Семей жұртшылығы асыға тосқан айтулы мерейтойға орай 2019 жылы мамыр айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ақынның 175 жылдық тойын кең көлемде атап өту үшін арнайы Жарлыққа да қол қойды. Ал үстіміздегі жылдың қаңтар айында Президентіміздің кезекті: «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы да жарық көрді. Президент мақаласында өз заманының озық ойшылы хакім Абайдың ұстанымдары бүгінгі өркениетті мемлекеттің заманауи қағидаларымен ерекше үндестік тауып жатқанына ерекше мән берілген. Біз Семей жұртшылығы қазақты барша әлемге танымал еткен Абай атамызбен ерекше мақтанамыз. Қазақ поэзиясының «Хан тәңірі» атанған Мұқағали ағамыздың:
...Ойхой, Абай даласы, "Абайлаған",
Семей десе, Абай деп қарайды адам.
Қалам тартар қазақта ақын туса,
Аруағына Абайдың қарайлаған. - деген шумағы соның айғағы.
Президенттің Жарлығынан соң мерейтойды жоғары деңгейде өткізу шаралары өз бастауын елордадан алып қызу дайындықтар басталып та кетті. Ол дайындықтың бастауының басты келбеті сол Абай атамыздың мерейтойына арналған логотипі десек артық айтқандық болмас. Әңгімеге арқау болар негізгі тақырыпта осы жерден басталады, өйткені, министрлік тарапынан қабылданған Абай атамыздың бейнесі ақынның бейнесін толық ашып көрсетуге мүлде қауқарсыз болып шықты. Бұл мәселені тікелей ЭЦП арқылы ҚР мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлованың атына жолдаған едім, кешікпей жауап та келді. Бұл мерейтойдың логотипін қабылдаумен тікелей айналысқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі екен. Министрліктің басшысы Дәурен Әскербекұлы Абаев мырза.
Әлеуметтік желіден қанша іздесем де мерейтойдың логотипіне байқау жарияланғаны туралы ақпараттарды таба алмаған едім. Министрлік ондай байқаудың жарияланбағанын растап жауап берді. Бір сұрақ мазалайды, сонда қалай болғаны, бұл ұлы ақынның мерейтойына деген мемлекеттік жауапты министрлік тарапынан немқұрайдылық па? Байқау жариялауға лайықсыз болғаны ма? Және де сол айтулы мерейтойға арналған логотип неге әлеуметтік желіде халықтың талқысына салынбай, неге тез арада бекітіліп қолданысқа да шығып үлгерді.. Жариялылық қайда?!.
Сол өзіміз ел болып меретойын тойлағалы отырған данышпан атамыз: «Пайда ойлама, ар ойла» деп өлмейтін өсиет сөзін қалдырып кетпеп пе еді.
Республикалық мерейтойға арналған логотипке дизайнерлер арасында Республикалық деңгейдегі байқаудың неге жарияланбағаны мүлде жұмбақ...?! Әлде, шенеуніктерге ара түскіш министр мырза қазақтың бас ақыны ұлы Абайдың мерейтойының басты логотипіне аса бас қатырғысы келмеді ме?
Екінші айтпағым, қазіргі қабылданған логотиптегі Абай атамыздың бейнесі қоғамда, әлеуметтік желілерде «Абайға атамызға емес, басқа ұлттың өкіліне ұқсайды..» - деген логотиппен келісе алмаушылық етек алды. Әсіресе, мұндай келісе алмаушылық суретші қауым арасында қызу талқылануда.
лайықты нақты өзінің бейнелері бар екенін білеміз. Егер қазіргі уақытта суреттері сақталмаған батырлар бейнесі болса мұндай наразылық та туындамас еді. Бірақ, Абай атамыздың соңында өзінің екі бірдей тарихи фото суреттері бар ғой. Ұлы ақынның өзінің халыққа танымал суреттері бола тұра ақын бейнесінен толық ақпарат беруге қауқарсыз, қоғамда дау тудырған жасанды бейнені қолданысқа енгізу қандай қажеттіліктен туындады? Министрлік тарапынан берілген жауаптағы: «Ерік жігері, көзқарасы...» деп ақталып ойдан ертегі ойлап таппай неге нақты өз бейнесін қоймады. Министрлік тарапынан қабылданған логотиптегі бейне Абай атамыздың бейнесінен хабар беруге деңгейі мүлде төмен деп санауға болады. Мысалы, маман ретінде айта кетейін, ақ түске жасалған бейнесін қара түске қоя алмайсыз, және керісінше, қара түстегісін ақ түске қою қиындық туындатады. (1-суретте) Мерейтой логотипін трафареттік стильге салып мұнша күрделендіріп ақыры «фото негатив» жасалуын да дизайнерлер тарапынан кеткен олқылықдеуге болады. Бұл өздері жауап бергендей қабылдауға оңай емес, керісінше түсінуге күрделі дер едім! Сөздің шыны керек, министрліктің бұл түсініксіз тірліктерін – жоқтан бар емес, керісінше, бардан - жоқ жасау деп түсінемін. Логотиптегі Абай бейнесін халыққа құрғақ сылтаумен дәлелдеп керегі жоқ, халқы өз Абайын жүрегіне терең бойлап өзі де түсінеді.
Тағы бір айта кететіні, қазіргі уақытта ғаламторда ақын бейнесінен ауытқыған «абайлар» бейнелері суреттерде, ескерткіштерде де көптеп орын алғандай, бұл да мән беріп ойланарлық жағдай, болашақта бұл жағы да ескерілсе екен... Шығармашылық туындыларды қабылдарда Ата заңда тыйым салынған цензураның ауадай қажет екенін ұқтық. Қазақтың ұлттық рухы тірі тұрғанда Абайдай данышпанына деген құрметінің, махаббатының мәңгі сөнбейтіні бұлжымас қағида.
Осыған орай, мерейтойға Абай атамыздың нақты өзінің бейнесі қойылуын және ол ресми түрде бекітіліп ұлы ақынның болашақтағы мерейтойларында да еш өзгеріске ұшырамай бір суреті ғана қолданысқа енуін, мерейтойға арналған логотипке де өзінің бейнесінің бекітілуін өтінеміз! Мемлекетіміздің арнайы заңмен қорғалған қасиетті рәмізі елтаңбасын ешқандай өзгертуге болмайтыны баршамызға аян. Олай болса, Абай атамыздың бейнесіне де сондай аса үлкен жауапкершілікпен қарап, ұлы ақын бейнесін – «қазақ руханиятының төлтаңбасы» деп жоғары құрмет көрсетуіміз керек! Абай иісі қазақтың басты құндылығының бірі де бірегейі. Сөзімнің соңын да Ахмет Байтұрсынұлының ақын жайлы сөзімен аяқтауды жөн көрдім: «Абай тынысы – халық тынысы, Абай үні - халық үні.»
Той- тойға ұлассын!
Ерлан Шаяхметұлы