шараға жауапты мәдениет, идеология саласының мамандары, қаржыға жауапты азаматы болуы керек, - деп сөзін аяқтады қызылордалық Съезбек Ахметов.

      Жиын соңынан сөз алған мәслихат хатшысы қаланың тарихи орталық мәртебесіне қатысты жұмыстардың қолға алынып жатқанын айтты. Осы университет қабырғасында штаб құрылып, ол штаб Семейдің тарихын, мәдениетін зерттеп, жүйелеп жұмыс жасаса деген ойымен бөлісті.

      Университет ректоры Мерей Ескендіров Абай тойына арналған алқалы отырысты қорытындылап, келген зиялы қауымға рахметін айтты. Жақында Құнанбай Өскенбайұлының арналып үлкен халықаралық конференция өтетінін хабарлады.

     «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дейтін қазақпыз. «Боладымыз» әлі бір жүйеге келмей, жасалар жұмыс жылдамдатылмай, болатын той халық көңілінен шығары, соңынан нәтижелі іс қалмағы – екіталай. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Абай тойы – қазақ баласына сын. Сол сынға төтеп берер салиқалы ой, саналы іс, береке-ынтымақ болсын дейік.

Үміт ШӘРІПОВА

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar