Осы игі бастаманың аясында Үржар ауылында да аудандық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Ақпеков Мұхаметхан сынды азаматтың мұрындық болуымен және ауданның басқа да кәсіпкер азаматтарының қолдауымен «Үржарға көмек» атты қайырымдылық қоры құрылып, жиналған қаражатқа 20 млн теңгенің құрал-жабдықтары мен дәрі-дәрмектері ауруханаларға таратылды.
Сонымен қатар Үржар ауданынынан шыққан меценат, «Атамұра» корпорациясының президенті Рахымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммед Мақаншы ауданаралық ауруханасына 10 млн теңге көлеміндегі қаржыға оттегі концентраттарын, қорғаныш құралдарын сыйға тартып, 1 млн теңге қаражатты «Үржарға көмек» қорына аударды.
Үржардың тағы бір тумасы, кәсіпкер Құсман Шалабаев бұл бастамадан шет қалмай 1 млн теңге көлемінде өз демеушілігін көрсетті. Игі бастамаға ауданнан шыққан спортшылар да өз үлестерін қосуда. Атап айтқанда, еліміздің туын жықпай жүрген палуан Әсет Мәмбетов өзінің туған Алтыншоқы ауылына дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге қол үшын созған болатын.
Көлденең ауылындағы «Юбилейный» ЖШС серіктестігі тарыпынан Үржар ауылында орналасқан ауданаралық аурухананың провизорлық бөлімінде ем қабылдап жатқан азаматтардың денсаулағын көтеру мақсатында қомақты мөлшерде қымыз және ет өнімдері табыс етілді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген нақылды ту еткен ауданымыздың азаматтары «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» бағыты бойынша бүгінгі күнге 12 ауылдық округке, атап айтсақ: Үржар, Мақаншы, Алтыншоқы, Елтай, Жоғарғы Егінсу, Көкөзек, Қарақол, Таскескен, Бақты, Қабанбай, Қаратұма ауылдарында орналасқан медициналық мекемелерге жалпы сомасы 40 млн теңгеге жуық қаражаттың медициналық құрал-жабдықтары мен дәрі-дәрмектері табыс етілді. Сонымен бірге «Халықтан халыққа» қайырымдылық қоры да үржарлықтарға демеушілік көрсетіп, медициналық құрылғылар мен дәрі-дәрмектер түріндегі көмектерін жасап жатыр. Көңілі дархан, жүрегі жомарт азаматтарымыздың бұл бағыттағы жұмыстары өз жалғасын табуда. Қиын қыстау сәтте қол ұшын созған азаматтарымызға айтар алғысымыз шексіз! - дейді Үржар аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Елдос Бейсенов.