Алғаш рет 1938 жылы “Ленфильм” киностудиясында түсірілген “Амангелді” фильмі көгілдір экранға жол тартты. Кейіннен, 1972 жылы Сұлтан Қожықовтың толықметражды “Қыз Жібек” көркем фильмі өз көрермендерімен қауышты.
Міне, осылайша, отандық фильмдер бір арнада тоғысты. Қанша көрсеңіз де, көрерменін жалықтырмайтын бұл туындылар өз заманының алтын қазынасы. Өткен ғасырдағы кино туындылардан қазіргілері әлдеқайда басқа дәрежеде. Замнауи эффектілер киноға ерекше әсер береді, ал қазақилық пен заманауилылық қосылғанда мүлде бөлек картина жасалынып шығатыны бар.
Жалпы, өз басым әрдайым Отандық фильмдерді қолдаймын! Бірақ кей қазақ фильмдерін көрсем қарным ашады. Қазақстандағы киноиндустрияның бүгінгі күніне баға берер болсақ, ол әлі де біршама жаңғыруды талап ететін айтпаса да белгілі. Біздің киноға әлі де көптеген дүниелер жетіспейді деп ойлаймын. Басы әдемі басталып соңы түсініксіз бітеді. Қалай болғанын білмей дал боласың, әйтеуір көңілге қонымды үзінділерін қарайтынымыз жасырын емес.
Ал, шетелдің кинолары өзіндік бір туынды тіпті қайғылы аяқталса да немен біткенін айқын білесіз! Содан кейін ашық сахналы кинолар көбейіп бара жатыр, ұят қайда? Әрине, қазір ұяттың заманы емес дерсіздер бірақ шетелдің болымсыз дүниесіне еліктеп қажет емес сияқты. Біздің болмыс бөлек қой, ар мен ұят және намыс бірінші орында. Оның үстіне қазіргі таңда отбасымен отырып сериал қарауды ұмыттық.
Алда кішкентай бүлдіршіндер өсіп келе жатыр олар ұлттың болашағы дейміз өзіміз. Әрбірінің көріп өскені осындай теріс жолға жетелейтін жүрекке иман бермейтін дүние болса кімге сенім артамыз?! Әлеуметтік желілерде осындай ұяттан бездірер фильмдер қаптап шығып жатыр. Шыны керек желіде еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін отырады бүгінгі таңда.
Сондықтан кинорежиссерлердің құлақтарына алтын сырға, мейлінше тура жолдан адастырар фильм шығармасаңыздар екен деген ойым бар. Менікі әрине сын артып, кінә іздеу емес, тек құрметті режиссер мырзалар не ұсынып жатқандарыңызға көңіл бөлсеңіздер екен деймін бір уақыт. Отандық шоу-бизнес саласында кино өндірісіне қызығушылық танытқандар саны күн санап өсіп келеді. Қаржылық табыс көзі деп танылған болар, соңғы жылдарда кино түсірмейтін әнші бар ма екен біздің елімізде? Сапасы төмен фильмдердің үлкен экранға тосқауылсыз ағылып жатқан жағдайы көрермен талғамын жақсарта қоймайтыны анық.
Қазақ фильмін әлемге әйгілі еткен атақты кинорежиссер Шәкен Айманов ағамызға жетпесе де, жолын жалғап жатқандар да жоқ емес. Әрине, барлығына топырақ шаша алмаймыз. Күн сайын дамып, жыл сайын оңтайлы нәтижеге жетіп отырған отандық өнімдер де жеткілікті. Жақсыны жақсы дей отырайық! «Жаужүрек мың бала», «Аңшы бала», «Шал» және тағы да басқа фильмдердің қазақ көрермені үшін орны бөлек. Елімізде де, шетелде де лайықты бағасын алған туындылар бұлар...
Мәселен, «Алтыншы бекет» киносы. Шынайы оқиғаға негізделген әскери-патриоттық фильм 2010 жылы Маңғыстау облысындағы колониядан тұтқындардың қашып кету оқиғасын баяндайды. Фильм желісі бойынша бұрынғы достар Ерлан мен Дәурен қатаң тәртіптегі түрмеде бірі Отан алдындағы борышын, бірі жазасын өтеуші ретінде кездеседі.
Ал, «Аманат” фильмі Қазақтың соңғы әрі іpі көтеріліс ұйымдастырушы ханы Кенесары Қасымұлын зерттеген тарихшы Ермұхан Бекмаханов жайында. Зерттеуші тарих бұрмаланып, ерліктер сатқындық деп айыпталған кезеңде репрессияға ұшырайды. Кинотуындыда екі заман байланыстыра суреттеледі.
Естеріңізде болар, “Бекзат” көркем фильмі. Небәрі 20 жасында олимпиадада Қазақстанның көк туын желбіретіп, чемпион атанған боксшы Бекзат Саттархановтың өмірі мен ерен еңбегіне арналады. Чемпион 2000 жылы Сиднейде өткен олимпиададағы жеңісінен соң 3 айдан кейін қаза табады. “Ер есімі ел есінде”, ержүрек ұлын қазақ елі ұмытқан емес.
«Анаға апарар жол» фильмі жүректен-жүрекке жеткені де мәлім. Қазақ еліне Кеңес үкіметі орнаған тұста қарсы шыққандардың бәрі жазаланып, көндіге алмағандары жер аударып кетеді. Қиын-қыстау заманда анасы мен ұлы бір-бірінен ажыратылады. Ананың жалғыз арманы - баласын қайта көру. Алыста жүрсе де ата-тегін ұмытпаған Ілияс анаға апарар жол іздейді.
“Жаным менің” киносында қосылмаған ғашықтар хикаясы . Өмірде болған оқиға. Әйгілі Казгудың журналистика факультеті студенттерінің өмірінен сыр шертетін телесериал. 80-жылдардағы жастардың адал махаббаты мен шынайы достығы суреттеледі. Жоба жетекшісі Арман Сқабылұлы.
«Жаужүрек мың бала» тарихи фильмі ерекше рухты дүниенің бірі болды. Ақан Сатаевтың танымал туындысы жоңғар шапқыншылығы кезіндегі қазақ өмірін көрсетеді. Жастығына қарамастан елін, жерін жаудан қорғаған ержүрек ұл-қыздарымыздың батырлығы жайында сыр шертті.
Шетел көрерменіне арналған кейбір төл туындыларымыз жүлделі боп жатса, кейбірі үмітті ақтамай жатты. Шетел демекші, көптеген режиссерлер осы күні фильмдерінің тұсауын өз елімізде емес, шетелде кесуге тым әуес. Егер ұлттығымызды көрсететін фильм болса бір сәрі, кей фильмдерімізді қарап отырып, нағыз қазақ осындай ма еді деп күмәнданып қалатынымыз тағы бар. Қазаққа телміре отырып ішінен нағыз қазақты таппайтын кино қажет емес, қазаққа өзін айнадай көрсетер туындылар қажет! Болашақта мығым ел боламын десеңіздер бірінші экранымызы түзейік!
Аяулым Ақылжанқызы