USD524.65EUR552.19RUB5.14

Бақытжан Байахметов Достық ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді

17 маусым 2022, 11:59
Ауылдық округте Достық және Шақаман кенттерінде бір жарым мыңнан астам адам тұрады. Округті дамытуға 3 жылда 611,3 млн.теңге бағытталды. Әкімдік ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Ауыл клубы жөнделіп, көше жарығы орнатылды.
Бақытжан Байахметов Достық ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді

Шақаман ауылындағы су құбырын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жұмысты орындау мерзімі – қыркүйек айының соңына дейін деп күтілуде.

Ахметов көшесін жарықтандыру үшін қаражат бөлінді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен конкурстық құжаттама дайындалуда және жақын күндері конкурс жариялау жоспарлануда. Сондай-ақ, шілде айынан бастап әкімдік ғимаратының шатырына ағымдағы жөндеу жұмыстары басталады. Сонымен қатар, спорттық-ойын алаңын орнатуға келісім-шарт жасалды.

«Округтің 2025 жылға дейінгі даму перспективасына 52,3 млн. теңге бөлу жоспарлануда. Шақаман ауылында балалар ойын және футбол алаңы орнатылады. Сондай-ақ, К.Ахметов көшесіне жарық орнату жоспарлануда», - деді қала әкімі.

Қала әкімінің есеп беру кездесуінде округ тұрғындары бірқатар мәселелерді көтерген еді. Олардың бірі - жазғы демалыс кезінде мектеп жанындағы шағын орталықтың жұмысын ұйымдастыру. Білім бөлімінің мәліметінше, 1 маусымнан бастап жазғы демалыс кезінде мектеп жанындағы шағын орталықтың жұмысы ұйымдастырылды. Бұл үйірмелерге көпбалалы отбасылардың балалары қатыса алады. 

Тұрғындар спорт секцияларын ұйымдастыру үшін мектеп ғимаратына бөлме бөлуді сұрады. Бұл мәселе де өз шешімін тапты. Сонымен қатар, мектеп жасындағы балалар мен ауыл жастары үшін спортзалға кіру мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Естеріңізге сала кетсек, тұрғындар спортпен айналысу үшін мектеп спортзалына кіруге рұқсат етілмегеніне шағымданған болатын.

Тұрғындар Шақаман ауылындағы мектептің 3-қабатының терезелерін ауыстыру бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұрады. Әкім  бұл мәселені қарастыруға дайын екендігін жеткізген болатын, бірақ, өкінішке орай, облыстық білім басқармасына нақтылауға бюджеттік өтінім берген кезде қаражат бөлінген жоқ.

Тұрғындар көтерген тағы бір мәселе - Шақаман ауылындағы рұқсат етілмеген қоқысты шығару мәселесін шешу болып табылады. Қазіргі уақытта жұмыстар жүргізілуде, облыстық мәслихат депутаттарының бірі арнайы техникамен көмек көрсетуде. 

Тұрғындар облыстық маңызы бар Семей – Курчатов тас жолынан Талды разъезіне дейінгі ұзындығы 7 км жол учаскесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұрады. Талды ауылына кіреберіс жолдарды ағымдағы жөндеуге 37 млн. теңгеге сметалық есеп бар. Алайда, жол сапасы орталығы сараптамасының оң қорытындысы жоқ.  

Тұрғындар Шақаман ауылының көшелерінде су құбырын жүргізу нәтижесінде пайда болған шұңқырларды толтыру мәселесі туралы айтты. Алайда мердігер «QazConstructions» ЖШС бұл мәселені әлі күнге дейін шешкен жоқ. Бүгінгі кездесуге олардың өкілдері келмеді. Ендігі кезекте, мекеме өкілдеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті тұрғындардың қатысуымен  кездесу керек.

Тұрғындардың айтуынша, округте мал дәрігері жетіспейді. Мамандар бұл мәселені алдағы уақытта зерттейді. Ауылдық округ әкімі  тарапынан интернет-байланысқа қосылған, компьютерлік техникамен жабдықталған қызметтік кабинет бөлінді. Жаппай ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды өткізу кезінде Ертіс ауылдық округінің ветеринариялық мамандары қатысады. Сондықтан бұл мәселе бақылауда және қосымша қарауды талап етеді.

Талды разъезін интернетпен қамтамасыз ету мәселесі де қосымша қарауды талап етеді. Осыған ұқсас мәселелер барлық шағын елді мекендерде бар.

Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ҚР Ұлттық экономика министрлігімен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, 2024 жылға дейін ұялы байланыспен және интернетке кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету үшін халқының саны 250 адамнан кем ауылдық елді мекендерге талдау жүргізуде.

Өткен кездесуде тұрғындар Бақытжан Байахметовтан мектеп үшін музыкалық аппаратура сатып алуға көмектесуді сұрады. Алайда мәселе әлі шешілген жоқ. Әкім орынбасарына және білім бөліміне 1 млн.200 мың теңге көлемінде қаражат іздестіруді және бұл мәселені 1 ай ішінде шешуді тапсырды.

Кездесуде тұрғындар өрт сөндіру машиналарының жоқтығына алаңдаушылық білдірілді. Мұндай мәселе басқа шалғай ауылдық округтерде де бар. Мәселені ішінара Алматыдан өрт сөндіру машиналарын жеткізу арқылы шешуге болады. Алматыдан 7 өрт сөндіру машинасын беру туралы алдын ала келісім бар.

Бақытжан Байахметов Шақаман ауылының дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Антыкбаева Айнұр Сериковнаны алғыс хатпен марапаттады.

Әкімнің жеке қабылдауында көпбалалы ана Ажар Анатольевна келді. Оның ұлы Нұрахмет Жақсылық Шәкәрім атындағы агро-техникалық колледжінде ақылы негізде оқиды. Ол оқу ақысын жылына 150 мың теңгеден 120 мың теңгеге дейін төмендетуді қалайды. Мәселе оң шешімін табады.

Жадыра Тәттімбетова тұрғын үй алу үшін кезекке тұра алмайды, оған тұрғын үй тіркелген. Сондықтан оны тұрғын үйді электронды кезекке қосу туралы шешім қабылдау мүмкін емес.

Мұрат Сүлейменов сүт фермасын ашқысы келеді. Өзінің шаруа қожалығы үшін жер телімін бөлуді сұрайды. Қала әкімі орынбасарына Семей қаласында өтініш берушіні қабылдауды және конкурстық рәсімдердің ережелерін түсіндіруді тапсырды.

Айнұр Тәттімбетова қала әкімінен өзінің 8 жасар ұлына медициналық тексеруден өтуге көмек беруді өтінді. Мәселе оң шешімін тапты.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar