USD476.01EUR490.15RUB7.81

Балалардың суға батуы жиілеп кетті – өз ақшасына жағажай салып жатқан семейлік спортшы

08 шілде 2022, 12:16
– Семей қаласында тұратын грек-рим күресінен жаттықтырушы Ержан Әмірханов ҚазАқпарат тілшісіне не себепті өз ақшасына жағажай салып жатқанын айтып берді.
Балалардың суға батуы жиілеп кетті – өз ақшасына жағажай салып жатқан семейлік спортшы

41 жастағы Ержан Әмірханов грек-рим күресінен шәкірт тәрбиелейді. Былтыр қалада жеткіншектің Ертіс өзеніне батып кеткенін естіген ол оқиғаның себеп-салдарына үңіле түскен.

«Өкінішке қарай, адамдар, оның ішінде балалар шомылуға рұқсат етілмеген жағажайларға барып, суға батып жатады. Себебі, Семейде суға түсуге ресми түрде тыйым салынбаған бірде-бір жағажай жоқ. Демек, халық амалсыздан сондай жерлерге барады. Жағажай салуға оқталуымның себебі осында», - дейді ол.

Осылайша, ол былтырдан бастап жұмысқа кіріскен. ҚР Төтенше жағдайлар министрінің атына хат жолдаған. Көп ұзамай аталған министрлік өкілдері хабарласып, көмектесуге әзір екендіктерін жеткізеді. «Олар қажетті техникалармен қамтамасыз етті. Жанар-жағар май мен басқа да шығындарды өзім көтердім. Шынын айтқанда, бұл қарапайым жаттықтырушы үшін аз ақша емес. Көлігімді сатып, несие де алдым», - дейді Ержан Әмірханов.

Жағажайдың жалпы аумағы – 2 гектар. Жаңа нысанда құтқарушылар мен медицина қызметкерлері кезекшілік атқарады. «Халық жағажайға еш ақысыз келіп, суға түседі. Волейбол, футбол алаңдары болады. Жыл сайын осында турнир өткізіп тұрамыз. Жағажайдың бір бөлігін алдағы күндері ресми түрде ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Себебі, қазірдің өзінде тұрғындар келіп, суға түсіп жатыр. Мәселен, кеше Семейде күн ыстық болғанда осында 500-ден астам адам келді», - дейді жаттықтырушы.

Оның айтуынша, алдағы уақытта жағажайда демалушылар қайық пен катамаранды жалға ала алатын болады. Балмұздақ және басқа да азық-түлік пен түрлі тауар сатылатын арнайы орын да ашылмақ. Айта кетейік, Ержан Әмірханов осыдан төрт жыл бұрын отқа оранған автобустан 48 адамды, оның ішінде 12 баланы құтқарып қалған. «Семей – Новосібір» бағытындағы автобуста түнгі сағат 3:20-да өрт шыққанда бәрі ұйықтап жатқан болатын. Оянып кеткен семейлік халықты тұрғызып, сыртқа алып шықты. Бейбіт күннің батыры жайлы тек қазақстандық емес, ресейлік БАҚ өкілдері де жазған-ды.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2022
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar