Ұлттық ауқымдағы мереке мемлекеттің қалыптасуына қуатты серпін берген тарихи оқиғаны еске салады. Себебі, дәл осы күні 29 жыл бұрын қазақстандықтар алғаш рет бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде ел Президентін сайлағаны белгілі. Көреген әрі дана саясатының арқасында Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетті экономикалық өркендеуге алып келді, ұлттық келісімді, тарихи және мәдени дәстүрлерді сақтап қалды.
Жыл сайын Тұңғыш Президент күні қарсаңында елімізде салтанатты іс-шаралар өткізіліп, әлеуметтік және мәдени объектілер пайдалануға беріледі.
Шығыс Қазақстанда атаулы күн қарсаңында облыс әкімі Даниал Ахметов облыс орталығында көпбалалы отбасыларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ кезекте тұрғандарға 30 жаңа пәтердің кілтін табыс етті.
Атап айтар болсақ, Курчатов қаласында 14 көпбалалы ана жаңа пәтер кілтіне ие болды, әлеуметтік осал санаттағы тағы 16 отбасы Бесқарағай ауданында жаңа үйге қол жеткізді. Зайсан ауданында 36 көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлауда, олар үшін бір қабатты «Шығыс» бағдарламасы аясында үйлер салынды.
Мереке қарсаңында Жарма ауданы Жаңғызтөбе кентінің тұрғындары да қуанышқа кенелді. Онда ауыл клубы мен демалыс саябағы ашылды. Ал Тұңғыш Президент күніне орай Көкпекті ауданының тұрғындары үшін көптен күткен дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды.
Бұл мереке күні өңірде бірнеше спорт нысандары ашылды. Абай ауданында, Қарауыл ауылында хоккей корты іске қосылды, онда балалар тек хоккей ойнап қана қоймай, коньки тебе алады. Сондай-ақ, жақын арада пайдалануға берілген спорт мектебі жұмыс істей бастайды.
Аягөз ауданы Ақтоғай кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Сонымен қатар дәл осы күні Аягөз гарнизонының әскерилері мен отбасы мүшелеріне «Оңтүстік» жабық әскери қалашығындағы күрделі жөндеу жұмысынан өткен 60 пәтердің кілті салтанатты түрде табыс етілді.
Әскери қалашықтың көптеген тұрғынүй ғимараттарының іргетасы 70-90 жылдары қаланған, соңғы кездері күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесінде олардың келбеті жаңа кейіпке енді. 18 тұрғынүйдің 16-сы толық жөндеу жұмыстарынан өткен.
Бүгінде әскери қалашықта шамамен 1000-ға жуық бала оқитын жаңа мектеп, 200 орындық балабақша, әскери госпиталь, азық-түлік дүкендері және басқа да нысандар бар.
Спортпен шұғылдануға арналған спорт кешені бар. Әскери қызметшілердің балалары қоян-қолтық күресі, футбол, волейбол, таэквондо, джиу-джитсу және басқа да спорт түрлеріне қатысады. Мәдени-демалыс орталығында 6 мен 14 жас аралығындағы балаларға арналған би үйірмелері жұмыс істейді. Мектепте қосымша қолөнер мен музыканы дамытуға арналған шығармашылық үйірмелер, сондай-ақ спорт секциялары ұйымдастырылған.
Жарма ауданының Бірлік ауылында жаңа спорт алаңы ашылса, Ұлан ауданы Мамай Батыр ауылында жаңа көпірдің тұсауы кесілді.
Ал Катонқарағай ауданында 20 отбасы «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында, сондай-ақ қарыз алушылар есебінен салынған үйлердің кілттерін алды. Кіші Нарын және Майемер ауылдарында ауылдық клубтар, ал Үлкен Нарын ауылында Абай атындағы сквер ашылды.
Жарма ауданында кезекте тұрған 50 отбасы мерекеге орай жаңа пәтерлермен қамтамасыз етілді. Ал Бородулиха ауданында 4 көпбалалы отбасы баспаналы болды. Алтай ауданында тұратын 6 отбасы «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында салынған жаңа бір қабатты үйлерге қоныстанды.
Жалпы, биыл коронавирус пандемиясына қарамастан, Шығыс Қазақстанда Тұңғыш Президент күніне орай, Елбасы – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел алдындағы ерекше еңбегі мен жарқын істерін көрсете отырып, кеңінен атап өтілді.