
Бұл туралы қала әкімі Жақсылық Омар әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
- Мұнда бірнеше жыл бойы қоғамдық көлік мәселесі өзекті болып тұрды. Жолдарға асфальттың төселмеуі автобустардың қозғалысына кедергі келтірді. Қазір Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020 бағдарламасының аясында ықшам ауданның 4 көшесінде асфальт жабынын төсеу жұмыстары қолға алынды. Бұл көшелердегі автобус бағыты бүкіл ауданды қамти алады, - дейді шаһар басшысы.
Бүгінде мердігер асфальттың жоғарғы қабатын төсеуді бастап кеткен екен. Қосымша тротуарлар мен аялдама алаңдарын жайластыру жұмыстары да жүргізілуде.
Аталмыш бағдарламаның аясында жүзеге асырылып жатқан екінші ірі жоба – көше жарығы жүйесі. Бірнеше жыл қатарынан тұрғындардан осы мәселеге қатысты көптеген шағымдар түскен еді. Қазан айының соңына дейін ықшам ауданның көшелерінде 100-ден аса шам орнатылады. Бүгінгі таңда 30 тірек бағаны орнатылып қойыпты.